» » » Етіңді шал сипаған құрт жесін...

Етіңді шал сипаған құрт жесін...


         Осы қалада шеше жағынан туыс болып келетін ағам бар. Өздері үбірлі-шүбірлі отбасы. Жеңгемізде кеңбалақтау, ақкөңіл жан. Жас болса да баланы саулатып төгіп тастаған. Ұмытпасам, жастары тете өсіп келе жатқан бес-алты ұл-қызы бар.
Сол ағам жеңгем екеуі қаланың қақ ортасынан пәтерлерді жалға береді. Кәдімгідей жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп сағатқа, тәулікке, тіпті аптаға да бере беретін. Кәсібін осылай дөңгелетіп отырған бұл жанұя шынымен де бала-шағасын осымен бағып-қағып отыр.
Хош,  сонымен аңгіменің негізгі ауанына бұрсақ. Жұмыссыз қалған соң қалада тіршілік ету қиын-ақ. Кейде түн мезгілінде әлгі туыс ағамның қасында жүріп көмектесем. Ауылға баруға құлық жоқ, түрлі қара жұмыстардың басын қайырып жүрдік. Пәтерді жалға бару бизнесінде бұлар күн-түн демей жүретін. Шыны керек, небір жасы бар, кәрісі бар, сауы не шала мас түрлі адамдар келетін. Әдепкіде үркіп жүрдім, кейін бой үйренді. Сондай бір-оқиғаны таратып айтып берсем. Мен сол кез таң қалдым, жо-жоқ, шошыдым десем де болар...
Жаздың тымырсық кеші. Қапырық. Әсіресе, көп қабатты үйлердің арасы тым ыстық, ауасы тар. Қызылорданың ыстығы сағат тоғызды көрсетсе де қайтар емес. Ағам пәтердің біреуіне кілтті тез жеткізуімді өтінген соң салып ұрып жетіп бардым. Клиент күтіп тұр екен. Алпыстан асып, жетпіске тақап қалған, қатып киінген шал. Астында машина, машина емес, дүңкиген қара джип. Заманың түлкі кезінде, тазы боп шалған кәрі қыртсың-ау деп болжадым ішімнен.
– Ассалаумағалейкум!!!Мұсылманша амандаса беріп ем, анауым оны естімегендей.
– Қалай бала? Квартира қай қабатта?- деп бірден пәтерді сұрады. Асығыстау, бір-екі сағатқа ғана ат шалдырып кететін адамның түрін байқатты.
– Екінші қабат, -дедім, не аға, не көке дерімді білмей.
Жоғары көтеріліп, үйді көрген клиент-шал тиісті ақшасын беріп, екі сағаттан соң келуімді айтқан соң менде кері қайттым.
 Қайта оралған сәтімде өз-көзіме өзім сенбедім. Не көрдің дейсіз ғой. Әлгі шалмен бірге өрімдей жас қыз шығып келеді. Өй, ол бір сондай жеңіл жүрісті біреу болар деп дейтін боларсыз. Атамаңыз. Өйткені қызды менбілуші едім. Ол да мени таниды. Біздің ауданнан. Осы қалада да тұрақты жұмысы бар. Ата-анасы да былай жаман емес еді.Қызы түскір мәз. Шал қутыңдап тұр.Кепкамды басып киіп, танымай кетсе деп мен тұрмын. Сырт көзге тым тәрбиелі көрінетін бұл қарағымның әкесінен де үлкен адаммен не байланысы бар?  Жырқ-жырқ еткен жас қыздың бұл қылығына менің сол сәт басым  жетпеді. Есіме біздің елдегі «Қызкеткен» хикаясы келді...
Аралдағы Жаңақұрылыс ауылында туып-өскеннің бәрі бұл әңгімеден хабардар. Аңыз емес, болған нәрсе. Жылқышы жігіт Беркімбай мен Ақбалыш сұлудың махаббат оқиғасын ел ұмыта қойған жоқ. Әке-шеше мал мен дүниеге құмартып, жас Ақбалышты жылқышы жігітке бермей, 80-дегі қалт-құлт еткен шалға қоспақшы болады. Әрі-бері қарсылық танытқанмен, ағайынның үгіті, әке-шешенің азғыруы жастардың намысына тиеді. Жылқышы жігіт алып қашуға әрекет жасағанмен, аңдушыға ұсталып, керегеге тас қып байланады. «Құдайлық іс» деп көне қоймаған Ақбалыш тал түсте шелегін арқалап дария жиегіне суға келеді. Тағдырына налыған сұлу қыз соңғы рет өмірге деген қош-қошын айтып, жар басынан Сырдарияға секірген көрінеді.
Арқадан дауыл тұрып желдеткенде,
Дарияның нар қамысын тербеткенде,
Сүйгені Беркімбайға қосыла алмай,
Ақбалыш суға кеткен«Қыз кеткенде»... Елден шыққан ер ақын Серік Есетов «Ел мен жер» толғауында осылай жырлаушы еді.
 Айтпақшы, Абай атамыздың мына бір өлеңі бар еді.
Деген сөз: бұқа – буға, азбан – дуға,
Хан қарық боп түсіп жүр айқай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға...  Бұл неғып шумақтап отыр деп сөге көрмеңіз. Әңгіменің басында айтылған кейіпкер, жас сұлудың жасы егде адаммен оңаша ойнақтауы сізді ойландырмай ма? Бұрынғының намысшыл қыздарын тек аңыз бен өткен заманнан ғана іздейміз бе? Бес саусақ бірдей емес, бірақ бір құмалақ бір қарын майды астаң-кестең ететінін ұмытпайық.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға...   Осы шумақты еріксіз іштей қайталай бергенім есімде. Жоқ керісінше айттым ау... «Етіңді шал сипаған құрт жесінші» деп сырттай кіжіндім бе?  Бұлғақтай басып жанымнан өте берген таныс сұлудың бетіне сол кез ештеңе демегенім анық еді. Неге айтпадым!?
Қаракөзім, қасиетіңнен тайып, қайдағы бір қарасақалдың қойнына кіретіндей  не күн туды басыңа? Ол қандай мұқтаждық? «Ар» деген ауылдан аттап өткенің бе..?
Ержан Қожас,
Қызылорда қаласы.
 
15 ақпан 2018 ж. 1 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031