» » » Әбу Насыр әл-Фарабидің жазбаларынан

Әбу Насыр әл-Фарабидің жазбаларынан

  Егер ел билеуші шынайы қайырымдылықтың жаршысы бола білсе, онда оның халықты басқарудағы басшылық қызметі де сан алуан жақсылық істерге толы болады. Дәл осындай игілікті мақсатты ойдағыдай жүзеге асыра білгенде ғана елбасының өзі де, оның қол астындағы әрбір адам да шексіз бақытқа кенеледі, ал мұндай жағдай нағыз бақыттың өзі болып саналады.
...Ал ел билеуші надандықтың жолына түссе болғаны, ол міндетті түрде өзінің ойындағы арам пиғылдарын жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп оның қызметінде билік пен мансап, тәкаппарлық пен намысқойлық, байлық пен масайраушылық басты орынға шығады. Дәл осындай жолға түскен ел билеуші шын мәнісінде бақытты болмаса да, өзін тым бақытты сезінеді. Мұндай ел билеуші тікелей өзіне бағынышты адамдардың көмегі арқасында өз үстемдігін баянды етіп қана қоймай, оны одан әрі нығайта түсуге жанталасады. Алайда ел билеуші халқының қолын берекеге жеткіздім деп есептегенімен де, шын мәнісінде бұл игі мақсат жүзеге аспаған күйінде қалып қояды. Мұндай пиғылдағы ел билеушілер, әдетте басқалармен салыстырғанда, өздерін ерекшеміз деп санайды.
Жаңылыстар мен қателіктерге ұшыраған ел билеуші өзінің халықты басқарудағы қабілеттері мен даналық қасиеттерінің жоғары екендігіне шек келтірмейді. Дәл осылай болмаса да оның өзі де, одан қалды оның қол астындағылар да дәл осылай ойлауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ел билеушінің өзі де, оның елі де шынайы бақытқа қолын жеткізбесе де, оны сезінгендей күй кешеді. Халықты басқарудың дәл осы сипаттағы жолдарының жалғандыққа негізделгеніне қарамастан, бағынышты халық оны көп жағдайда сезінбей де қалады. Сондықтан да болар, олар ел билеушінің бойында рақымшылдық пен даналық қасиеттердің мол екеніне кәміл сенеді. Мұндай көзбояушылықты билеуші де, оның қарамағындағылар да жан дүниесімен нағыз бақытқа санайды. Сөйтіп олар ел билеушіні қолдау арқылы оның көкейіндегі надандық пен білімсіздіктен туындаған мақсаттарының кейбіреулерінің орындалуына жағдай да туғызады.
***
Ізгілікті дін арқылы айқындалған көзқарастар ақиқат тәрізді немесе нағыз ақиқат екені даусыз.
Ал ақиқат дегеніміздің өзі – әр адамның білімділігі мен табиғи қасиеттерінің арқасында көз жеткізген өмір шындығы.
***
...бақыт атаулының екі түрі болады. Оның алғашқысы – сырттай қарағанда бақыт болып көрінгенімен де, шын мәнісінде нағыз емес түрі. Ал, екіншісі – өзінің мәнділігімен ерекшеленіп, ешқашанда айырбастауға болмайтын шынайы бақыт. Бұл дүниеде де, о дүниеде де жүзеге аспайтын бақытты шектелген бақыт деп атаймыз. Ал сырттай қарағанда бақыттылықтың сипаттары болғанымен де, шын мәнісінде нағыз бақыт болып саналмайтын бақыттың түрін байлықпен, шат-шадыман өмірмен, атақпен, даңқпен және даңққұмарлыққа бой ұрушылықпен теңестірілгендіктен оны халық игілігі деп те атайды.
***
Шексіз бақытқа жетуге дәнекер болатын өнегелі өмір салты, салт-дәстүрлер мен ерік-жігер – өзінің мәні-мағынасы жағынан шынайы әдемілік пен ізгіліктің, игіліктің қайнар бұлағы.
Ал мүлде қарама-қарсылық сипатында жасалынатын қылықтар мен қабілеттер сырт көзге ізгілікті және әдемі болып көрінгенімен де, шын мәнісінде, мұндай қасиеттерден жұрдай болып келеді. Оларды зұлымдықтың санатына кіргізетініміз де осы себептен болар.
