» » » РОЗА РЫМБАЕВА: «МЕН ОЛАРДЫ ӘНШІ ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»

РОЗА РЫМБАЕВА: «МЕН ОЛАРДЫ ӘНШІ ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»

  Кәсіби сахнада жүргеніне 40 жыл толатын Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаеваны әңгімеге тартып, оның өмір мен өнердегі тыныс-тіршілігін білуге барынша тырысқан едік.

— 23 жыл бірге отасқан жолдасыңыз Тасқын ағамыздың өмірден өткеніне де 14 жылдан асыпты. Сағынатын шығарсыз?..
— (Күрсініп). Әрине! Ондай адамды сағынбау мүмкін емес. Өмір мен өнерде менің қалыптасуыма, осындай биік белеске жетуіме атсалысқан адам  ол — Тасқын. Басқасын айтпағанның өзінде, маған әйел бақытын сыйлаған — екі ұлдың анасы атануыма себепші болғаны үшін оған ризамын. Аяулы азаматымды ешқашан ұмытқан емеспін. Соның ошағының оты өшпесін, артында қалған ұлдары қиындық көрмесін деп, алдымнан кездескен түрлі кедергілерге қарамай, жүгіріп жүрген жоқпын ба?! Менікі соның әруағы разы болсыншы деген ой ғой.
— Қарсы болмасаңыз, сол қайғылы оқиғаға қысқаша тоқталсаңыз…
— Айтатындай ештеңесі жоқ, өмірден қалай өткенін өзіміз де байқамай қалдық. Кенеттен жүріп кетті ғой… 1999 жылдың қоңыр күзі болатын. Кешкісін ұйықтаған адам — таңертең оянбай қалды. Түнгі сағат 3-те «ана жаққа» аттанып кеткен жанды мен 8-де «шай қойдым, тұр» деп оятыппын… Дәрігерлер «жүрек талмасынан көз жұмды» деген қорытынды шығарды. Сол-ақ.
— «Сол кезде Тасқыннан пәтері мен мәшинесі ғана қалды» депсіз…
— Рас. Бірақ, ақша керек болған соң, көп ұзамай көлікті сатып жібердім. Несін айтайын, талай тауқыметті тартқанымды жасырмаймын. Тума-туысқандар көмектеспеді демеймін, алайда жолдасымның мейіріміне ештеңе де жетпейді екен…
— Сізге жасаған қамқорлығы жұрт айтатындай шынымен ерекше болды ма?
— Ой-бай, басқа-басқа, ең аяғы ұсақ-түйек алу үшін дүкенге барғаным да жадымда қалмапты. Коммунальдық төлемдер дегеннің не екенін білмейтінмін. Қалғанын айтпай-ақ қояйын… Тасқын көзі тірісінде мені алақанына салып, әрқашан баладай аялап жүретін.
— Дегенмен, жолдасыңыз көз жұмған соң барлық қиындықтарға төтеп беріп, үлкен сахнаға қайта оралдыњыз ғой?
— Тасқыннан көз жазып қалғанда «сахнаға енді шықпаймын, ән айтуды доғарамын» деп шешім қабылдағаным да бар. Әйткенмен, сол кездегі жағдайдың өзі менің өнерге оралуыма әсер еткендей. Содан Мәдиімнің 4 айлығында жолдасымды еске алуға арналған концерт бердім. Шүкір, бұдан кейін гастрольдік сапарлар, түрлі шығармашылық кештер қайта басталды ғой… Бірақ, мен сонда ғана әншіліктің сахнадан тыс жұмыстарымен де таныстым.
—      Үлкен ұлыңыз әзір кішкентай, бірнеше айлық Мәдиіңіз бар, қаралы оқиғаның өткеніне де көп бола қоймаған кез. Сол уақытта сізді алға жетелеген қандай күш?
— Алдымен Алла Тағала, одан кейін балаларым, ата-анам, бауырларым… Тасқынныњ ағасының аманаттап кеткен екі қызы және бар. Бәрі маған қарап отыр… Сол себепті, менің «сынып» кетпеуіме бірден-бір себепші болған — солар.
Бір көзімнің жеткені, бала — адамның бақытты болуына ұмтылдырады екен. Сіз білесіз бе, ішімде 7 айлық балам болғанда мен 43 жаста едім, яғни айтарлықтай жас емеспін. Әйтсе де, бойыма біткен тіршілік иесі мені өмір сүруге, жасып қалмауыма сеп болды. Бәлкім, Мәдиім болмағанда, мен мұндай жетістікке жетпес те едім, кім білсін?!
— Сол балаларыңыз бүгінде сеніміңізді ақтады ма?
