Коронавирус: Шиелідегі 13 науқас індетті отбасылық кештен жұқтырған
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 54 адамға жеткені белгілі. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 17 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 54 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 17 жағдай анықталды. Оның 13 – Шиелі ауданының ауданының тұрғындары. Олар – алдында анықталған науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар. Осы оқиғаға байланысты Шиелі ауданындағы бір ауыл түгел карантинге жабылды. Ал, 3 жағдай – Қызылорда қаласында, 1 науқас – Сырдария ауданында анықталып отыр. Қызылорда қаласында анықталған бір науқас Ақтау қаласынан вахтадан келуіне байланысты стационарлық карантинге жатқызылған болатын. Ал, Сырдария ауданындағы жағдай Нұр-Сұлтан қаласынан келген адамнан анықталды. Ол ЖРВИ симптомдары бар болуына байланысты провизорлық стационарға бақылауға алынған еді. Қаладағы қалған 2 науқас – осы инфекцияны алдында жұқтырғандармен байланыста болғандар», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 54 адам, правизорлық стационарда – 35, карантинде – 309 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 54 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 844. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 326, потенциалды байланыста болғандар – 518 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.
Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен 4 адам келген. Барлығы үй жағдайында бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.
Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 120 адам келген. Оның үшеуі – стационарға оқшауланса, 117 – үй карантиніне алынған.
Жалпы, өңірде коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар санының күрт көбеюіне – облыс тұрғындарының карантин тәртібін сақтамауы себеп болып отырғанын кеше жазған болатынбыз. Олар жасалған ескертулерге қарамастан әлі күнге дейін жиындарға баруды, отбасылық басқосуларды тоқтатпай, керісінше, үдете түскен. Оқшаулану тәртібіне мүлдем құлақ аспаған. Нәтижесінде, өңірде ең алғашқы коронавирустық инфекция анықталған адамнан сол отбасының 21 мүшесіне қауіпті індет жұғып үлгерген. 5 сәуірдегі жағдай бойынша Шиелі ауданындағы 6 науқас – бір үйдің адамы екендігі анықталып отыр. Кешегі жағдай да – Шиелідегі сол оқиғаның жалғасы болып шықты.
«Облысымызда коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны күн сайын өсуі – тұрғындардың карантин талаптарын сақтамуынан болып отыр. Медицина қызметкерлері 24 сағат бойы осы аурудың алдын алуға тырысқанымен, оған облыс тұрғындары түсінісітік танытпай отыр. Мәселен, кеше кешке анықталған Шиелі ауданындағы науқастардың барлығы – отбасылық кешке қатысқан. Қауіпті індетті сол кеште жұқтырған», – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысы кешегі брифингте мәлімдегендей, облыстағы үй карантинінде отырған тұрғындардың өзі оқшаулау тәртібі мен талаптарын мүлдем сақтамай отырған көрінеді.
«Еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері бекіткен қаулыда үй жағдайында карантинге алынғандарға қойылатын талаптар толық көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда. олар үйлерінен шықпауы, ешкіммен араласпаулары керек. Қаулыда көрсетілгендей, олар үй жағдайындағы карантин талаптары жазылған қолхатпен танысып, оған қол қояды. Бірақ, оны елеп жатқан тұрғындар жоқ», – Жақсылық Әбілқасымұлы.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов әр брифинг сайын облыс тұрғындарын карантин талаптары мен ережелерін, тәртібін сақтауға шақырып, дабыл қағады.
«Сонда ғана бұл қауіпті індетті жеңеміз, тұрғындар аман қалады», – дейді ол.
Ал, оны тыңдап, ескеріп жатқан қызылордалықтар жоқ…