» » » АТА ЗАҢ -АЙБЫНДЫ ҚОРҒАНЫМЫЗ

АТА ЗАҢ -АЙБЫНДЫ ҚОРҒАНЫМЫЗ


Б
ІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Қожантаев Әділет Серікұлы 1990 жылы 15 желтоқсанда  Жаңақорған ауданында дүниеге келген. №163 және №120 мектептерде орта білім алған. Қызылорда гуманитарлық заң колледжінде, кейін «Болашақ» университетінде заңгер мамандығын бітірген. Қостанай қаласындағы №6696 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеген. Шені қатардағы атқыш. Еңбек жолын облыстық Әділет департаментінде инспектор болып бастаған. Арманы– “Болашақ” бағдарламасымен білім алу. Ұнататын автокөлік маркасы: Toyota. Хоббиі: әдеби кітаптар оқу.Отбасылы. Жары  Таңшолпан Кәдірханқызымен бірге  Раяна, Әлихан есімді екі перзент тәрбиелеп отыр.

Әділет ҚОЖАНТАЕВ, Қазалы аудандық Әділет басқармасының бас маманы:


- Атыңызды Әділет деп кім қойған?
-Атымды әжем қойды. Ол кісілер еліміз тәуелсіздік алғанға дейін әділетсіздікті көп көрді. деп жүргенде мен дүниеге келдім. Қоғамдағы түрлі жайттарға күйініп, “қашан әділеттілік орнайды деп мұңайған сәттері көп болыпты. Үлкендеріміз балаға ат қоюға ерекше мән берген ғой. Олардың елде тыныштық болсын, әділдік болсын деген тілегі менің есімімде тұр. Артынша мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Егемендікпен бірге әділдік те жетті, Әділет те дүниеге келді (күліп).
-Конституция күнін мерекелеудің маңызы неде?
-Конституция - біздің ата заңымыз. Әр ел тәуелсіздік алған соң өз Конституциясын қабылдайды. Ата заң – біздің мемлекетіміздің басты құжаты. Тәуелсіздігімізді, өзгелермен тереземіз тең, іргеміз берік, зайырлы, құқықты мемлекет екенімізді айқындайтын бас құжат. Маңызды заң.  Конституция шеңберінде елдің ең маңызды, тарихи оқиғалары реттеледі.  Ата заңымыздың құндылығын әрбір азамат терең сезіну керек. Конституция қабылданған күнді дүйім ел болып жоғарғы дәрежеде  мерекелеу қажет.
-Бүгінгі қоғамның басты тақырыбы – жемқорлық. Айтыңызшы, бұл мәселе әлі күнге дейін не үшін толық шешімін таппай келеді? Заң солқылдақ па, әлде халыққа осы қолайлы ма?
-Жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кері әсерін фактор. Біздің мемлекетіміз де бұл дертпен күресуді ұдайы жалғастырып келеді.   Жемқорлыққа қарсы қолданыстағы заңдар жыл өткен сайын жаңартылып отырады. Заң солқылдақ деп ойламаймын. Менің ойымша жемқорлықты жоюды бір заңға ғана ысырып қою қате пікір. Жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу үшін қоғам болып қызмет істеу керек. Еліміздің әрбір азаматты, әсіресі жастар өзінің құқықтарын, елдегі қабылданып жатқан жаңа заңдарды білуі тиіс. Басқалардың да құқығы бұзылмау үшін бәрін заңмен істесе, жемқорлықтың алдын алуға болады.
-Қазіргі таңда xалық құқықтық тұрғыдан күнделікті өмірде қаншалықты белсенді?
-Бүгінде заңды білмейтіндер аз. Халық арасында құқықтық құжатын сауатты толтыратындар күннен-күнге көбейіп келеді. ХХІ ғасырда әрбір жеке тұлға өзінің құқықтары мен бостандықтарын жоғары деңгейде білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі дамыған қоғамда заң білмеу көп қателікке ұрындырады. Біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз бұл біздің -Конституциямыз. Сондықтан бізді қорғайтын Ата заң бар да әркез еңсеміз биік, жолымыз ашық.
-Заңды белінен басып жүргендерді Тәуке ханның  «Жеті жарғысы» секілді дала конституциясындай қатаң шара қолданып жазалау керек секілді. Сіз әділетсіздікпен қалай күресер едіңіз?
