Басты мақсатым – танымал композиторлардың жолын жалғау
Өмірзақ МАХАМБЕТ, сазгер:
Басты мақсатым – танымал композиторлардың жолын жалғау
Бүгінгі әңгімеміз эстрада әлемінің жұлдыздарына ән жазып, олардың халық арасында кең танылуына, қазіргі сөзбен айтсақ «хит» болуына біршама ықпал еткен сазгер жайында болмақ. Оның әндерін үлкен де, кіші де жатқа айтып жүр. Жұртшылық ерекше сүйіп тыңдап жүрген көптеген туындылардың әуенін талантты жас сазгер Өмірзақ Махамбет жазғанын бірі білсе, бірі білмейді. Сол себепті соңғы уақытта елге сазгерлік қырынан көрініп жүрген жас талантты халыққа таныстырып, өнерін насихаттауды жөн көрдік.
– Өмірзақ, сөз басын туып-өскен ортаңнан бастасақ...
– Мен 1998 жылы «көшесі көшпес баққа апаратын» шырайлы Шымкентте дүниеге келдім. Өзіңізде білетін шығарсыз, біздің өлкеде ән-жыр десе ішер асын жерге қоятын жандар көп. Шетінен дарынды. Қазіргі өнер әлемінде жүрген аға-апаларымыз бұл сөзіме дәлел бола алады. Білмеймін, соның әсері ме, әйтеуір бала кезімнен сырлы сазға құмар болып өстім. Республикалық, облыстық, байқауларға қатысып, оқ бойы озық шығатынмын. Талай рет жүлделі болдым. Ата-анам да өнерден құралақан емес. Әрқайсысының бала жұбатары бар. Әке-шешемнің берген тәлім-тәрбиесі, өскен ортамның өнерден алыс болмауы менің сазгерлікке келуіме үлкен ықпалын тигізді.
– Өміріме өнерді серік еткесін жұмысым да осы музыкадан алыс емес. Мектеп бітіре сала атбасын Алматыға бұрдым. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқып жүрмін.. Ән жазумен айналысамын. Әншілерге шығармаларымды ұсынып, жомарттығына қарай бұйырған қаламақымды аламын.
– Сен әнін жазған біраз өлеңдер «хитке» айналды. Қай туынды сені танытып, қай туынды бағыңды ашты деп ойлайсың?
– Шынына келсем, ел арасында кеңінен таныламын деп ойламаппын. Мен көбіне өзімнің үзеңгілес бауырым Рамазан Амантаймен шығармашылық байланыстамын. Ең алғаш әнім де сол жігіттің сөзіне жазылды. Соңғы 2 жылда екеуміз бірге 15-ке тарта ән жазыппыз. Оның ақындығына тәнтімін. Сөздері әсерлі, жүрекке жылы тиеді. Әрі ол да, мен де лирикалық өлеңдерге құштармыз. Осылайша ән мен сөз үйлесім тауып кеткесін біршама ән жарыққа шықты деп ойлаймын. Қазіргі таңда Төреғали Төреәлінің орындауында «1:0», «Қайда?», «Жан жарым-ау», «Түнгі вальс», «Махаббат», «Ауа-райы», Ернар Айдардың «Жанымның дәрігері», «Махаббатымсың», Қуандық Рахымның «Моншақ», «Проблема жоқ», «Неке жүзік», Әділет Жауғашардың «Жариялаймын жекпе-жек», «Саяхатшы қыз», Жолдасбек Абдихановтың «Біз екеуміз бір адамбыз», Дана Кентайдың «Керексіз бөтен адам», «Қоштасудың кафесі», Melomen тобының орындауында «Даусыңды сағындым» секілді т.б. өнер жұлдыздарының ән қоржынында екеуміз жазған әндер бар. Әр туындының өзіндік шығу тарихы болған соң, мына ән менің атымды шығарды немесе мынау сәл әлсіздеу шықты деп бөліп-жарып қарай алмаймын.
– Өзің айтқандай, өнерге келгелі бұдан да өзге біршама танымал әннің әуенін жаздың. Танымал болар әуенді талай танисың?
– Әннің ырғағы, өлеңнің негізгі ойы ол әннің өміршеңдігін не ұзаққа бармайтынын бірден аңғартады. Бүгінде бұл әндер хитпарадтардың алдыңғы шебінен көрініп, танымал болып жүр. Бірақ бұл жерде айта кететін тағы бір жайт, әннің «хит» атануына бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде сөзін жазған ақынның нақышына келтіруі, орындайтын әншінің де еңбегі ерекше әсер ететінін айту керек. Қазіргі таңда әндерімнің басым бөлігін жас әншілер үлкен сахналарда айтып жүр.