***
Парасаттылық дегеніміз – қала халқына, қалалар мен қауымдарға тікелей қатынасты іс-әрекеттер барысында жинақталған тәжірибелер арқылы сипатталатын ерекше күш.
Ғылымның пайымдауынша, ізгілікті қала тұрғындарына ең пайдалысы мен ең ізгісі – алғашқы билеушінің алдын ала белгілеуі бойынша басшыларды белгілі бір уақыттан кейін ауыстырып отыруы.
***
Ғылым Алланың салып берген ізгі жолы мен ол меңзеген игі қасиеттерге бірінші ел басшысының қалайша ие болатынына да көңіл бөледі. Соның нәтижесінде ол құдіреті күшті Алла сыйлаған қадір-қасиеттері арқылы бүкіл қаланы, халықты ойдағыдай басқару қабілетіне ие болады. Осындай жағдайда ғана бірінші басшының билігі мәнге ие болып, орнатылған тәртіптер жүйесі қала өмірін жан-жақты қамти бастайды.
Ғылым құдіреті күшті Алла бүкіл әлемді қалай басқарса, ізгілікті қаланы да дәл осылай басқаруға болатынын түсіндіріп береді. Шапағаты мол Алланың әлемді басқаруының ізгілікті қаланы басқарудан айтарлық айырмашылығы болса да, олардың арасында тамаша үндестік бар екені ақиқат болар. Дәл осындай жарасымды үндестіктің осы бір жарық дүниені толық қамтып қана қоймай, ізгілікті қаланың немесе түрлі халықтың өз арасында да қалыптасатыны дау тудырмайды.
Ізгі қаланың түрлі органдары мен ерік-жігері қабілеттерінің арасында қандай бірлік, өзара байланыс, қалыпты тәртіп пен бірлескен әрекет қандай қажет болса, ізгі халықтың өз араларында да дәл осындай қоғамдық қасиеттер ауадай қажет.
Бүкіл әлемді билеуші бұл пәни дүниенің барлық табиғи органдарын өзара келісім мен жан-жақты қарым-қатынастарға, табиғи реттілік пен өзара ынтымақтастыққа сай етіп жаратқандықтан, олардың барлығы да басты мақсат үшін қарекет ететін бір заттай болып көрінеді. Олай болса, халықты басқарып отырған билеуші де қала мен халықтың арасында және олардың тыныс-тіршілігі мен жан дүниесінде де дәл осындай келісім, өзара тығыз қарым-қатынастар мен бірлескен әрекеттерге әкелетін органдар мен ерік-жігер жүйесін қалыптастыра да білу қажет сияқты. Сонда ғана жеке бір халық немесе халықтар өзінің әртүрлілігіне, өз жағдайы мен қарекеттеріне қарамастан, іс-әрекет бірлігі арқасында күш-жігерін басты мақсатқа жұмылдыра алады.
Ғылым дәл осындай құбылыстың адам денесі мүшелеріне де тән екенін дәлелдеп береді.
***
Кез келген адамның қалайтыны, мақсаты – бақыт. Еңбектену арқылы сол мақсатқа ұмтылған адам осы мақсатты да кемелдік деп ойлағандықтан ғана оған ұмтылады. Бұл өте айқын, оған анықтама берудің керегі жоқ. Адам өзін тартатын кемел мақсатқа оның тек қана жақсылық болғаны үшін ұмтылады. Жақсылықты адамның қалайтыны күмәнсіз. Бірақ таңдалатын және қаланатын нәрсе жақсылық болғандықтан және көзделген мақсаттар көп болғандықтан, бақыт қаланатын қайырлы нәрселердің ең пайдалысы болу керек.
Бақытқа қол жеткізер болсақ, бұдан кейін басқа бір мақсат үшін еңбектенуді қажетсінбейміз. Сенімді болғанымыздан бақыттың тек өзі үшін қаланатыны, ешқашан басқа нәрсе үшін қаланбайтыны байқалады. Бұл жерде де анық байқалатын нәрсе бақыт дегеніміз – жақсылықтардың ең абзалы, ең жоғарғысы. Шын мәнінде, айтып өткеніміздей, біз бақытты болсақ, одан басқа нәрсеге мұқтаж емеспіз деп сенеміз. Мұндай нәрсе – онымен қанағат етуге тұрарлық нәрсе.
