Қызылорда облысында індет жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған 1746 тұрғын бар
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 214 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан жағдай анықталған жоқ», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 214 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3242. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1746, потенциалды байланыста болғандар – 1496 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 76, правизорлық стационарда – 24, карантиндік стационарда – 402 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 70 тест сынамасы жасалыпты.
«Соңғы тәулікте 70 тест сынамасы жасалды. Оның 60 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 10 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 5392 тест сынамасының қоры қалды. Мереке күндері осы ПТР аппараттары техникалық қызмет көрсетуге қойылған болатын. Бүгіннен бастап қайтадан күнделікті жоспар бойынша іске қосылатын болады», – деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы облысымызда бүгіннен бастап карантин талаптарын жеңілдетудің келесі кезеңі басталғанын мәлімдеді.
«Облысымызда бүгіннен бастап карантин талаптарын жеңілдетудің екінші кезеңі басталды. Бұл дегеніміз – тұрғындар арасындағы қарым-қатынас көбейеді деген сөз. Сондықтан, карантин талаптарын сақтап, қоғамдық орындар мен жұмыста, отбасында жұғуға жол бермеуге баса назар аударған жөн», – деді Ж. Әбілқасымұлы.
Айта кетейік, кеше Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 214 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.