» » » АРМАНДЫ ШЕКТЕУ АДАСТЫРМАЙ МА?

АРМАНДЫ ШЕКТЕУ АДАСТЫРМАЙ МА?

Сіздің арманыңыз қандай? «Стандартты» ма? Қарапайым түрде сызбасы мынадай: Мектеп бітіру – қалайда жоғары оқу орнының дипломын алу – жұмысқа тұру – үйлену (үй салу, бала өсіру).
Балалар осы құрылым бойынша өседі. Ата-ана өзі «түсе» алмаған мамандықты не жұрттың баласын айтып «дәрігер бол, ақ халатты киіп, тап-таза жүресің», «заңгер бол» я «жергілікті басқаруды оқып ал, мәрмәрдан салынған ғимаратта отырасың» деп мақтай жөнеледі. Алғашқы «кім болам» деген шығарманы да өз қолдарымен жазып береді. Біздің үйде де сондай қызық болған. Анамның айтуымен инеден өлердей қорқатын мен тоғызыншы сыныпқа дейін «дәрігер» болатын болдым. Кейін биологиядан гөрі қазақ тілінің олимпиадасына жақындығым байқалып, оныншы сыныпта «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі», он бірінші сыныпта ғана журналист болатыным белгілі болды. Әйтеуір, Құдай қарасып, журналист боламын дегеніме ешкім қарсы болған жоқ.
Байқадыңыз ба, ата-аналар баланың ойына қоршау шеңбер салады. Сол шеңберден шықпау керек. Көз алдыңызға кішкентай құмырадағы талды елестетіңізші. Сіз оған «тезірек өссін» деп су құясыз, тыңайтқыш себесіз, бірақ ол өсе алмайды. Өйткені, оның құмырасы өзіне сай емес. Сондықтан да, қазақтың әлі Билл Гейтсі, Стив Джобсы, Али Бабасы, Мэри Кэй Эші жоқ. Әлі күнге өзіміз ұялы телефон жасай алмаймыз. Ешкім Мэри Кей секілді «бетке арналған кремді банкаға құйып, сыртына атын жазып» сатқан жоқ. Себебі белгілі: арманымыз «стандартты». Байлығың орташадан жоғары болса, «джип» мініп, коттедж саласың. Сонымен арман «мәресіне» жетіп қалады. Ал, бренд жасамақ түгілі, сол «джипп пен коттеджге» қол жеткізу үшін де тынымсыз тірлік керек. Белгілі ақын бір сөзінде, «бір кәсіпкердің жанында жәй ғана үш күн жүріп, шаршап қалдым» деп күлген еді. Ал 8-9 сағаттық ұйқы, әлгіндей арманмен Стив қайда, біз қайда?!
Жаңалық ашу идеясы, «бірінші болып бастау» - әуелі ойдан туындайды. Қазір өте танымал әзілкеш Тұрсынбек қой бағып жүріп, елдің бәрі қол соғып, қошеметтегенін жиі армандайтынмын деп айтпаушы ма еді?! Сол ауылдан аттанар кезде ауылдастары күліпті, біраз қауіп ойлапты.  Бірақ, өзі айтпақшы, түк туысы жоқ болса да, «Астанаға келді, жатақханада тұрды, сырт киімін жастанып жатты». Есесіне, арманына жетті.
Америкада мынадай қызық әдіс бар. Балақай сурет салып, қандай түспен бояса да, оған ешкім ұрыспайды. Құрбақаны қызылмен бояса да, мейлі. Өйткені оның қиялы дамуы керек. Жоқ болса болашақта өзі жасап шығарады. Ал бізде ше? Құрбақа міндетті түрде жасыл, алма қызыл болуы керек! Көрдіңіз бе, миға шектеу кішкентай күніңнен-ақ басталады. Өсе келе, дизайнер болам десе, «тігінші десейші, отырасың бір бөлмеде қамалып, көзіңді құртып», аспаз болам десе, «онсыз да тамақ істеуді үйреніп аласың, басқа дүниені арманда» деп тиып тастайды. Осы сөздерден кейін, қаншама кондитерлік фабрика ашылмағаны, қаншама бренд киімдер жасалмағаны белгісіз. Ерекше адамдар да, ерекше маман да жоқ.
Ал, сіз балаңыздың кім болғанын қалайсыз?
Айдана ЖҰМАДИНОВА
18 қаңтар 2018 ж. 1 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031