» » » Ақпан. Ақмешіттің қоғамдық-саяси ахуалынан бірер сөз

Ақпан. Ақмешіттің қоғамдық-саяси ахуалынан бірер сөз

Мектептегі совет тарихынан екі тақырып – бірі қазан айы туғанда Қазан революциясының болғаны, бірі ақпан айында Ақпан революциясының болғаны еріксіз еске түседі. Енді аз-маз күнде көктем шығады деп қуанатын ақ түтек ақпан кіргенде ХХ ғасыр басындағы аласапыран оқиғалар, ақырында ақтар мен қызылдар болып соғысып кеткен сол бір сұрапыл кез ойға орала берді. Өйткені дәл сол 1917 жылдар Перовск – Ақмешіт – Қызылорданың саяси белсенділігі артып, ұлт зиялылары жиі бас қосқан уақыт еді. Өткен күннен белгі қалмаған (жалғыз жұрнақ тарихи Түземдік мектебінің өзі сауда-саттық орнына айналған), ешқашан Ақмешіт деген астана болмағандай әсер қалдыратын Қызылорданың қыстыгүнгі қара суығын сыртта қалдырып, редакцияда отырып, «Менің Отаным Қазақстан» сериясымен 2015 жылы жарық көрген «Қызылорда» деген жинақты парақтадық (құрастырушылар: Б.Кәрібозұлы, М.Аңсатова, У.Ибраев). «Кеңес өкіметі. Жарық па, қамыт па?::» деген тақырыпқа арналған 137 бет бірден-ақ баурап әкетті. Қысқаша мазмұнын бірге оқуға ұсынып отырмыз.
                                                                                             Редакциядан
Ақпан. Ақмешіттің қоғамдық-саяси ахуалынан бірер сөз
         1917 жылы 27 ақпанда Ресейде Ақпан революциясы жеңіске жетті. Монархия құлатылып, 300 жылдан астам билік құрған Романовтар әулеті биліктен тайдырылды. Ақпан революциясының нәтижесінде елде қос үкімет орнады. Қазақстан үшін мұның маңызы аз болған жоқ. Егер кеңестік тарихнамада Уақытша үкімет қара бояумен суреттелсе, қазіргі қазақстандық тарихнамалық жағдайда бұл мәселені зерттеуге басқаша көзқараспен қарау мүмкіндігі туды. Бірқатар қазақстандық ғалымдардың, атап айтқанда, академик М.Қозыбаевтың, К.Нұрпейісовтің, М.Қойгелдиевтің және т.б. еңбектерінде Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының, дәлірек айтсақ, Уақытша үкімет қызметінің Қазақстан үшін жағымды нәтижелеріне назар аударылды.
         Ақпан төңкерісінен кейінгі және азаматтық қарсылық жылдар қазақ жұртының қоғамдық-саяси өміріне зор сілкініс әкелді, мемлекеттілік үшін күрес жаңа сипат алуымен халқымыздың тарихында өшпес ізін қалдырды. Қазақ зиялыларының өкімет билігіне қол жеткізуі, ұлттық саяси-қоғамдық ұйым қазақ комитеттерінің өмірге келуі, тұңғыш ұлттық саяси партияның құрылуы және оның автономия үшін күресі, зиялылардың земстволық басқару жүйесін орнатуға атсалысуы, құрылтай жиналысы сайлауына қатысуы сияқты үлкен оқиғалар Уақытша үкімет тұсында болған еді. Ақпан төңкерісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алмағанымен, саяси бостандықтар мен қоғамның демократияландырылуына жол ашты. Тарихшы М.Қойгелдиевтің пікірінше, «Ақпан төңкерісі – қазақ ұлтының қалыптасу процесінің аяқталуына жол ашатын тарихи кезеңді бастап берген оқиға-тын». Патшаның тақтан құлағаны жөніндегі хабар Перовскіге наурыз айының басында ғана жетті. Себебі патша өкіметінің жергілікті органдары бұл хабарды халықтан жасыруға тырысты.
