» » » Мықтыбаев – мық шеге

Мықтыбаев – мық шеге

Әріптеске лебіз
 Журналистикадан қол үзіп қалған мені қайта қатарға қосқан осы Нұрсұлтан Мықтыбаев еді. Мықтыбаевты көргенде «есім-сойы келісіп-ақ тұр екен!» деп ойладым. Жалындап тұрған жігіт екен. Кесіп кесек сөйлейді.
Сол жолы «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясында «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшылығы бар, танымал журналист, белгілі әнші-күйшісі бар, ауданымызға топ ете қалды. Сол санаулы сағатта жазылым мәселесі де, оқырманмен кездесу де, «Өрімтал» жас тілшілер байқауы да зу етіп өте шықты. Шашауы шықпаған, қиюы келіскен керемет шара өтті. Осы шараның басы-қасында Нұрсұлтан Ертуғанұлы жүрді. Минут-секундына да дейін санаулы. Тіпті аудандағы мәдениет үйінің қызметкерлерін де зыр жүгіртіп қойыпты. Бүгін көріп тұрса да, бәрін бір үйдің баласындай етіп ұйымдастыра қойған. Сол сапарында тілші боп енді қатарға қосылғанына екі апта болған маған: «Аудандық газетке редактор боласың» деп қояды. Сыртыңнан кесіп, келісіміңді алмастан «боласың!» деп бұйырып тұрғаны ұнамай қалды. Бұртиып мен қалдым, «айттым, бітті» деп ол кетті.
Содан бір күні қоңырау шалып: «Сіз туралы үш адам пікір айтса, екеуі «мінезі бар, қисық», «пәле ғой» деді. Мінез болуы керек. Неге келіспей тұрғаныңызды түсінбей тұрмын. Қырыққа келгенше өзіңізді көрсете алмаған екенсіз. Тап қазір бұл сізге беріліп отырған мүмкіндік, лапылдап жанып, бір көрінетін кезіңіз ғой. Осы бықсуыммен жүре берем десеңіз, өзіңіз біліңіз» деп тұтқаны қоя салды. Айтқаны ой салды. Намысымды оятып, жігерімді жаныды.
Содан қайта кездестік. Алдындағы экранда мақала емес. 1С бағдарламасы. Кейін есеп-қисапты да, мемлекеттік сатып алу, салық заңнамасын көрсетті. Менімен сөйлесіп отырғанда тек отырмапты. Аузы сөйлеп отыр, қолы «Приуралье» газетінің макетін түзеп, күзеп, екі тақырыпты ортасынан бір сызып, өзінің нұсқасын да жазып үлгерді. Жас та болса, үлкен ұжымға бас болып отырған Рауан Сәбитовтің, Нұрсұлтан Мықтыбаевтың сөз саптаулары, газетке қоятын талаптарына қарап: «Е, е, мыналардың көшіне ілесу қиын екен. Бес жыл емес, бір ғасыр артта қалыппын ғой» деп қорқа-соқтағаным рас.
Қош, сонымен мен де сол көшке ілестім. Батыс көрген бұл екеудің жаңашылдығы, талап қойғыштығы, тиянақтылығы аудан редакторларына серпіліс берді, газеттеріміздің беймарал тірлігіне де серпін берді. Редакторлардың басын қосып, клуб жұмысын бастады. Аттары ел аузында жүрген медиа-тренер, блогерлермен, қазақ журналистикасының корифейі Қайнар Олжаймен де кездесіп, рухани азық алып, шеберлігімізді шыңдадық. Редакторлар клубының әр отырысы күтпеген тосынсыйға толы болатын. Осы игі шаралардың басы-қасында Нұрсұлтан Мықтыбаев жүрді.
Әр күніміз Мықтыбаевтан келген шұғыл тапсырмалармен басталатын еді. Ол хатта берілген тапсырманың қалай орындалу керектігі егжей-тегжейлі көрсетіліп, орындалу уақыты сағат, минутына дейін көрсетіліп, астында "Н.Е." деп басталып жарты бетті алып тұратын Нұрекеңнің қолы тұратын. Тапсырма тиісті деңгейде орындалмады бітті, табаға майсыз қуырылдым дей бер. Ертуғанұлының осындай табандылығының арқасында түрлі тақырыптағы шаралар «айналасы жұп-жұмыр», іркіліс, үзіліссіз өтіп, көп түйіннің тіні жайымен тарқатылып, сәтімен жүзеге асып жататын.
Пәлен жылдан бері бірге келе жатқан бір адамдар бар. Күйбең тірлікпен жүріп ол адамның көшіп кеткенін де байқамай қаласың. Бір сәт қана кездесіп, жүрегіңнен жылы орын алатын жандар болады. Нұрсұлтан Мықтыбаев та Жайықтағы әріптестерінің жүрегінен орын алған адам деп ойлаймын. Тілекшілері ғана емес, көре алмайтындардың өзі бір шаруа кері кетіп жатса, «Қап, Ертуғанұлы болғанда ғой!» деп сан соққанын көріп те жүрміз. Мықтыбаевтың мық шеге екенін мойындайды.
Бастапқыда өктем, тегеуірінді, жақын араласқанда қайырқом, ізетті танылған Ертуғанұлы осындай жан! Өзі жалындап, жанып жүретін, өзгелерге сол жалыннан шоқ тастап, жан-жағын оятып жүретін көшбасшылық қасиеті мықты Мықтыбаевтың. Осы қасиетінің арқасында Ертуғанұлы қай жерде жүрсе де орны төрден болары анық.
Күні кеше «Үркер» сыйлығын иеленді. Атынан ат үркитін мықтылармен бірге аты аталды. Қуаныштымыз. Бағындырған биігінен бағындырары көп болсын деймін!
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,
Бөкей ордасы аудандық
«Орда жұлдызы» газетінің редакторы,
Батыс Қазақстан облысы
18 қараша 2020 ж. 498 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031