Әрбір адамның бақыт дегеніміз мынау деп ойлайтыны немесе тоқтамға келген нәрсесі туралы сенімі біздің жоғарыда айтқан сөзімізді қуаттайды. Сол себепті адамдар бақыттың не екенін анықтауда әртүрлі пікірлерде болып, кейбірі бақыт – байлық, басқа біреулер бақыт басқа нәрсе десе, бұлардың әрқайсысы бақыт деп өзі ойлайтын нәрсеге байланысты ең жоғары, ең үлкен және ең кемел жақсылық мынау деп сенеді. Өйткені жақсылықтар арасындағы бақыттың мәртебесі осындай.
Бақыттың мәртебесі мұндай болса, адамзатқа тән кемелдіктің шыңына жеткісі келген және оған жеткізетін нәрселерді қолға түсіргісі келген адам үшін мұнан шығар жол болуы керек.
Менің былай дегім келеді! Адам өмірінде кейбір халдер бар. Адам оған байланысты мақтау да, сөгіс те алмайды. Мақтау да, сөгіс те алатын кейбір жағдайлар да кездеседі.
Адам бақытқа кейде мақтау немесе сөгіс алатын жағымен қол жеткізе алмайды. Бәлки, бақытқа қол жеткізуге жарайтын халдер, мақтау мен сөгіс алуға себеп болатын халдердің ортасында болар.
Адамның мақтау немесе сөгіс алатын халдері үш түрлі болады: 1) отыру, тұру, жату, көру мен есту секілді дене мүшелерін қолдану арқылы пайда болатын әрекеттер; 2) жыныстық құмарлық, ләззат, жақсы сезім, өкпе, қорқыныш, қалау, уайым, талпыныс тағы сол сияқты пайда болатын халдер; 3) жақсы мен жаманды санамен айыра білу. Бұлардың әрқайсысына байланысты адам мақтау мен сөгіс алады. Адам жаман әрекетке барса – сөгіс, жақсы әрекет жасаса – мақтау алады. Нәпсілік қалаулары орынды болса мақтау, орынсыз болса сөгіс естиді. Сол сияқты жақсы мен жаманды айыра білсе, мақтау естіп, жаман болса сөгіс алады.
Жақсы мен жаманды айыру я дұрыс сенімге ие болу немесе өзіне берілген нәрсені ажырата білуге шамасы жету деген сөз. Оның жаман болуы – білгісі келген мәселеде дұрыс болсын, бұрыс болсын ешқандай қорытынды шығара алмауында.
Адам нені және қалай ажырататынының мәніне жетіп, өмір бойы жақсы мен жаманды айырар болса, міне, сонда ғана бақытқа жете алады.
Адамның істері, нәпсілік қалаулары мен жақсы мен жаманды айыруы айтылғандарға керісінше болса, яғни өміріндегі істеген барлық ісінде өз еркімен жаман істер істеп, оны қалайтын болса, нәпсілік қалауларында да жағдай дәл осындай болса, барлық мәселелерде және өмірінің әрбір сәтінде жақсы мен жаманды ажырата алмаса, ол адам бәлеге душар болады.
Өзімен жақсы мен жаманды ажырату немесе ажырата алмау пайда болатын хал екі түрлі болады. Бірімен жақсыны ажырата алу (қабілеті) пайда болады. Бұл зеректік қуаты (қуат-әл-зихи) делінеді. Екіншісімен де жақсыны айыра алмайды. Бұл көкірек көзінің соқырлығы делінеді.