         Патша өкіметінің құлағанын құттықтап және жаңа өкіметке қолдау білдірген жұмысшылар мен еңбекшілердің көп адам қатысқан митингілері, шерулері 1917 жылдың наурыз айының орта кезінде Ақмешітте өтті. Оған Ақмешіт уезінің әр жерде қызметте жүрген белгілі тұлғалары: Петербургтен М.Шоқай, Термезден С.Лапин, Самарханнан Х.Ибрагимов, Әндижаннан Қ.Қожықов, Қармақшыдан И.Қалымов, т.б. азаматтарды Перовскідегі басқару органдарын ұйымдастыруға шақырады. Бұл тұлғалар сөздерінен келіспеушілік сезінгендіктен, Ақмешітте үш рет бір мазмұндағы митингілер өтеді. Осының негізінде жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын ұйымдастыру комиссиясы құрылады. Ол комиссияны заңгер Сералы Лапин басқарған. Бұл кезеңде Ақмешітте екі бағыт болатын. Бірі ескі кезеңді, бірі кеңестік билікті жақтаушылар. Айтыс-тартыс бірнеше рет қайталанып, ақырында 7-8 мыңдай адам қатысқан митингіде Ақмешіт уездік атқару комитетінің құрамын сайлап, оның төрағалығына Е.Қасымов пен М.Шоқайды сыртынан сайлап бекіткен. Патшаның тақтан түскендігі туралы хабарды елдегі және майдандағы жұмысшы арасында жүрген қазақ демократиялық интеллигенциясының мүшелері қуанышпен қабылдады.
Елдегі саяси өзгерістер барысына өз тілектерін білдірген Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов үшеуі қол қойған «Алаш ұлтына» атты үндеуін жазған болатын: «Азаттық таңы атты. Тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қылаудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұртты қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз өкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген Құдайға мың шүкіршілік! Жұрттың бәрі осылай бірігіп тізе қосып, қайрат қылғанда ғана азамат халық боламыз. Соның үшін жаңа үкіметке қолдан келген көмегімізді аямауымыз керек. Ұйымдасып, жаңа үкіметтің күшеюіне қызмет қылалық. Кешікпей ашылатын Учредительное Собрание һәм Мемлекеттік Думада бәйгеге қосылып, жүлде алып, халқымыздың бақ-берекесіне жол ашалық». Осылайша ұлт зиялылары алаш азаматтарын жаңа үкіметті қолдау арқылы қазақ халқының мақсат-мүддесі үшін қызмет етуге шақырған. Қазақ жерінің тәуелсіздігін ойлаған ұлт зиялыларының қазақ халқының тағдырында ең жауапты күндердің туғанын үлкен жауапкершілікпен сезінгені байқалады.
Петроградта билікті өз қолына алған Уақытша үкіметтің барлық жерлерде басқару құрылымдары құрыла бастады. Ескі билік түрлері жойылып, облыстық және уездік комиссариаттар құрылады. Торғай облысының комиссарлары болып Әлихан Бөкейханов, Жетісу облысында Мұхамеджан Тынышбаев, Ордада Халел Досмұхамедұлы, Түркістанда Мұстафа Шоқай және т.б. сайланады. Бірақ Уақытша үкіметтің құрамы шын бұрынғы отарлық әкімшіліктің шенеуніктері болғандықтан тұрғылықты қазақ халқының мәселелерін шеше алмады. Ресейдегі тәрізді Қазақстанда да Уақытша үкіметпен қатар Жұмысшы солдат және шаруа депутаттарының Кеңесі билігі – қос өкімет орын алды. 1917 жылғы наурыз бен сәуір айларында қазақ зиялылары басқарған облыстық және уездік қазақ комитеттері Перовскіде, Қазалыда, Ақтөбеде, Павлодарда және өлкенің басқа да көптеген қалаларында пайда болды. Қазақ комитеттері халықтың өзекті жалпыұлттық мүдделерін ұсына отырып, съездерін өткізді, өз қызметтерін жергілікті жерлерде кеңінен өрістете түсті. Елдегі болып жатқан оқиғалардың әсерімен Қазақстанда шаруалар бұқарасы да өлкенің саяси өміріне белсенді түрде қатыса бастады. Мұның айқын дәлелі, жергілікті жерлерде Жұмысшылар мен солдаттар кеңестерімен қатар Шаруалар депутаттарының кеңестері пайда бола бастады. Наурыздың аяғында (1917 жыл, 30 наурыз) Ташкентте басылатын «Түркістан уәлаяты» газеті Сырдария облысы, Перовскі уезінің қазақ тұрғындары 35 адамнан тұратын қазақ депутаттарының Кеңесін ұйымдастыруға және уездің ішкі өміріндегі оқу-ағарту, әкімшілік, шаруашылық, жер және су мәселелерін шешуді соған беруге қаулы қабылдағанын хабарлады. Кеңестің басшылығына Х.