Қазақстандықтар қыркүйек айының үздік спортшысын таңдап жатыр
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті қыркүйек айының ең үздік спортшысын анықтауға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қыркүйек айы ірі спорттық бәсекелерге толы болды. Әсіресе, қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен бокс пен күрес түрлерінен Әлем чемпионаттарының әсері ерекше. Отандық спортшылар әлемдік жарыстарда намысқа тырысып, еліміздің көк байрағын желбіретті. Әнұранымыз шырқалып, абыройымыз артты. Осы орайда, Olympic.kz айдың үздік спортшысын анықтауға кірісті», - делінген комитеттің ресми сайтында.
Айта кетейік, еліміздің үздік спортшылары соңғы бірнеше айда анықталып келеді.
Қазақстандықтарға дауыс беру үшін қыркүйек айында зор табысқа жеткен спортшылардың тізімі ұсынылып отыр. Дауысты Olympic.kz сайтының басты бетінде қалдыруға болады. Аяқталатын уақыты - 9 қазан, сағат 13:00.
Бекзат Нұрдәулетов, бокс
Ресей жерінде өткен бокстан Әлем чемпионаты қазақ еліне жаңа жұлдыз сыйлады. 81 келіде жұдырықтасқан Бекзат Нұрдәулетов өз салмағында қарсылас шыдатпай, жеңіске жетті. Әлемдік сында алты кездесу өткізіп, барлығынан басым түскен Бекзат көпшіліктің сүйікті спортшысына айналып үлгерді. Ол әлем біріншілігінде басқаны емес, әйгілі кубалық боксшы, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Хулио Сезар Ла Крузды жеңіп, көзге түсті. Одан бөлек, біріншілік барысында төрт нокдаун тіркеді. Финалда өзбекстандық Ділшодбек Рузметовті таза жеңген Нұрдәулетов айдың үздік спортшысы атанудан үмітті.
Қамшыбек Қоңқабаев, бокс
Бокстан Қазақстан командасының капитаны да Әлем чемпионатынан құр қайтқан жоқ. Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта финалға жетіп, ақтық сында өзбекстандық Бахадүр Жалоловтан ұтылды. Қамшыбекке қарсыласының салмағы әлдеқайда ауыр, бойы биік болғаны ыңғайсыздық тудырғаны рас. Дегенмен, қазақ боксшысы аянып қалған жоқ. Өз салмағында әуесқой бокстағы үздіктердің бірі екенін тағы да дәлелдеді.
Дәулет Ниязбеков, еркін күрес
Нұр-Сұлтан төрін дүбірге бөлеген күрес түрлерінен Әлем чемпионатында қазақ балуандары үлкен ерлік көрсетті. Әлемдік додада ақтық сынға дейін сүрінбей, азулы қарсыластарынан басым түскен балуандардың бірі – Дәулет Ниязбеков. Дәулет Әлем чемпионатының «күмісін» иеленіп қана қоймай, 65 келі салмақ дәрежесінде 2020 жылғы Токио Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Ал жартылай финалда әлемнің үздік балуандарының бірі, үндістандық Баджранг Пунияны жеңді.
Нұрғожа Қайпанов, еркін күрес
Жастар командасынан жақында ауысып, ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында финалға жеткен Нұрғожа Қайпанов көпшіліктің сүйікті спортшысына айналып үлгерді. Мамандар елорда төрінде атой салған Қайпановтың болашағынан зор үміт күтіп отыр. Нұрғожа Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында тек ресейлік Давид Баевқа жол берді. Дегенмен, Қайпановтың күресі көп жанкүйердің көңілінен шыққаны анық.
Хорлан Жақанша, грек-рим күресі
Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Хорлан Жақанша да әлем біріншілігіне алғаш рет қатысқан балуан. «Классиктер» додасында ешкімнен тайсалмай, әзірбайжандық чемпион Азизлиді де алтыннан қақты. Бірақ финалда асығыстық танытып, грузиялық қарсыласына есе жіберді. Хорланның күміс медалі қазақстандық грек-рим күресі шеберлері ұтып алған ең жоғарғы жүлде.
Игорь Сон, ауыр атлетика
Тайландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Игорь Сон күміс жүлдегер атанды. Ол Қазақстан қоржынындағы жалғыз медальді жеңіп алған зілтемірші. 55 келі салмақта сынға түскен Сон қоссайыс қорытындысы бойынша 266 келіні (120+146) бағындырды.