– Халқымыз “Жігітке жеті өнер де аз” дейді. Жалпы сазгерліктен өзге біз білмейтін тағы қандай қырларың бар?
– Түйе мінген қазақтың бәрі төрт шумақ өлең шығара алады. Айналамда өзі аздап сөз жазатын, сазын да келтіретін ақын достарым көп. Кейде солар сияқты менің де бір шабыт келгенде өлең жазатыным бар. Көңіл қошым келгенде қойын дәптеріме түртіп қоямын. Алайда оны жариялаған емеспін. Сонымен қатар гитара, пианино, баян секілді бірнеше аспаптарда ойнаймын. Бірақ ән шығарғанда көбіне гитарамен сүйемелдегенді ұнатамын.
– Әрине. Осыдан бір ай бұрын ғана өнердегі екі ағам келіп, ат төбеліндей қазақтың бір екенін, тұтастығын көпке паш ететін бір ән жазсақ деп ұсыныс айтты. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, сөзін жазған айтыскер ақын. Ақылдаса келе, осы күзде Отансүйгіштік, ұлт болмысы бағытында бір туынды көрерменге жол тартпақ. Жарыққа шыққан кезде бағасын берерсіздер. Егер халық жылы қабылдап жатса, келешекте бұл бағытта да тер төгуге қарсы емеспін.
– Қазақстанда сазгерлердің көпшілігі әуелі әндерін «хитке» айналдырып алады да, араға біраз уақыт салып өздері де үлкен сахнаға шығып жатады. Өзіңнің эстрадада ән айтам деген ойың бар ма?
– Шынымды айтсам, ол жағын мүлде ойланбаппын. Әрине, әу демейтін қазақ жоқ ғой. Бірақ мен тек сазгерлік жолымды жалғастырып, өзімді одан әрі дамытқым келеді. Қазір музыка әлемінде бағыттар көп. Әр жанрда ән жазып, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев ағаларымыз сияқты танымал композиторлардың ізін басу – менің негізгі мақсатым. Алла қаласа, ниетімнің нәтижесін көрерсіздер деген ойдамын.
– Қазір қазақ сахнасының төрінде «қойыртпақ» әндер шектен тыс көбейіп кетті. Осыдан кейін әннің де құндылығы жоғалып, тыңдарманның да талғамы түсіп кеткендей. Біздің өнерге дендеп кірген осы батыстық сарын жайында не айтасың?
– Бүгінде қазақ эстрадасында орындалып жүрген көп ән батыстан келген дүниелермен араласып, біраз өзгеріске түсті. Жаңа бағыттар пайда болды. Ертеректегі Біржан сал, Ақан сері, Естай, бертін келе Шәмші сияқты ұлы тұлғалардан қалған киелі ән өнерінің бағыты бұрмаланып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі кезеңде төрт аяғы тең түскен қара өлең, қазақылықтың иісі шығып тұратын, бояуы қанық әндер тасада қалып жатыр. Оның себебі жеңіл әуендерге сұраныстың артуы десек болады. Әншілер де тойға арналған, билеуге ыңғайлы немесе тез танылатын, көп ойлануды қажет етпейтін әндерге жиі тапсырыс береді. Осыдан келіп ақын да, сазгер де көбіне сол сұранысқа қарай жұмыс істейді. Мұның барлығы уақыт өте келе түзеледі деп ойлаймын.
– Соңғы сауал. Шыны керек, қазір ән айтатын әншілер танылып, олардың жұлдызын жаққан сазгерлер көп жағдайда тасада қалып жүр. Осы жағдайды түзеп, сазгерді де елге таныту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі әнші өзі – сазгер, өзі – ақын әрі орындаушы. Бұл – бүгінгі қазақ сахнасындағы өнер иелерінің көбінің болмысы деуге болады. Бұл жағдайды түзеу үшін ақын мен сазгерге ерекше мән беру керек. Оған қоса әншілер шығармашылық кеш барысында, жиындарда ән мен сөздің авторын насихаттай білуі қажет. Себебі әркім өз қазанында қайнағанда ғана өнер жанданады.
– Сұхбаттасқаныңа рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтілек БІТІМБАЙ