Кімдерге коронавирусқа қарсы тест жасалады?
Жедел жәрдем қызметкерлері, вирус жұқтыру қаупі бар адамдар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жедел тестілеуден өтеді
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусты анықтауға арналған жедел тест кімге жасалатынын айтты.
Ол коронавирусты анықтаудың негізгі әдісі полимеразды тізбек реакция диагностикасы екенін атап өтті.
"Менің қаулыммен жедел тестілеуден өтетін азаматтардың санаты белгіленді. Олар - жедел жәрдем қызметкерлері, өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен ауруханаға жатқызылмағандар, науқастармен байланыста болған, вирус жұқтыру қаупі бар адамдар, ел аумағына автокөлік өткелі және теміржол арқылы кіргендер, сонымен қатар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері", - деді Есмағамбетова онлайн брифингте.
Айтуынша, бүгінде Қазақстанға 96 мың тест жеткізілген. Жедел тестілеу Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүргізіледі.
Орта есеппен тәулігіне 500-ден 1000 тестке дейін өткізу жоспарланып отыр.