Қызылордада кепілге қойған көлікті иесіне қайтармай жүрген алаяқ ұсталды
Қызылорда қаласының тұрғыны қарызын қайтарып берсе де кепілге қойған көлігін қайтара алмай, полицияға шағымданды.
41 жастағы қала тұрғыны өзінің «Нексия» автокөлігін кепілге қойып, танысынан 300 000 теңге ақша алған. Қарызынан құтылған ол әлі күнге дейін көлігін қайтара алмай жүрген.
«Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде Қызылорда қаласының 37 жастағы тұрғыны анықталды. Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, оған қатысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген полиция департаментінің таратқан хабарламасында.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.