» » Оңайлатылған іс жүргізу тәртібі

Оңайлатылған іс жүргізу тәртібі

  2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі - АПК) 2-бөлімінің 1-кіші бөліміне сәйкес, оңайлатылған іс жүргізу сот бұйрығын шығару және оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қаралады.
Оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде сот тараптарды шақырмай және сот отырысын жүргізбей тараптардың ұсынған құжаттарын зерделеу негізінде сот бұйрығын және оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде сот шешімін қабылдайды.
Сот бұйрығын шығарудың ерекшелігі.
Сот бұйрығы АПК-тің 135-бабында көрсетілген талаптар бойынша ғана шығарылады.
Арыз беруші Салық кодексімен талап қою арыздары бойынша белгіленген мемлекеттік баждың жартысын төлейді.
Сот бұйрығы арыз келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шығарылады.
Борышкер сот бұйрығы алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде сот бұйрығына қарсылығын бермесе, сот бұйрығы күшіне еніп орындау үшін міндетті болады.
Сот бұйрығы борышкерге табысталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде сот бұйрығы бойынша дау бар екені туралы қарсылығын сотқа жолдаса, судья 3 жұмыс күні ішінде сот бұйрығының күшін жояды.
Сот бұйрығына шағым берілуге жатпайды, тек қана сот бұйрығының күшiн жоюдан бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінің ерекшелігі:
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу бойынша талап қою бағасы азаматтардың және жеке кәсіпкердің бір мың айлық есептік көрсеткіштен (2020 жылға 2778 х 1 000 АЕК = 2 778 000), заңды тұлғалардың екі мың айлық есептік көрсеткіштен (2020 жылға 2778 х 2 000 АЕК = 5 556 000) аспайтын берешек ақша сомасын өндіру туралы талап арыздары қаралады.
Сондай-ақ осы іс жүргізу бойынша талап қою бағасына қарамастан, яғни жоғарыда көрсетілген сомаға қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға жатады.
Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде тараптарды сот отырысына шақырмай, тараптардың ұсынған құжаттарын зерделеп шешім шығарады.
Жауапкер сотпен белгіленген мерзім ішінде өзінің талап арызға қарсылығын және оны негіздейтін дәлелдемелерін сотқа ұсынуға міндетті. Талап арызға қарсы пікірді сотқа ұсынбау іс бойынша шешім қабылдауға кедергі болмайды.
Жауапкер талап қою арызының келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және пікірді, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер ете алатын дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын шешім шығарады.
Алайда сот шешім заңды күшіне енгенге дейін тараптың жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің бастамасы бойынша кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындауға құқылы.
Судья шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, тараптарға кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді беруге міндетті.
Шешімге – осы шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткеннен кейін, ал егер арыз берілсе, осы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарғаннан кейін бір ай мерзімде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
АПК-тің 144-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот төменде көрсетілген негіздер бойынша істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша, яғни тараптарды сот отырысына шақырып жалпы тәртіпте қарауға көшеді:
1) тарап бұл туралы өтінішхат берсе;
2) үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса;
3) қарсы талап қою қабылданса;
4) осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін болса;
5) дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса;
6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған істер бойынша тараптардың өкілге (адвокат, заң консультанты) кеткен шығындары тарапқа көрсетілген кеңес беру, сотқа дейінгі дауды шешу және арызды сотқа дайындау шығыстары шегінде өндірілуі мүмкін.
Яғни осы істер бойынша сот отырысы жүргізілмеуіне байланысты, тараптың талап арызы қанағаттандырыған жағдайда ол АПК-тің 108-бабының 8) тармақшасына сәйкес жоғарыда аталған шығындарын өзге шығындар ретінде талап ете алады.
Осыған байланысты талап қоюшы өзінің арызында жоғарыда аталған шығындарын жалпы өкілге кеткен шығын деп жалпыламай, шығындарды нақты бөліп көрсетіп және әр шығын бойынша дәлелді құжаттарын арызға тіркеуі қажет.
М.Сарсенов,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
судьясы 
30 шілде 2020 ж. 686 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031