Тоқаев дәрігерлер мен полицейлерге қосымша сыйақы беруді тапсырды
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жүргізіп жатқан мамандарға алғыс айтты. Сондай-ақ оларға бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беруді тапсырды.
«Денсаулық сақтау министрлігі жанында COVID-19-ды мониторингілеу және есепке алу бойынша жедел орталық жұмыс істейді, оған 21 наурызда барып, жағдаймен таныстым. Оның іркіліссіз және тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажет. Бүгінде біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полицейлер, өзге де мамандар алдыңғы шепте жұмыс істеп жатыр. Олар демалыстың не екенін білмейді. Отбасын сирек көреді. Тәуекелге бел буып отыр. Дегенмен, осыған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борышын толық орындап жатыр», – деді Президент.
Осы ретте Қазақстан Президенті коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Үкімет пен әкімдіктерге коронавируспен күрес жөніндегі шараларға жұмылдырылған дәрігерлер, полицейлерге және өзге де мамандарға бір жалақы көлемінде сыйақы төлеуге қосымша қаражат тауып, қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Айта кетейік, біз бұған дейін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтылған проблемаларды жазған болатынбыз.
"Айқын" ақпарат