— Оны айту әзір ертерек деп ойлаймын. Алайда, жас та болса, қолдарынан келгенше үмітімді ақтап жатқаны — мен үшін зор қуаныш. Бастысы, бұзық, өзімшіл, ақылсыз емес.
 — Өнер адамы болғандықтан, үйде көп отырмайтыныңыз белгілі. Ұлдарыма жеткілікті деңгейде көңіл бөліп жүрмін деп ойлайсыз ба?
— Олар шығармашылық адамының қым-қуыт тіршілігін, жұмысының концерттен, гастрольден тұратынын жақсы біледі. Бөл жағынан арамызда түсінбестік болған емес. Оныњ үстіне, екеуі де кішкентай емес қой, оң-солын таныды.
— Әлидің әншілікпен әуестеніп жүргенінен хабардармыз. Кенжеңіз турасында да «жолымды қуды» деп қалдыңыз. Олардың қабілетін кәсіби  маман ретінде қалай бағалар едіңіз?
— Әлиім алдымен пианист, композитор, сосын ғана әнші. Ол — кәсіби музыка маманы. Өзі әнін жазады, өңдейді, оны орындайды. Осыны ұмытпауымыз керек. Әрі ол әлі де ізденіс үстінде. Сол себепті, мен оны қалай жаман деп айта аламын? Әйтеуір, түк білімі жоқ, ақшаның күшімен ғана жүрген әншісымақтардың қатарынан емес.
Мәдиім болса, мектептің 9-сыныбында оқып жүр. Ол да ағасы сияқты пианинода кәсіби ойнауды меңгеру үстінде. Консерваторияға оқуға түсуді армандайды. Бұйыртса, кенжем де әншілікті таңдағалы отыр.
— Қос ұлыңыздың да музыкамен айналысқанына, соны кәсібіне айналдырғанына қалай қарайсыз? Қанша айтқанмен, сіз өнердің жолы ауыр екенін білесіз.
— Мен оларға «әнші бол» деп айтқаным жоқ. Олай десем де, мына заманда әрбір адам өзінің жүрек қалауын істемей ме? Өздері таңдаған екен, қызығын да, шыжығын да көре жатар. Араласпаймын.
— Анасы ретінде олардың жар таңдауында да араласпайсыз ба? Сіз өзіндік «мені» бар, таным-түсінігі мен талғамы қалыптасып қалған адамсыз ғой…
— Жоқ. Оны да өздері шешеді. Бір айтарым, келіндерім маған қызымдай болады. ұлдарымның жеке өміріне килігіп нем бар? Солар бақытты болса, мен де бақыттымын.
— Енді шығармашылыққа ойыссақ. Жас әншілерден кімнің өнерін жоғары бағалайтыныңызды біле кетсек.
— Радио мен теледидарды қосып қалсаң, бір-біріне ұқсас дауыстар… «Мен» деп, көзге оттай басылып, тыңдағанда таңданыс тудыратын әншіні атау қиын. Бәрі де фонограммамен «өнер көрсетіп», бір әнді концертте де, тойда да орындағанына мәз. Ондайларды әншілердің қатарына жатқызбаймын, «фонерщиктер» ғой…
Әйткенмен, кейінгі буыннан ГауҺар Қаспақова, Алтынай Жорабаеваларға көңілім толады. Олар кез келген әнді шырайын келтіріп шырқай алады, дауыс мүмкіндіктері зор. Сондай-ақ, жақында ғана халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралған Жанар Дұғаловаға да ризамын.
— Қазіргі таңда жастардың еліктеп, үлгі тұтатын тұлғаның жоқтығын немен түсіндіресіз? Мәселен, бұрынғыдай жас әншілердің өзі өнердегі аға-апаларына ұқсағысы келмейтіндей…
— Тек қана өнер иелері емес, басқа сала өкілдерінен де тұлға атануға лайық адамдар ілуде біреу. Оған себеп — бүгінде сан бар да, сапа жоқ. Кім көрінген көгілдір экранға шығып, «жұлдыз» атанып жүр. Ақшаңды берсен, сені күні-түні эфирден көрсетеді. Шынтуайтына келсек, эфир — әркімнің бір уысында кетті. Осыдан кейін жастар кімге еліктейді?!
— Ал қаптап кеткен музыкалық жобалар жөнінде пікіріңіз қандай? Қай арнаны қоссақ та, сазды сайыстарды ұйымдастырып жатады…
— Менің ойымша, түбінде барлығын да халықтың өзі екшеп алады. Ал шала-шарпы шоу-бағдарламалар, телевизиялық байқаулар уақыт өте келе эфирден ғайып болатынына сенімдімін.