***
Адамның мінез-құлқының кемелдігі – халықтың да кемелдігі. Адамның мінез-құлқын кемелдендіретін іс-әрекеттер адамның тәнін кемелдендіретін іс-әрекеттерге ұқсайды. Тәннің кемелдігі – денсаулық. Денсаулық бар болса, оны сақтау керек. Жоқ болса, оған жетуге тырысу керек. Тәнді сауықтыратын іс-әрекеттер тек қана қалыпты деңгейде болса ғана саулыққа жетуге болады. Мысалы, тамақ қалыпты деңгейде болса, онымен саулыққа жетуге болады. Сол сияқты шаршау орта деңгейде болса, ол арқылы қуатқа ие болуға болады. Дәл сол секілді іс-әрекеттер де орта деңгейде болса, солар арқылы жақсы мінез-құлыққа ие боламыз. Сауықтыратын іс-әрекеттер орта деңгейді жоғалтқан кезде саулық болмайтыны секілді мінез-құлыққа жеткізетін іс-әрекеттердің де орта деңгейін жоғалтқандары дағдыға айналған кезінде жақсы мінез-құлыққа ие бола алмаймыз.
***
Тән сияқты жанда да өзіне тиесілі денсаулығы және науқасы болады. Жанның саулығы сол: оның өзінің және оның бөлшектерінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдайым ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады. Ал жанның науқастығы сол: оның өзінің және бөлшектерінің жайы нашар халде болуының әсерінен әрдайым жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі және сорақы әрекеттер жасалады. Тәннің саулығы сонда, онда өзінің және бөлшектерінің жайы сондай бір халде болады, мұның әсерінен жан өзінің әрекеттерін барынша толық, барынша мінсіз жасайды; олар тән және оның бөлшектері жасайтын әрекеттердің жақсы немесе жаман болуына қарамай жүзеге асады. Ал тән науқастығы сонда, онда өзінің және оның бөлшектерінің жайы сондай нашар халде болады, мұның әсерінен жан тәннің немесе оның бөлшектерінің көмегімен жүзеге асыруға тиісті әрекеттерін ойдағыдай жасай алмайды немесе өзіне тән емес қасиетпен өзіне қатысты ғана түрде жасайды.
***
Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекеттерін жүзеге асыруға көмектесетін жан қасиеттері – ізгілікті қасиеттер, ал адамның пасық істері мен оңбаған әрекеттер жасауына себепші болатындары – сұрқиялық, кемістік немесе опасыздық болып шығады.
***
Тәнді емдеуші – дәрігер, ал жанды емдеуші – әмірші деп аталатын мемлекеттік қайраткер.
***
Адамдар тәнін емдейтін дәрігер бүкіл тәнді, оның бөлшектерін, бұлардың тұтас денеге қатынасын білу керек: тәнді, оның бөлшектерінің әрқайсысын ауыртатын жайттарды, олардың қайдан және қаншама көп себептерден пайда болатынын білу керек, оларды қалай емдеу керектігін және тәнде болатын әрекеттер тәннің және оның бөлшектерінің қандай күйінде мінсіз және толық болып шығатынын білу керек. Дәл сол сияқты, жанды емдейтін мемлекет қайраткері немесе әмірші бүкіл жанды, оның бөлшектерін, жанға және оның әрбір бөлшегіне зақым келтіретін кемшіліктер мен кеселдерді, олардың қайдан және қаншама себептерден туатынын білу керек; адамның игілікті істер істегендегі жай-күйін, бұлардың қанша екенін, қала тұрғындарының кемшіліктерін қалай жоюды, қала тұрғындарының жан жүйесіне біткен қайырымдылықтарды қалай нығайтуды, оларды (бұл қайырымдылықтарды) қалай сақтауды, сөйтіп олардың жойылуына жол бермеуді білу керек. Дәрігерлерге тән туралы, балташыға ағаш туралы, ұстаға темір туралы білу өз өнері үшін қанша керек болса, тек сонша білу керек болатыны сияқты, ол да жан туралы білгенде, өзінің өнері үшін қанша керек болса, сонша білу керек.
***
Жанның басты бөлшектері мен күштері бесеу: нәрленетін, түйсінетін, сезетін, ұғатын және ақыл-парасатты.
***
Игіліктер екі түрлі болады: этикалық және интеллектуалдық. Интеллектуалдық – (жанның) ақыл-парасаттылық жағына жататын қайырымдылық. Мәселен, даналық, парасат, ақыл-ойдың тапқырлығы мен өткірлігі, ұғымталдық. Этикалық ізгіліктер – бұлар (жанның) ұмтылуы жағына жататын ізгіліктер, мәселен, ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік. Жаман қылықтар да осылайша бөлінеді.
