Вакцинацияға дейін
Коронавирус әуеліде Қытайдың құтын қашырды. Кейіннен дертке еш шекара бөгет бола алмады, әлемді дүрліктірді. Біздің елге бірден жетпесе де дерттің беталысы жаман еді. Жақында әлем желіде, мессенджерлерде Қазақстанда COVID-19 дың үшінші толқыны болатыны туралы ақпарат шықты. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратқа бірден түсініктеме беріп, желіде тараған мәлімет шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Бірақ бүгінде көптеген елде коронавирустың екінші толқыны болып жатқаны белгілі.
Жаңа толқын
Америкалық дәрігер Чад Крилич коронавирус инфекциясының жаңа толқыны келді және ол қазіргі сәтте болып жатыр дейді. Маман егер билік пен адамдар шараларды сақтамаса, науқастардың саны көбеймесе, азаймайды деген ойда. Оның айтуынша, АҚШ-та COVID-19 жұқтырғандардың саны елде мамырдан бастап шектеу шарасы жеңілдей бастағаннан кейін күрт көбейген. Дәрігер адамдарды қажет дәрімен, тест-жүйесі мен қорғаныш заттарымен қамту керегін айтады. Дәрігердің айтуынша, коронавирус инфекциясының үшінші толқынының басталуына тек маусымдық тұмау емес, сондай-ақ адамдардың әрекеті де әсер етеді.
Барлық адам СОVID жұқтырады...
Ресейлік мамандардың айтуынша, маусымда тараған инфекция қаңтарда тараған вирусқа қарағанда әлдеқайда әлсіреген. Алайда жыл соңына дейін COVID-19-дан қайтыс болғандардың саны миллионға жетуі мүмкін. Бүгінде дүние жүзінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың саны 636 мыңнан асқан. Дәрігер ерте ме, кеш пе адамдар коронавирус жұқтырады деген ойда. Маманның сөзінше, инфекция қажет мөлшерде тарап болмайынша тоқтамайды. Одан бөлек, вирустың үшінші толқынымен қатар төртінші толқыны да болады. Бірақ одан адамдар жеңіл өтеді. Дәрігер коронавирус жедел респираторлық ауруға айналып, одан адам өлімі аз болады деген үмітте екенін жеткізген. Роберт Кох атындағы институт дәрігерлері коронавирус пандемиясының бірден үш толқыны болатынын ескерткен. "Көптеген ғалым вирустың екінші, тіпті үшінші толқыны болатынын айтады. Енді біреулері бұл сәт күз мезгіліне сай келетінін айтады. Қауіпсіз және тиімді вакцинаны 2021 жылдың екінші тоқсанынан ерте күтудің қажеті жоқ, сондықтан жаңа жағдайға үйреніп, осы вируспен өмір сүру керек. Осыған орай, әлем елдері денсаулық сақтау саласындағы кешенді шараларды жалғастыруы тиіс, коронавирусқа тестілеуді тоқтатпай, оның таралу жолдарын зерттеу қажет. Сондай-ақ инфекцияның ары қарай толқындарын болдырмас үшін әлеуметтік шараларды күшінде қалдырған жөн.
Ерхан АҚЫН