САНАВИАЦИЯ: ҚИЫНДЫҚ ПЕН ҚАРБАЛАС
«Санавиация» десе, аспанмен «ұшып келетін» дәрігерді есіңе аласың. Себебі, авиация – ұшақтың «төркіні» емес пе? Бірақ санитарлық авицияның мамандары тек аспан жолымен келмейді. Жедел-жәрдем көмегінен алғашқы айырмашылығы, қалаға 150 км-ден алыс жердегі ауыр жағдайда қалған науқастарға әр түрлі көлікпен аттанады. Мұндайда дәрігер апыл-ғұпыл қамдана бастайды. Таңғы төрт пе бес пе, жексенбі ме, сенбі ме?! Мейлі! «Үміт» ұшағына мінеді де, дертпен күреседі. Ал кейде қалың қарды қақ жаратын «Камаз» іздеп әуреге түседі. Біз сұқбаттасқан облыстық санавиация бөлімінің меңгерушісі Меңлі Базаров пен борт фельдшері Марат Мейрамбекұлы мұндайдың талайын бастан өткеріпті.
- Санавиация қандай науқастарға жедел аттанады? Бұл саланың қызметі қандай?
- Облыс тіпті, аудан орталығынан өте алыс қойшы ауылдар, шекара маңындағы тұрғындар, жол бойындағы қызметкерлер бар. Дерт асқынғанда тас жол болмаса, оқыс оқиға орын алса не аудандық ауруханада керекті маман табылмаса, санавиацияға өтініш жолдайды. Міндетіміз – жедел, сапалы, тегін қызмет көрсету. Өтініш түскен уақытта қандай дәрігерлер бару керегіне сараптама жасап, бригада жасақтаймыз. Айталық, қан тоқтамаған науқасқа жарты сағат көлемінде аттанады. Ұшақпен тек күндіз ұшып, кешкі сағат 6-ға дейін қайтып келуге жоспар жасаймыз. Себебі, кешкі қараңғылықта ұшақ қона алмайды, екінші себеп әуежай түнде жабылады. Ал жақын маңдағы Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш аудандарына автокөлікпен жетеміз.
- Мобильді бригадада қандай мамандар жұмыс істейді? Айталық, бір науқасқа қанша дәрігер баруы мүмкін?
- Ұшақта төрт орын бар. Дәрігер, борт фельдшері, медбике және қосымша дәрігер жасақталуы мүмкін. Мысалы, бір ауданда ересек адам инсульт алады, сол уақытта шала жетілген сәби дүниеге келеді. Олар екі дәрігерді бірден шақырады: невропотолог және неонатолог. Біз облыстық медицина орталығы, балалар ауруханасына хабар береміз. Кезекші дәрігерді кешкі не түнгі уақытта үйінен алып кетеміз. Сондықтан, жауапты мамандар кешке де, демалыс күні де байланыс құралдарын алып жүруі керек. Ал санавиция бөлімінде алты борт фельдшері бар.
- Борт фельдшері қандай қызмет атқарады? Жалпы санавиция саласында жұмыс істеу үшін арнайы оқу керек пе?
- Бригада құрамында міндетті түрде борт фельдшері болады. Қызметі – дәрігерге көмектесу. Айталық, Аралдан аттанған ұшақ екі сағаттан аса еш жерге тоқтамайды. Мұндайда дәрігерге көмек қажет. Науқасты көтерісу керек. Ал тек санавиция саласына арналған оқу жоқ.
- Қазір санавиацияның қанша ұшағы бар?
- Ұшақтарды келісімшарт арқылы алдырамыз. Қазір бір ұшақ пен тікұшақ бар. Көбіне «АН-2» ұшағымен аттанамыз. Мұның артықшылығы мОторы сөніп қалса да, қалықтап қонады, орын талғамайды. Қауіпсіз. Ал тікұшақтың жанармайы өте алыс аудандарға жетпейді. Жалпы, 2016 жылы – 838 рет, 2017 жылы – 1290 рет санавиация аудандарға аттанды. Өткен жылы ұшақ қызметін 100 рет пайдаландық.
- Қандай науқастарға жиі барасыздар?
- Әсіресе, инсульт, ана мен бала өміріне қатысты жағдайда. Себебі, инсульт орталығы тек облыс орталығында бар. Компьютерлік томография секілді талдамалар аудан ауруханасында жоқ, сол себепті науқасты орталыққа тез жеткізу керек. Бір күнде жеті, кейде тіпті екі-үш науқасқа барамыз.
- Тосын оқиғалар жиі болатын шығар...
- Иә, тіпті түн уақытында хабарласқан басшыларды туыс, танысымызбен шатастырып аламыз. Аты-жөнін дұрыс байқамай қаламыз ғой.(күліп) Жақында мынадай оқиға болды. Ақтау мен Аралдың ортасында Бозой деген жер бар. Қалың қар түскен күн. Сол күні қойшының әйелі толғатып, қан қысымы көтеріледі. Кешкі тоғыздар шамасы. Ауа-райынан Аралдың жедел-жәрдем көлігі ол жаққа жете алмайды. Қараңғыда ұшақ та ұшпайды, ертеңіне күннің қандай болары да белгісіз. Қар бұзатын көлік керек. Не істеймін? Облыстық жұмылдару басқармасының басшысы Серік Сермағанбетовке хабарластым. «Камаз» сұрадым. Көлік қарастыратынын, бірақ ол Қызылордадан Аралға таң ата жететінін, Аралдың әкіміне хабарласу керегін айтты. Сонымен Аралдың әкімі екі «Камаз» тауып беріп, ертеңіне сағат ондарда науқасты ауруханаға жеткіздік. Кеш бата қарбаласатын, үміт күткен жандарға асығатын мұндай сәттер көп болады.
- Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Айдана ЖҰМАДИНОВА
Біле жүріңіз!
Облыста санавиация 1927 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Алғашында дәрігерлер ат арбамен кейін, арты ашық көлікпен жүрген. Ал «АН-2» ұшағы 1949 жылы шықты. Қазақстанда әлі күнге осындай маркалы 4500-дей әуе көлігі бар. Облыстық санавиция 2017 жылдан бастап облыстық жедел-жәрдем орталығының құрамында. Бұрын ОМО-ның құрамында болды. Пилоттық жоба «қай орталық санавиация үшін тиімді екенін» анықтамақшы.