— Сіз туралы көбісі «баяғы жас күніндегідей, аса көп өзгермейді» деп сыртқы сымбатыңызды мақтап жатады. Жастығыңыздың сыры неде?
— Көбісі 40 жылға жуық уақыт бойы кәсіби өнерде жүріп, жасым да біразға келген соң, «пластикалық операция жасатты-ау» деп ойлайтын болуы керек. Бұл — қате пікір. Менің экранда әдемі болып көрінуімнің құпиясы — еңбекқорлығымда. Спортпен шұғылданамын, тамақты талғап жеймін, көп уайымдамауға тырысамын… Ең бастысы, ешбір адамға жамандық тілемеймін, бей-берекет өсек айтпаймын. Міне, жастықтың «формуласы»!
Рас, жылдар өз дегенін алады. Бетке әжім түседі дегендей… Әйткенмен, қыртысты да «тәрбиелеуге» болады. Ол үшін арнайы маскалар мен боянудың қыр-сырын меңгерген жөн.
 Концертке дейінгі дайындықтан байқағанымдай, 5-6 әнді қатар орындасаңыз да дауысыңыз сол күйінше, қарлығып «жоғалып» қалмайды. Бұған енді ерекше күтіммен қарайтын сияқтысыз…  
— Өзімнің кескін-келбетімнен бұрын, өнеріме, оның ішінде дауысыма ерекше кірпияздықпен қарап, көңіл бөлетінім шындық. Жыл өткен сайын дауысыма деген «қамқорлығымды» күшейтіп келемін. Өйткені, мені танытқан, Роза Рымбаева еткен сол кең диапазоным ғой.
Бұдан бөлек, әлі күнге кәсіби мамандар мен педагогтардың көмегіне жүгініп, «былай айтсам, қалай болады?» деген сияқты ақыл-кеңес сұрап тұрамын. Неге десеңіз, бір бұрыс кетсең, дауысың дұрыс болмайды. Одан кейін «тірілей» 2-3 сағаттық шығармашылық кеш беріп көр…

— Сондай-ақ, қай концертте болсын, қостілділікті ұстанатыныңызды аңғардым. Осыдан барып мынадай сауал туындайды: сіз қазақ эстрадасының әншісісіз бе, әлде қазақстандық па? 
— Мен әуелі Кеңес үкіметінің, соның ішінде өткен ғасырдың әншісімін (күліп). Содан болар, бұрыннан қалыптасқан тыңдармандарымды ұмытқым келмейді. Олардың арасында орыстар да бар ғой. Бірақ, мені негізінен қазақтар тыңдайды. Өзім де әрдайым ана тілімдегі әндерге басымдық беремін. Сол себепті, іркілместен қазақ эстрадасының әншісімін деп айта аламын.
— Сіздіңше, Роза Рымбаева қазақ музыкасына нендей жаңалық әкелді?
— (Кідірместен). Ешқандай. Оны ақындар, болмаса композиторлар әкелуі керек. Біз автор емес, жай ғана орындаушымыз ғой. Жалпы, менің де өзіме тән «ньюанстарым» бар, осы күнге дейін «мен — кереметпін» деп кеуде қаққаным есімде жоқ. Тек Алла ғана мінсіз.
Бір анығы, мен осы саланы жаңалық енгізу үшін таңдамадым. Менің қалауым — ән салу болды. Концерттерде, түрлі байқауларда да соны ғана көздедім. Қалғанының бәріне сол дауысымның, өнерге деген тазалығымның арқасында қол жеткіздім деп ойлаймын. Әйтпесе, ана-а-у жақта көкем жоқ, ата-анам қарапайым теміржолшылар болды, жолдасым да жай ғана музыкант  еді…
— 40 жылдан бері ән салып келесіз. Сіз өнер көрсетпеген мемлекет, орындамаған ән кемде-кем. Соған сай, біраз атақ-марапаттарыңыз да бар, талай ғажайып оқиғалардың куәсі болдыңыз. Десек те, сізді не таң қалдырады?
— Уақыттың зымырап өте шығатындығы… Тіпті, кейде «қалайша бұлай болды, кеше ғана сахнаға алғаш шыққандай едім» деп ойға бататыным бар. Болмаса, менің кезінде айтқан туындыларымды ретро әндерге қосып жатқанда, «мен әлі қартаймадым ғой» деп аздап ренжіп қалатыным бар (күліп). Әйткенмен, қайткенде де уақытпен санасуға тура келеді екен…
— Риясыз әңгімеңізге рахмет!
 
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
27 наурыз 2018 ж. 2 051 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031