Ибрагимов тағайындалған. Уақытша үкімет жұмысшылар мен шаруалардың сенімін ақтамады. Шаруаларға уәде еткен жер помещиктер мен жергілікті феодалдарда, жұмысшылар үміт еткен зауыттар мен фабрикалар капиталистердің қолында қала берді, Олар Ресейдің импералистік соғыстан шығуы жөнінде халыққа берген уәделерінен тайып, өздерінің одақтастарымен соғысты аяғына дейін жалғастыруға келісім жасады. Тыл жұмыстарына қазақтарды алуды тоқтатпады. Митингілер мен жиналыстарда Уақытша үкіметке наразылық білдіріп, «Бүкіл үкімет Кеңестерге» берілсін!» деген ұран жиі-жиі ұсынылды. 1917 жылдың көктемінен бастап импералистік соғысқа алынған 150 мың қазақ туған жеріне орала бастады. Олар қазақ ауылдарындағы саяси өмірдің оянуына көп әсер етті. Осы кезеңде Орынборда өткен Бүкіл қазақ құрылтайына қатынасқан М.Шоқай «1917 жылғы естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде Ақмешітте құрылған үш ұйымның барлығын айтады және олардың қызметіне өз бағасын берген. Оның айтуынша, Хусаин Ибрагимов басқарған Ақмешіт жұмысшы-солдат депутаттарының Кеңесі жұмысшы және солдат депутаттарының жергілікті қалалық кеңесінің ықпалында болған. Ерәлі Қасымов басқарған Ақмешіт аудандық ұлттық кеңесі қазақ жұртшылығын кедей мен байға бөлместен, жалпыұлттық мәселелерді шешуге талпынған. Ал, Серәлі Лапин басқарған Ақмешіт аудандық халық өкілдері кеңесінің бағдарламасы халыққа түсініксіз болған».
М.Шоқай Ақмешіттен Ташкентке бара жатқанда жолай Жөлек (Бәйгеқұм), Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және басқа станциялар мен аялдамаларда Орыс солдаттары кеңесінің жергілікті халыққа жасаған қиянаттарын өз көзімен көреді, сауатсыз орыс солдаттарының тілмәштармен бірге ауылды аралап, халықты ашықтан-ашық тонайтынының куәсі болады. Ол Ақпан төңкерісінен кейінгі Түркістандағы басқару жүйесі жұмысшы, солдат депутаттарының қолында болғанын, алайда бұл кеңестерді алаңсыз орыс шаруалары мен орыс солдаттары, орыс жұмысшылары басқарғанын айта келіп: «...Олар орыс үкіметінің Түркістандағы жергілікті халықтың жерін тартып алу үшін қоныстанғандар, ал солдаттар орыс губерниясынан шыққандар немесе Түркістанның орыс тұрғындары еді», - деп жергілікті халықтың үкімет басқаруға араласпағанын жазады. Қазақ ұлт-азаттық либералдық қозғалысының басшылары осындай жағдайда Жалпықазақ төтенше съезін өткізді. Съезд 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда болды. Бұл Жалпықазақ съезінің делегаттары ұлттық автономия проблемасына, жер мәселесінің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлікке және қазақтың саяси партиясын құруға басты назар аударды. Съезде Құрылтай жиналысын шақыру мәселесін талқылап, депутаттыққа кандидаттардың тізіміне 81 адам енгізілді. Сырдария облысынан Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар болып М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ғ.Оразаев, С.Қошанов, А.Мангелдин, т.б. ұсынылды.
08 ақпан 2018 ж. 1 098 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031