***
Этикалық ізгіліктер мен жаман қылықтар адам жанында кісілік (сападан) туатын әрекеттердің белгілі бір уақыт бойына көп рет қайталануы және оған бой үйренуі нәтижесінде пайда болып, тұрақтайды.
***
Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, ізгілік пен жаман қылық та адамға әуел бастан, жаратылысынан дарымайды. Бірақ ізгіліктер немесе жаман қылықпен (байланысты) күйге жаратылысынан бейім болуы мүмкін, сонда оған қандай да болсын басқа әрекеттерден гөрі әлгі (күйден) туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болады. Дәл сол сияқты, ол жазумен немесе қандай да болсын басқа өнермен байланысты әрекеттерге бейім болуы мүмкін, сонда ол қандай да болсын басқа әрекеттерден гөрі әлгі әрекеттерді оңайырақ орындайды. Сонымен, оны қандай да болсын сырттан келген басқа бір ниет қарама-қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуел бастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ келетін әрекетке бет қояды.
***
Өнер біткеннің бәріне жаратылысынан бейім адамның болуы шындыққа сыймайтыны сияқты, ізгілікке, этикалыққа және интеллектуалдылыққа – бәріне жаратылысынан толық бейім адамның болуы шындыққа сыймайды, ол мүмкін емес. Дәл сол сияқты кемшілік біткеннің бәріне жаратылысынан бейім адамның болуы да шындыққа сыймайды және мүмкін емес. Бұл жағдайлардың екеуі де мүмкін емес.
***
Қайырымдылық адамдар жанынан берік орын алғанда, не адамдар ұстамды болғанда қалаларда теріс қылықтар жойылады. Қайсыбір адамнан таралатын жауыздықты оның жанынан берік орын алған қайырымдылықпен де, ұстамдылықпен де жою мүмкін болмаған жағдайда оны қалалардан аластайды.
***
Қаланың қажетті болуы да, ізгі болуы да мүмкін. Қажетті дейтініміз – адамның күн көруі, тамақтануы және өмірін сақтауы үшін әртүрлі бөлшектері бір біріне көмектесіп отыратын қала. Ізгі дейтініміз – бұл адамның шын болмысына, оның өмір сүруіне, тамақтануына, өмірін сақтауына байланысты ең үздік табыстарға жету үшін, өз тұрғындары бір біріне көмектесіп отыратын қала. Кейбіреулер ләззат алуды ең жоғары бақыт деп есептейді. Енді біреулері байлықты бақыт деп санайды. Үшінші біреулер бақытты – сол екеуінің ұштасуы деп біледі.
***
Шын билеуші – қалаларды басқарғанда өзі қолданатын өнерде өзі үшін және қаланың басқа тұрғындары үшін бақыт орнатуды өз талабының мақсаты және өмірлік ісі етіп алға қоюшы адам. Ізгі қалалар билеушісінің ең бақытты адам болуға тиістілігі – логикалық қажеттілік, өйткені қала тұрғындарының бақытқа жетуіне оның өзі себепші болады.
***
Кейбір (билеушілер) қалаларды басқарудағы мақсат – ұлылық, құрметтеу және тыйым салу, бағындыру, сыйлау және даңқын асыру болу керек деп ойлайды. Құрметті қалағанда, олар өзіне соған жетуге көмектесетін басқа бірдеңелер үшін емес, өзінің сол көздеген мақсаты үшін қалайды. Қалаларды басқарғанда өздері жасайтын әрекеттерді мақсатқа жетудің құралы етіп пайдаланады. Қаланың заңдарын тұрғындардан сол мақсатты жүзеге асырту үшін пайдаланады. Олардың кейбіреулері осы мақсатына жеткенде қала тұрғындарына қайырымдылық, қамқорлық жасай отырып, қала тұрғындарының пікірінше, (шын) игілік болып табылатын игіліктерге ие болуға бағыттай отырып, игіліктерді сақтай отырып, игіліктерді соларға ғана бере отырып жетеді.
