Жақсы адам болу үшін депутат болудың қажеті шамалы, ал депутат міндетті түрде жақсы болу керек
Баршаңызға белгілі, 12 тамызда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді.
Биыл сайланатын депутаттар 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының орнын басады.
Биыл сайланатын депутаттар 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының орнын басады.
Баршаңызға белгілі, 12 тамызда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Биыл сайланатын депутаттар 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының орнын басады.
Жалпы Сенат – қос палатадан құралған Парламенттің жоғарғы палатасы. Сол жоғары орынға жайғасатындарды сайлауда халық тікелей атсалыспайды. ҚР Конституциясына сәйкес, Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ҚР астанасынан 2 адам өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Депутаттардың өкiлеттiк мерзiмi 6 жыл болып бекітілген.
– 2017 жылғы 28 маусымда ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті. Сол сайлауда жеңіске жетіп, Сенаттық өкілеттілігім 2023 жылғы дейін ұзарды. Ал биылғы сайлау Қызылорда облысынан 2014 жылы сайланған сенатор Бекмырза Қайыпұлының зейнеттік жасқа шығуына байланысты орнына лайықты кандидатты тағайындау мақсатында ұйымдастырылуда. Негізінде депутаттардың 34-ін мәслихат депутаттары сайлайды, қалған 15-ін Президент өзі тағайындайды, – деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Соңғы деректер бойынша Сенат сайлауына кандитат ретінде республика бойынша 96 кандидат тіркелген. Олардың ішіндегі ең жасы – 30-да болса, ең үлкені – 60-та екен. Осы тұста Сенат депутаттығына кандидат болу үшін қандай талап қойылады деген заңды сауал туындайды. Жауап іздеп көрейік.
Сайлау заңына сәйкес Сенат депутатына кандидаттарды мәслихат депутаттары ұсынады дедік. Сонымен қатар азаматтардың өзін-өзі ұсынуына да құқығы бар. Ол үшін ҚР Конституциясы мен «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілген талапқа сай болу қажет. Бұл – 30 жасқа толған, жоғары білімді, Қазақстанда соңғы 10 жылда тұрақты тұрған, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар, өзінің аймағында, облысында немесе қаласында соңғы 3 жылда тұрақты тұрып жатқан еліміздің әрбір азаматы өзін-өзі ұсыну құқығымен Парламент Сенатына өз кандидатурасын ұсына алады.
– Осы уақытқа дейін облыстық сайлау комиссиясына 5 кандидат өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға қатысуға өтініш берді. Облыстық сайлау комиссиясы кандидаттардың ҚР Конституциясы мен сайлау заңнамасының талабына сәйкестігін тексеріп, талапқа сай келетіні анықталды. Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихат депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына, яғни кемінде 15 депутаттың қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдауды куәландыру үшін мәслихат депутатының тиісті қол санын жинау үшін кандидаттарға қол қою парақтары беріліп, олардың қол жинауды іске асыратын сенім білдірілген адамына тиісті куәліктер тапсырылды, – деді Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймұрзаев.
Байқағаныңыздай, «Сенатор» мандатын иеленуге көпшілік талпынады. Барын салып, бағын сынайды. Жалпы Сенатор болудың маңызы неде? Оның басты қызметі қандай? Дамыған АҚШ сияқты елдерде Сенатордың күші Президенттікімен пара-пар. Мысалы, «сұрақтарға сағат» деп аталатын тәртіппен Ұлыбританияда Парламенттің әрбір отырысында министрлер мен өкіметтің басқа да мүшелері ауызекі немесе жазбаша түрде депутаттардың әртүрлі сауалына жауап береді. Бұл жауаптар көпшілік жұртшылыққа жарияланады. Сөйтіп жоғарғы дәрежелі шенеуніктердің өзіне лайықты имиджі қалыптасады. Ал біздегі Парламенттің ең басты қызметі – заңдарды қабылдау, түзету.
– Президент дайындаған заңын Сенат тоқтата алатын болса, онда халықтың назары Сенатта болады. Сенат не айтар екен деп басын соларға бұрады. Белгілі бір органның, Парламенттің берілген құзыреті болу керек. Біздің Сенатта ондай құзырет жоқ. Оның үстіне сайлау да жанама болып отырады, жанама сайлауда аудандағы 12-13 депутат «сайлайды». Ал оны халық білмейді, – дейді саясаткер Дос Көшім.
Сенатта 49 депутат бар дедік. Олардың басым көпшілігінің жасы 60-тан асқан. Көпшілік әдетте жоғары палатадағылардың жасының үлкендігін сынап жатады. «Өңкей ақсақалдар отырып алып не шешеді?» деген халық арасында Сенатқа деген сенімсіздік те бар екені жасырын емес. Негізінде Сенат сөзі – «латынша senatus, senex – кәрі, қария» сөзінен шыққан. Сондықтан билік ел басқару ісіне тәжірибесі мол, көзі қарақты азаматтың отырғанын жөн санайды. Дегенмен бұл көрсеткіш бізде шамадан асып кеткен сияқты. Мәселен, Сенатта 60-69 жас аралығында – 25 депутат, 50-59 жас аралығында – 15 депутат бар. Бұл көрсеткішке қарап, бұрынғы қалыптасқан жүйеден әл-әзір арыламыз деу қиын. Осы тұста басшылығымен, іскерлігімен, жаңашылдығымен көзге көрініп жүрген азаматтар ел ісіне араласса игі бастама болар еді. Осыдан бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатов «депутат қандай болу керек?» деген сұраққа «жақсы адам болу үшін депутат болудың қажеті шамалы, ал депутат міндетті түрде жақсы адам болу керек» деп айтып кеткендей, билік басына еліне, жеріне, сүйіспеншілікпен, жаңашырлықпен қарайтын азаматтар керек.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА