Қазалы аудандық сотының жаңа ғимараты ашылды
Қазалы аудандық сотының жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Қ.Нұрышев іс-шараны аша келе, республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру арқылы өңірде орын алып отырған айтулы оқиғамен жиынға қатысушыларды құттықтады. Облыстық сот төрағасы сот ұжымы барлық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа ғимаратта зор құлшыныспен жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді. «Осы заманауи, сәулетті әрі функционалдық талапқа сай келетін ғимаратта сот төрелігін жүзеге асыруға қажеттінің барлығы бар. Бөлмелер мен залдар судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысына қажет барлық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда келген адамдар ғимараттан түрлі көңіл-күйде шығуы мүмкін, бірақ олардың барлығы сот төрелігі жүзеге асты, заң мен әділдік салтанат құрды деген сезімде болары анық», - деді Қ.Нұрышев.
Өз сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сот төрелігін жүзеге асыруға арналған жаңа нысанның ашылуын өңірдегі жарқын оқиға деп атады. «Осы ғимараттың салынуы еліміздің құқықтық мемлекетті дамыту мәселелеріне айрықша назар аударатынын білдіреді. Бұл – заң үстемдігін нығайтуға, соның нәтижесінде қоғамдық келісім мен экономикалық дамуға қосылған қомақты үлес» , - деді ол.
Іс-шара салтанатты рәсіммен жалғасын тапты. Облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сот саласының ардагері Қайыргелді Темірбаев аудандық соттың жаңа ғимаратының лентасын салтанатты түрде қиды.
Мұнан кейін меймандар жаңа ғимаратты аралады. Жалпы ауданы 837 шаршы метрді құрайтын бес құрамды Қазалы аудандық соты жаңа технологиялық құрылғылармен жарақтандырылған. Мұнда 15 жұмыс бөлмесі 4 сот отырысы залы, прокурорлар, адвокаттар мен медиаторлар бөлмесі, сотқа келушілерге арналған күту залы, ақпараттық дүңгіршек пен мұрағат бөлмесі орналасқан. Сот ғимаратының фойесінде сот қызметі және азаматтарды қабылдау кестесі туралы қажетті ақпарат көрсетілген электронды табло қойылып, арнайы стендтерде сотқа берілетін құжаттардың үлгілері орналастырылған.