Осындай жолмен олар ұлы құрметке ие болады. Бұлар – құрметті әкімдер және әкімдердің ішіндегі ең абзалы. Солардың кейбіреулері құрметке байлығымыз арқасында ие боламыз деп ойлайды. Олар құрметке ие болу үшін қала тұрғындары арасында бәрінен де байлығы асқан адамдар болуға тырысады. Енді біреулері құрмет тек ата-тегіне қарай көрсетіледі деп ойлайды. Басқа біреулер құрметке қала тұрғындарына зорлық-зомбылық жасау, оларды бағындыру, қорлау, қорқыту жолымен жетпек болады.
Ал басқа бір қала билеушілері қалаларды басқарудағы мақсат – баю деп ойлайды. Басқарғанда қолданатын әрекеттерді байлық табуға пайдаланады, қала тұрғындары үшін (шығарылатын) заңдарды олар сол қала тұрғындарынан байлық табуға көмектесетін заңдарға айналдырады, ал егер олар қандай да болсын бір игілік іс жасауды орынды көрсе, оны тек сол байлық табу үшін жасайды. Бұл соңғыларын пасық әкімдер деп атайды.
***
Билеуші билеуші болуы керек, өйткені ол ел билеу өнерін және қалаларды басқару өнерін біледі, сөйтіп өзінің өнерімен оның даңқы шықты ма немесе шықпады ма, өзіне қолайлы құралды тапты ма әлде таппады ма, өзінің айтқанын екі етпейтін адамдарды тапты ма әлде таппады ма, бұл адамдар оған бағына ма әлде бағынбай ма, бұларға қарамастан, ол өзіне қаланы басқаруға тура келген уақытта бұл өнерін әрдайым қолдануға қабілетті болады.
Кейбіреулер жұртты өзіне бағындыра алмаған, құрметті бола алмаған адамда басқару өнері бола тұра, оны әкім деп атауға болмайды деп ойлайды. Енді біреулер басқару өнеріне қоса байлығы болу керек деп есептейді, үшінші біреулер бұған тағы да билікті, зорлауды, қорлауды қосу керек деп есептейді. Бұлардың ешқайсысы билеуші кәсібінің атрибутына жатпайды. Бұл қасиеттер әкім үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ осының бәрін басқарудың мәнін құрады деп айту босқа алданғандық болады.
***
Шын білім – кейде емес, әрдайым ақиқат, анық болатын білім, белгілі бір уақытта болатын білім және кейіннен болмауы да мүмкін білім емес, өйткені егер біз (тек) қазір ғана бар, бірақ уақыт өте келе оның болмауы мүмкін нәрсені білсек, онда біз оның бар не жоқ екенін біле алмаймыз, сөйтіп біздің сеніміміз күмәнға және жалғанға айналуы мүмкін. Ал (мұндай) аңғару білім де, анық мәлімет те бола алмайды.
***
Даналық дегеніміз – қалған басқа заттардың болмысын айқындап беретін шалғай себептерді және себептері бар заттардың жақын себептерін білу.
***
Қаланың сақтық қоры дегеніміз – қаражат таппайтын адамдар үшін жинайтын заттың бәрі. Барлық қала әкімдернің пікірінше, сақтық қоры ең алдымен дәл сол адамдар үшін жинап сақталуға тиіс.
***
Ізгі адам ажалды жақындатуға ұмтылмауы тиіс, қайта өмірді ұзартуға барынша тырысуы керек, өмірі ұзара берсе, мұның өзі оған бақытты ететін істерді көбірек істеуге мүмкіндік туғызады.
***
Екі адамды мысалға алайық: біреуі Аристотельдің барлық физика, логика, метафизика, саяси және математика кітаптарында жазылғанның бәрін біледі, ал оның әрекеттерінің бәрі немесе көпшілігі жалпы қабылдаған пікірде тамаша, жақсы деп танылғанға қайшы келеді; ал екінші адам бірінші адам білетін ғылымдарды білмесе де, оның әрекеттері жалпы қабылдаған пікірде өте жақсы деп танылғанға үйлеседі. Демек, әрекеттерінің бәрі жалпы қабылдаған жұртшылық пікірінде өте жақсы деп танылғанға қайшы келетін бірінші адамға қарағанда бұл екінші адам философ болуға жақын тұрады.

Дайындаған: Ж.САҒИДА
09 қазан 2020 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930