Денсаулық сақтау министрі өкпені тексертудің арзан жолын атады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өкпеге компьютерлік томография жасатқысы келетіндердің көбейгенін мәлімдеді.
Министр пневмонияны цифрлық рентген-аппарат арқылы да анықтауға болатынын айтты.
Елімізде өкпеге компьютерлік томография жасату үшін ұзын-сонар кезек байқалады. Бүгінде республикада 135 томограф жұмыс істейді.
"Пневмонияны цифрлық ренгтен-аппараттың көмегімен де анықтауға болады. Ол қолжетімді әрі бағасы да арзан. Диагностиканың бұл әдісі коронавирусты анықтау мен емдеудің клиникалық хаттамасына енгізіледі", - деді Цой онлайн брифингте.
Сонымен қатар, ол ауруханалардағы төсек-орын қорына да тоқталды.
Айтуынша, бүгінде еліміздегі стационарларда төсек-орынның 60%-ке жуығы бос емес, ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 90%-ке дейін жетеді.
Коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орын дайындалды.
"Тамыз айының соңына дейін стационарларда қосымша он мың төсек-орын ашу жоспарланып отыр. Олардың құрылымында жансақтау бөлімдері және жасанды тыныс алдырту аппараттары бар интенсивті терапия палаталары болады", - деді министр.
Цойдың ақпаратынша, қазір республикадағы ауруханаларда 3 294 дана жасанды тыныс алдырту аппараты істеп тұр. Қосымша тағы бір мыңға жуық аппарат сатып алу жоспарланған.