Ертегі әлемінің ханшайымы
Небәрі 11 жастағы қаршадай қыз әжесінің оқыған ертегісін зердеге тоқып, кейін өзі ойынан ертегі құрастыра бастаған. Алтынай Берік 7 жастан ертегі жазуға машықтанған. Алғашында сурет салып, кейін сол суретке қарап, оқиғалар арқылы баяндайды. Бүгінде кейіпкеріміздің топтамасында 40-қа жуық ертегі бар. Ондағы кейіпкерлердің барлығы жан-жануарлар. Мәселен, «Ақ көжек», «Мөлдір бұлақ», «Қызыл қораз», «Түйе», «Қамқорлық» сынды тәрбиелік мәні зор ертегілерін оқырмандары жылы қабылдаған.
– Алтынай ертегініоңашада жазғанды ұнатады. Көбіне тыныштықты жаны қалайды. Соңғы кезде немерем есейіп келе жатқандықтан болар ертегі жазудан бөлек, әңгіме, өлеңдер жазып жүр, – дейді Алтынайдың әжесі Шолпан Шәріпбайқызы.
40 ертегі, 20 өлең және 20 шақты әңгіме жазған Алтынайды өткен жылы аймақ басшысы қабылдап, ертегілерін жинақтап, 1000 дана кітап болып басылуына ықпал етті. Жас оқырмандарға жол тартқан "Ертегілер" кітабына бүгінде сұраныс жоғары екен.
– Ертегілерім республикалық «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде», «Ұлан»,«Балдырған», «Халық» сынды басылымдарда жарияланып келеді. Ертегілерімді топтастырып, кітап етіп шығарып берген облыс әкіміне алғысым шексіз. Кітапты алғаш қолыма ұстағанда қуанышымда шек болмады. Енді менің де өз кітабым, оқырмандарым бар екеніне мақтанамын, – дейді Алтынай Берік.
Кейіпкеріміз өткен жылы Елбасын Ата заң күнімен құттықтап, өлең шумақтарын жолдады. Мемлекет басшысы ізгілікпен жауап қатып, «Еуразия жүрегінде» атты кітабына жүрекжарды лебізін жазып жіберіпті. Бұл әсершіл, сыршыл Алтынайдың лүпіл қаққан жас жүрегі мен қаламына одан сайын қанат бітірді.
Сандуғаш ӘБІЛҚАСЫМ,
ҚМУ-дың IV курс студенті