COVID-19: Аяғы ауыр ана қалай емделеді?
Осы күнге дейін тұрғындар вирустың бар-жоғына күмәнмен қарап келсе, қазір қоғамдық орында бір-біріне қауіптене қарайтын болған. Жасыңа да, жағдайыңа да қарамастан сұлатып түсіретін аурумен күресу былайғы адамға қарағанда аяғы ауыр ана үшін тіпті қиын. Көпшілік аурудан алыстан үркіп жүргенде, құрсағындағы сәби үшін алаңдайтын ананың жай-күйін сіз бен біздің толық түсінбейтініміз анық. Дегенмен осы аптада облыстық «Ана мен бала» орталығына хабарласып, жағдайдың жай-жапсарын білуге тырыстық.
Бүгінде облыстық перинаталды орталықта күніне орта есеппен 30 нәресте дүниеге келеді. Бұл жерде шамамен 650-ге жуық қызметкер күндіз-түні ана мен баланың денсаулығына жауапты. Ал төтенше жағдайға байланысты қалалық перзентхана провизорлық стоционар ретінде қызмет көрсетуде. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір Covid-19 инфекциясын 65 жүкті әйел жұқтырған, соның ішінде 51 әйел аман-есен босанған екен. Алайда тест сынамасы оң нәтиже көрсеткен анасы толық жазылғанша сәби «Ана мен бала» орталығында оқшауланады. Сол үшін бірінші ғимаратта арнайы «Нәрестелер патологиясы» бөлімшесі ашылып, жауапты мамандар бекітілген.
Гүльвира Асылбекқызы, «Ана мен бала» орталығының дәрігері, бірінші санатты акушер-гинеколог:
‒ Қазір «Ана мен бала» орталығында қатаң карантин тәртібін сақтай отырып, толық маскалық режиммен жұмыс істеудеміз. Өздеріңізге белгілі, жыл өткен сайын босану көрсеткіші артып келеді, сол себепті пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалды. Соған қарамастан екі есе жүктемемен жұмысты жалғастырудамыз.
Пандемия кезінде аяғы ауыр әйелдерге үйде болуға, көп адам жиналған ортаға бармауға, маска киіп жүруге, гигиеналық шараларды қатаң сақтауға кеңес берудеміз. Егер жүкті әйел дене қызуы көтерілсе, әлсіздік, жөтел пайда болса сол мезетте-ақ аймақтық дәрігермен хабарласу керек, өйткені мұндай жағдайда үйде емделуге болмайды. Ал инфекция жұқтыру жағдайы анализ арқылы анықталса, алдымен аурудың деңгейін білу керек. Дәрігер соған байланысты тиісті ем қабылдайды. Егер аурудың клиникасы анықталмаса, ұзақ уақыт бақылауда болады. Зерттеу қорытындысы бойынша құрсақ ішілік балаға вирус жұқпайды делінген, бірақ бұл болжам әлі нақтыланған жоқ.
Аяғы ауыр әйел Covid-19 вирусын жұқтырған күйде босанса, сәбиден де анализ алынады және анализ қорытындысы келгенше нәрестені бөлек оқшаулайды. Вирус жұқтырған әйелдер арнайы провизорлық стационарда босанып, тиісті ем-шаралар қабылдайды.
Сондықтан жас әрі болашақ аналар уақытылы тамақтанып, ағзаға күтіммен қарағаны жөн. Жеміс-жидек, көкіністер күнделікті тамақ рационында болғаны дұрыс. Мүмкін болса, қимыл-қозғалысты шектемеу қажет, бұл құрсақтағы бала үшін пайдалы, ‒ дейді дәрігер.
«Ана мен бала» орталығындағы маман пікірін білген соң, жақында ғана бөбегін қолына алған әріптесіміз Гүлбану Үсенқызына хабарластық. Төтенше жағдай кезінде сәл суықтап ауырып қалған аяғы ауыр ана баласы үшін алаңдағанын, дәл қазіргі уақыт жүкті әйелдер үшін жеңіл болмасын жеткізді.
‒ Алғаш төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген уақыттан бастап емханадағы жауапты дәрігер емханаға келмеуімді, үйден шықпауымды ескертті. WhatsApp қосымшасында жүкті әйелдер үшін арнайы топ ашылған екен. Сол жерде аяғы ауыр әйелдердің құжаттары рәсімделіп отырды. Екі ай бойы ешқандай анализ тапсырмадық, емханаға да бармадық. Оның үстіне КБИ мөлтек ауданындағы №6 емхана алғаш коронавирус тіркелген ошақтың бірі болған соң қорыққаным рас.
