Діни басқарма жаназа мен ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемия кезінде жаназа мен құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маусым айының 18-і күні COVID-19 індеті кезінде жаназа және ас өткізуге қатысты өз мәлімдемесін жариялаған болатын. Бүгінде індеттің күшеюіне байланысты осы мәлімдемені қайтадан дайындап, жариялап отырмыз", - деді наиб мүфти Ершат Оңғаров бүгінгі онлайн брифингте.
Жаназа намазына қатысты талаптар:
- Жаназа намазына бір ғана діни қызметкер қатысуы;
- Жаназа намазында тек отбасы және жақын тумаларының ғана болуы;
- Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауы;
- Дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауы;
- Жаназа намазына келуші адамның санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) міндетті түрде сақтауы;
- Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;
- Жаназа намазында қол алысып амандаспау;
- Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;
- Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;
- Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалардың жаназа намаздарына қатыспауы;
- Қонақ асын өткізбеу.
Құдайы асқа (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:
- Астарды өткізбеу немесе жақын туған-туыспен ғана шектелу керек;
- Бір ғана діни қызметкердің қатысуы;
- Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.