2018 жылы зейнеткерлердің БЖЗҚ-дан алатын ең төменгі зейнетақы көлемі
Заңнамаға сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемі 2012 жылы Үкіметтің қаулысымен бекітілген әдістемеге сәйкес есептелінетін зейнетақы төлемінің 1/12 жылдық сомасы ретінде анықталады. «Ағымдағы жылы БЖЗҚ-ның салымшыларына ай сайын төленетін ең төменгі сома 15 274 теңгені құрайды. Бұл цифр заңмен бекітілген нормаға сәйкес алынып отыр. Яғни, төлем көлемі ең төменгі күнкөрістен 54 пайызға төмен болмауы тиіс. Мұндай ақшаны БЗЖҚ-дан төлем алуға құқылы қазақстандықтардың негізгі бөлігі алады. Олар зейнеткерлікке шықан кездегі жинақтары 900 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі соманы құрайтын адамдар. Олардың саны 62 мың адам. 2 млн теңгеден астам жинағы бар 7 мыңнан астам адам БЖЗҚ-дан ай сайын 15274 теңге алып отырады», - деді «БЖЗҚ» АҚ-ның басқарушы директоры Жанар Төлегенова. Сонымен қатар оның айтуынша, 2017 жылы зейнетақы аннуитеті аясында сақтандыру компанияларына 2784 адам үшін 26,7 млрд теңге аударылды. «15274 теңге сомасы - бұл қазақстандықтар алатын зейнетақының 1/3 бөлігі ғана. 2/3 зейнетақыны мемлекет төлейтін базалық және ынтымақты зейнетақы құрайды. 2040 жылға қарай зейнеткерлікке шығатындар ынтымақты зейнетақы алмайды. Өйткені, ол 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен байланысты. Тек базалық зейнетақы мен БЖЗҚ төлемдері ғана қалады. Сондықтан жас қазақстандықтар қазірден бастап ертеңгі күнін ойлап, зейнетақы төлемдерін аударып отырғандары дұрыс», - деді «БЖЗҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева. Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 =404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.