Мал басын субсидиялау талабы өзгерді
Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан «Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Онда тамыз айынан бастап мынадай өзгерістер қамтылған.
1. Асыл тұқымды аналық ірі қараны субсидиялау бағыты бойынша 1 аналық басқа норматив 15 мың теңге болып бекітілді (ескі ережеде 20 мың теңге болған).
2. Австралия, АҚШ, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа елдерінен импортталған мүйізді ірі қараның әр басына 300 мың теңге субсидиялау қарастырылған (ескі ережеде – 225 мың теңге).
3. Асыл тұқымды қой сатып алған жағдайда субсидиялау нормативі 8 мың теңгеден 15 мың теңгеге көтеріліп отыр.
4. Асыл тұқымды қой отарына жүргізілген селекциялық, асыл тұқымды жұмысты субсидиялау бағыты бойынша 1 бас аналық басты субсидиялау нормативі 2 500 теңгеден 4 мың теңгеге, тауарлы отардың 1 бас аналығы үшін 1 500 теңгеден 2 500 теңгеге көтерілді.
5. Қағидада асыл тұқымды қой отарына асыл тұқымдық және селекциялық жұмыстар кезінде асыл тұқымды қошқардың ұрығымен қолдан ұрықтандыру талабы бекітілген.
6. Мүйізді ірі қара мен қойдың селекциялық асыл тұқымды жұмыстарын субсидиялау бағыты бойынша алынған төлдерді тіркеу талабы айқындалған.
7. Жаңа қағиданың селекциялық асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен қойға байланысты жұмыс жүргізу және асыл тұқымды мал сатып алу бағытына сәйкес мал басында электронды бірдейлендіру тәсілдері (радиожиілікті белгісі бар сырға, болюс, чип) болуы керек.
Субсидиялаудың басқа бағыттары бойынша нормативтер мен талаптар өзгеріссіз қалды.
Осы талапқа сәйкес субсидия алудан үміткер шаруашылықтар қысқа мерзімде меншігіндегі мал басын электронды бірдейлендіру тәсіліне көшіріп, субсидиялау талаптарына сәйкестендіруі қажет.
Облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының баспасөз қызметі