-Дамыған елдерде заңды бұзғандарға қатаң жаза қолданады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дегендей, әрбір тәуелсіз, зайырлы, құқықтық, егемен мемлекетке темірдей тәртіп керек. Сондықтан тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін әділ, қатаң шара ауадай қажет. Бірі жазаланған соң екіншісі сабақ алары анық. Германия мемлекетінде қажет заттарға онлайн тапсырыс берсеңіз, әкеліп есігіңіздің алдына қоып кетеді. Артық ақшаңызды да қалдырады. Ол заттарды, ақшаны басқа ешкім алмайды. Бұл елдің азаматтары яғни қоғам өздерін тәртіпке тәрбиелеген.
-Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін не істеуге болады?
-Заңдарды оқыту қажет. Бәрін заңгер қылып шығармасақта олардың бір уақыт құқықтық сауат ашуына жағдай жасаған дұрыс. Қай мамандықты меңгеріп, қай салаға барса да заңды білмеу жеңіліске ұшыратады. Жастар құқықтық тұрғыдан сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу болу үшін еліміздегі орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарының білім беру сапасын барынша жетілдіру қажет. Заманға сай zakon.kz сайтын қарап өзіне қажет жаңмен толық танысып шығуға болады. Сайтта заңды шығарып алу, көшіріп алу жолдары да бар. Сондықтан еліміздегі барлық заң әрбір азаматқа қол жетімді.
-Замандастарыңыздың қандай өзекті мәселесіне жаныңыз ауырады?
-Ең бастысы мәселе -жұмыссыздық.  Дипломы бар,  жұмысы жоқ жастарды көп байқаймын. Әрекетке қабілетті жастардың жұмыссыздығы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан дипломы бар жастарды бірінші кезекте жұмыспен қамту қажет. Жұмыссыздық неден туындайды? Мәселені зерттеп, талдап, қорытындысымен жұмыс істеу керек. Белгілі бір мамандықты меңгерген жастың “екі қолға бір күрек” таппауы жақсы емес. Осындай жастар мен жұмыс берушілер арасында тікелей диалог ұйымдастырса, бос орындар болмас еді.
-Жұмыста қателік жіберсеңіз, ең бірінші қандай әрекет жасар едіңіз?
-Жіберген қателігімді тез арада қалпына келтіруге әрекет жасаймын. “Жұмыс істеген адам ғана қателеседі” деген сөз бар ғой, сондықтан жұмыс барысында қателіктер кетіп жатады. Кейде тапсырмалар бірінен соң бірі келіп қайсысын бірінші орындарымызды білмей қаламыз. Әрине қай істі болмасын, мұқият орындауға тырысамыз.Қателік жіберсем, қай жерден қателестім деп бірінші өзім саралаймын. Үлгерсем дереу түзетіп қоямын. Өмірде түзету мүмкін емес қателік жасаудан, Алла сақтасын.
-Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
-Мүмкіндік болса достарыммен кездесіп, домбыра тартып, гитарамен ән салып, бір-біріміздің жаңалықтарымызды айтып, шүйіркелескен ұнайды. Ауыл шетіне шығып балық аулауға уақыт табуға тырысамын. Балаларыма уақыт бөліп, олармен бірге сабақ дайындап, бірге ойнап уақытымды тиімді өткізуге тырысамын.
-Соңғы оқыған кітабыныңыз?
-Соңғы оқып бітірген кітабым Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты кітабы.
Отбасыңызда заңгерлер бар ма?
-Әкем Серік Ержанұлы –теміржолшы, анам Фарида Байсынқызы да – темір жол саласында. Әпкем Әйгерім Серікқызы бала күтімімен үйде отыр. Інім Нұрдәулет ата-анамыздың әріптесі. Екінші інім Ердәулет жұмыссыз. Байқағаныңыздай заңгерлер жоқ. Менің мамандық таңдауыма ата-анам қарсылық танытқан емес. Шынымды айтсам теміржолшы болғым келмеді. Білікті заңгер көмегі қазір кез келген адамға қажет болуы мүмкін.
 -Алға қойған мақсатыңыз қандай?
-Арман да, мақсат та  көп. Басты мақсатым - жақсы әке болу. Балаларыма саналы тәрбие, сапалы білім беру. Жақсы жар болу. Себебі қазір отбасының алдындағы, жарының алдындағы жауапкершілікке ат үсті қарайтын азаматтар көбейді. Асыл жар, абзал әке ретінде барлық міндеттерімді орындасам деймін. Әрине маман ретінде елдің болашағы үшін аянбай Отанымның гүлденуіне қызмет ету тағы бар.
-Мақсатыңызға жетіңіз! Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН
31 тамыз 2019 ж. 1 436 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930