ЕЛ ДАМИДЫ,ЕРІКТІ КӨБЕЙЕДІ
Ерікті болу – ерлікпен тең. Өйткені әрбір адамға өз еркімен қоғамның дамуына атсалысуға мүмкіндік береді. Еріктілер – елдің шынайы патриоты, солүшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстаным мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізеді. Биылғы Еріктілер жылы ел жастарын «бір үйдің баласындай» біріктіріп, іскер азаматтарды қайырымдылық жасауға шақыруда. Сол жастардың азаматтық бастамасының көпшіліктен қолдау тапқанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз.
Сонымен, ерікті дегеніміз кім екен? Жалпы олардың дүние жүзіндегі және біздің еліміздегі белсенділігін қалай бағалауға болады? Волонтерлықтың әлем бойынша кең таралып, жалпы ғаламдық қозғалыс пен белсенді күшке айналғанын жақсы білеміз. Статистикалық деректерде, жер шарында бір миллиардқа жуық адам волонтер болып есептеледі. Ал біздегі еріктілер саны он алты мыңға жуық. Ел Президенті бұл көрсеткішті аз деп санайды. Оның санын жүз мыңға көтеру үшін көптеген шаруалар атқарылуы керек деп отыр. Яғни, халықтың еріктілерге оң көзқарас қалыптастырып, осы игі іске жаппай жұмылдыру керек. Еріктілер еңбегінің әлемдік дамуға тигізер пайдасы көп. Мәселен, жаһандық ішкі өнімнің 2,5%-ы еріктілердің маңдай тері мен атқарған жұмысының нәтижесі. Көптеген мемлекетте волонтер болу қалыпты жағдай саналады. Кейбір деректерде Франция жұртшылығының жартысына жуығы ерікті делінеді. Сол сияқты Германия, Жапония секілді дамыған елдерде еріктілер саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстанда осыдан 6-7 жыл бұрын ерікті сөзі өте сирек қолданылатын. Оның мағынасын ашып, ішіне үңіліп жатқандар да аз еді. Ал бүгін де олар қоғамның бір мүшесіне айналды. Иә, еріктілердің болуы міндетті, ол мемлекетпен бірдей деңгейде дамуы керек.
Аймереке ШӘКИЗАДАЕВА