Жалпы жүкті әйелдер үшін босануға дейінгі амбулаториялық бақылау мықты болу керек. Әйел вирус жұқтырса қалай емдейді, қалай бақылайды, баласының амандығына кім жауапты? Мерзімінен бұрын босандыра ма? Мені босану уақытым жақындаған сайын осындай сұрақтар мазалады. Қарапайым тұмаудың өзі құрсақтағы балаға зиянын тигізеді. Оның қасында бұл вирустың қауіпті екені айтпаса да түсінікті ғой. Емханадағы жауапты гинеколог-дәрігер бұл сұрақтарға жауап бермек түгілі вируспен күресуге өзінің де дайын емесін аңғартты. Бізден «жүкті әйелдер көп, үлгермей жатырмын» деп кешірім сұрады. Емханадағы бақылаудың дұрыс болмауының салдары ғой, перзентханадағы босану бөлмесінде әйелдердің алмасу картасына түспеген кейбір мәліметтерді емханаға хабарласып сұрап жатты.
Ал перзентханада босанғанға дейінгі және кейінгі уақытта ананың да, баланың да күтімі жолға қойылған. Жауапты акушер мен педиатр кезек-кезек келіп бақылайды. Денсаулығыңда кінәрат бола қалса, арнайы ультрадыбыстық зерттеуге апарады.
Бір өкініштісі, жүкті әйелдер үшін алдын-ала Covid-19 вирусынан сақтану шаралары жөнінде психологиялық дайындық жүргізілмеді. Тұмауға ұқсас аурумен ауырғанда құрсағымдағы бала үшін алаңдап, тест тапсырып емделдім. Емхананың уақытылы тест тауып беруі де қиын болды. Он төрт күннен соң қайта тест тапсырғанда оң нәтиже көрсетті. Алайда қазір босандым. Балам жанымда, екеуміздің де денсаулығымыз қалыпты, ‒ дейді Г.Үсенқызы.
Осыдан соң вирус жұқтырған аналардың жағдайын білу үшін провизорлық стационар болып есептелетін қалалық перзентханаға хабарластық. Ол жақтағы мамандардың айтуынша, аяғы ауыр әйелдерден ауру белгілері байқалса да, дүниеге келген нәрестеге ешқандай зияны тимеген.
Ақмарал Жанәбіл, қалалық перзентхана дәрігері, акушер-гинеколог:
‒ Бұл вирус осы кезге дейін беймәлім болған соң зерттеулер әлі де жүргізілуде және күн сайын клиникалық хаттамаларға өзгерістер мен жаңартулар енгізілуде. Егер аяғы ауыр әйел вирус жұқтырса “Коронавирустық инфекция” клиникалық хаттамасына сәйкес ем жүргізіледі. Оны инфекционист-дәрігер мен акушер-гинеколог дәрігер бірлесіп отырып бақылайды және емдейді. Жүктілік кезіндегі көрсеткіш бойынша, дәрігер тағайындауымен ғана дәрі-дәрмек қабылдау қажет. Вирус ана құрсағындағы сәби үшін қаншалықты қауіпті екеніне жауап беру өте қиын. Қуанышқа орай осы күнге дейін вирус жұқтырған анадан дені сау нәрестелер дүниеге келуде.
Аяғы ауыр анадан Covid-19 белгілері білінсе, мерзімінен бұрын босандыру сұрағы тек қана вирус үшін қойылмайды. Босанар алдында әйелден баласын бөліп алу туралы алдын-ала келісім алынады. Келісім берген жағдайда, нәресте анасынан бірден ажыратылып, бала дәрігерге беріледі және анасы толық айыққанша сол кісілердің бақылауында болады. Анасы сол уақыт аралығында сүт бездерін сауып отырады, ал нәрестеге арнайы қоспа беріледі. Ал анасы жазылып, нәрестесін қайта қолға алған кезде әрі қарай ана сүтімен қоректендіре береді. Қазір перзентханада коронавирус инфекциясымен босанған, одан соң 14-21 күн аралығында жазылып, нәрестесімен бірге үйіне шыққан аналар аз емес.
Мамандар пікірінен, ананың ойынан ұққанымыз перзентханадағы жағдай тұрақты. Ана мен баланың денсаулығына дәрігер де, аяғы ауыр әйел де бірдей жауапты. Қандай жағдай болмасын екі тараптың да сақтық шараларына салғырт қарауына болмайды. Енді емханадағы бақылау күшейе түссе, жас аналардың қорқынышы азайып, қуанышы көбейер еді...
Гүлдана Нұртайқызы