Қызылордада тойханалар өндіріс орнына айнала бастады
Карантин кезіндегі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Қызылорда облысы тұрғындарының өнім өндіруге деген белсенділігі арта түскен.
Індет өршігелі Қармақшы ауданындағы 3 тойхана иесі бизнестегі бағытын өзгертті. Дүр Оңғар ауылынан ашылған темірбетон өнімдерін шығаратын цех ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, құрылыс материалдарын өндіруге жол ашты.
«Өз ауылымызда суға салатын кіші және үлкен лотоктар шығарамыз. Сондай-ақ, қабырға плиталарын шығарып жатырмыз. Автоматтық режимге қойса, зауыттың өнімділігі сағатына 12 куб шығарады», – дейді серіктестік директорының орынбасары Оралбай Машарапов.
Ауыл тұрғыны Ерсін Өтеев те өз кәсібін әртараптандыруды көздеп отыр. Ол шеге, тор, тікен сым сынды ауыл шаруашылығына керек өнім түрлерін шығаратын құрылғылар сатып алған. Ол үшін мемлекеттік қолдау аясында жеңіл несие алған. Жалпы, ауданда құны 28 миллион теңге болатын 4 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асқан.
Мамандардың айтуынша, карантин кезінде кәсіпкерлердің бірқатары ісін жаңа бағытқа бұра бастаған. Мәселен, оны тойханалардың басқа салаға бейімделе бастауынан көруге болады.
Аудандағы тойханалардың бірінен тұшпара цехын, тағы бірінде құс шаруашылығын ашуға бетбұрыс жасалуда. Қазіргі таңда жаңа кәсіпке қатысты жобалар дайындауда.