Адам қайраты
«Шегінерге жол жоқ. Артымызда Мәскеу» деген батыр Б.Момышұлының сөзін құлағымызға сіңіріп өстік. Содан болар, қай істі бастасақ та, «шешінген судан тайынбасты» алдымызға қоямыз. Жүрек дүрсілін жиілетіп, сауырға қамшы бастыратын осы сөз дегеннің құдыретін айтсаңшы. Бауыржан Момышұлы шығармаларын оқыған бүгінгі ұрпақтың бойында ана тілін ардақтау, Отанды сүю, үлкенді құрметтеу ұғымы қалыптасатыны анық.
«Адам қайраты» әңгімелер жинағындағы шығармаларын оқи отырып, әр адамның қаншалықты күші болатынын, бойдағы қайрат пен жігерді қалай жанитынын ұғынасың. Оқ пен оттың ортасында жүріп, Отанды сүюдің, сол сені өмірге әкелген алып даланың өзің үшін қаншалықты қымбат болуға тиіс екенін түйсінесің.
Тарих беттерінде бар ғой, әрбір майданда елдің рухын көтерер бір ақын, бір жазушы болатыны. Айбынды батыр Исатайдың сенімді серігі марқасқа Махамбет сарбаздардың сағын сындырмай, өлең-жырмен еңсесін тіктетті. Міне, екінші дүниежүзілік соғыста Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Сырбай Мәуленовтер осындай еңбек атқарды.
Балаға сын айту керек. Бірақ арқадан қағу да артық болмайды. Міне, батырдың «Ана тіліңді ардақта!» өлеңінде ана сүтімен дарыған туған тілін сүюдің қаншалықты маңызы бар екенін айғақтайды. Тіпті орыс тілінде шүлдірлеген кейбір қандастарымыздың ана тілін меңгеріп кетуіне де осындай сөздер сауырға қамшы басып отырады. «Өз тіліңді сүй, өзге тілді құрметте» деген осыдан қалған тәрізді.
Біз педагог ретінде балаға тек білім берумен шектелмейміз. Санасына сәуле шашып, ұлт руханиятының ұлы қырларына баулимыз. Ержүрек қазақтың ақжүрек ұрпағы болуына, батырлық пен батылдықты бойына сіңіруіне Бауыржан Момышұлындай қаһармандардың сөзін арқау етеміз.
Біз ұлтын сүйген ұландарды тәрбиелеуді бүгіннен бастамасақ, ертең кеш болатынын ойлауымыз керек.
Айқын ІЗБАСАРОВ