Бала бақыты - болашақ кепілі
Келер жылдан бастап елімізде жетімдер үйі біржола жоғалады. Барлық жетімдер үйі «Қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталығына» айналады. Мұндай орталықтар бала өзінің болашақ отбасына тапқанға дейінгі уақытша орын болмақ. Бастама құптарлық, әрине. Себебі әр бала бақытты отбасына лайықты. Ел болып, жұрт болып жаутаңкөз жетімдердің болмауына ықпал ету керек. Себебі қазақ біріксе «алынбайтын қамал жоқ».
Отбасы – өмірдің бастауы, тіршіліктің берік тұтқасы... Отбасы – ұрпақтың тал бесігі. Ұлттың бесігі.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ. Рас. «Бала – бауыр етің». Түтініңді түтетер, тамырыңды таратар болашағың. Арманыңа жетелер, мақсатыңа жеткізер келешегің. Өмір-қуанышың. Көңіл-мақтанышың...
Отбасы – көп сөзді қажет етпейтін қарапайым, қалыпты түсінік. «Отанды сүю отбасынан басталады» дейді қазақ. Елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік, алдымен отбасындақалыптасады. Бірлік пен берекенің, ерлік пен өрліктің те тамыр алар түп қазығы осында. Ендеше, отбасы – алтын діңгек. Бірақ өркениеттер қақтығысында сол «діңгектен» ажырап қалғандаймыз. Тастанды бала, шайқалған шаңырақ, жетімдер үйі – соның көрінісі.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Бұл өткен ғасыр басында айтқан Әуезовтың өсиеті. Өсиеттің естен шыққаны қашан?! Бесікті түзеуден бұрын, жағдай түзеуге көшкенбіз бәріміз. Содан да болар ұрпақ тәрбиесі уысымыздан шығып кетті. Ал бесік тәрбиесінің белбеуі босап кеткен буынның бойында ұлтжандылық қайдан болсын?!
Қазір балалар Қобыланды, Алпамыстай боламын деп армандамайды. Өйткені оны білмейді. Ұлтының батырлар жырын жаттап өспеген баладан батыстың боевиктеріне неге үйірсің деп кінә артуға да болмас. Кезінде Бауыржан атамыз «Ұшқан ұя» кітабында: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әкелері не шешелері ертегі айтып бермейді. Ал бесікте жатқанында құлағына анасының әлди үні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын» деп жазған болатын. Атамыздың айтқаны айдай келгендей.
«Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады» дегендей, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын жат өркениеттен біздің де қоғам қасірет шегуде. Бұрын қазақ қоғамы көпшіл еді. Қазір кекшіл болып барады. «Қайткенде де ақша табу» қағидасы бүгінгі қоғамның жанталас тірлігіне айналған.
Бұрынғыдай емес, бүгінде ұлттың табиғаты да, тәрбиесі де өзгеше түрленген. Тек сол түрленудің түбінде ұлт мүддесі төңірегіндегі байламдар ұмыт қалып барады. Әсіресе, отбасы мәселесі. Баланың бақыты. Баланың бақыты бәрінен де жоғары тұруы керек. Әйтпесе, экономикамызды еселеткенмен, ел мүддесін үстем етер ұлан болмаса, ұрандатқаннан не пайда?
Арай РАХЫМ