» » » Шәкәрім Құдайбердіұлы. Мәнді сөздер

Шәкәрім Құдайбердіұлы. Мәнді сөздер


 Мен жетпіс екі жасқа келгенше өмірде болатын неше алуан қилы оқиғаларға, түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, солардың көпшілігін, керекті-керексіздерін өзім де істеп, басымнан өткізгендерім көп. «Алдыңда өнегелі көрерің болсын» дегендей, алдымда Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып, «мен де адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн» деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім. Негізгі алған білімім болмаса да, өз бетіммен ізденіп, өткен жазушы-ғалымдардың жазғандарын оқып, ойларымен танысып, білгендерден сұрап, өз ойымнан құрап, түрлі әңгімелер жазып, барлық өмірімді жазумен өткіздім. Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім. Мен солардың бәрін өз мақтаным үшін жазғамын жоқ, мақтан үшін жазылған, айтылған сөздің құны болмайтынын жақсы білемін. Кейінгілер жарағаннан үлгі алып, өнеге үйренсін дедім. Міне, жетпістен астым, ойым тозбағанмен, денем тозды. Тозған денем ойыма орын болудан қалып барады. Мен оған қарамай әлі де келген ойды жаза бермекпін.
Бұл айтқалы отырған ойымды жекелеп, сұрыптап жазбағаныммен, бұрынғы жазғандарымда кездесіп отырады. Бұл тараудағы ойды басынан аяғына дейін түгел жазып, бәрін талдап, қорытып шығуға бір адамның өмірі керек. Ендігі менің қалған өмірімнің жетпейтіні анық. Дегенмен, сол ойымды қысқаша алдарыңа тартпақпын.
Бұл ойым – басқа келген қиял. Бірақ болмаған іс, құрғақ қысыр кеңес, жай қиял дейтін бір ауру бар. Бұл аурудан құтылу керек. Неге десеңіз, барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. Адам осы жаралыстың бір бөлігі, бұл жаралыстан, табиғаттан бөлек емес. Сондықтан адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлауының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады – бір. Екінші, сол қиял болмайтын нәрсе деп отырғанымыз – ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұрын фантазия, қиял деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба? Әрине, қиялдың да шегі бар. Менше, айтқалы отырған ойым болмайтын қиял емес, болуға мүмкін.
Адам өмірін қалай түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпай, өмірін сарп еткен, әлі де сан адамдардың арын қозғап, ойларын тыншытпайтын осы сұрақтар. «Адам өмірін түзейміз» деп сан ғалымдар түрлі ойлар айтып, ол ойларын халыққа таратып, том-том кітаптар жазды. Солардың ойларының мен білетін бастылары: біреулер «адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, кейбіреулері «үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе – түзеледі» деді. Ал, біреулер «оқу біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі» деді. Біреулері «бай, кедейді теңеумен түзеледі» десе, біреулері «тәрбиемен түзеуге болады» деді. «Өмірдің өзі – тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек» дегендер де болған.
Біздіңше, бұларды жекедей алғанда ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.
«Адам өзі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, жаратқан иесін танып күнде бес уақыт намазын оқып, Құранды қақпан қып, елді алдап жүретін молда-сопылардың қылықтарын ойлап қараңыз. Үкімет жойылса, адам бет-бетімен кетсе, біреу-біреуге жәрдем етпесе, азулы айуандар жекелеген адамдарды жей берсе, қайтіп өмір сүрмек? Оқу, білім үйренген адам түрлі өнерді білетіні рас. Бірақ ол өнер-білімді қандай іске жұмсайды. Мен көрген адамдар үйренген ғылыммен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарды аң есебінде атып, әлсізді құлданып, жердің бетін адам қанымен бояғаннан басқа бітіргені шамалы. Бұған ең өнерлі, білімдіге саналатын Англия, Америка елдерін қараңыз. Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру - кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол. «Тәрбиемен түзеуге болады» десе: менің ержеткен төрт ұлым болды. Бұлардың бәрі бір шешеден, бір әкеден туған, өскен жері, ішкен тамағы, өскен ортасы, алған тәрбиесі – бір. Бірақ біреуі шыдамды, біреуі шыдамсыз, біреуі еңбекке құмар, біреуі жалқау, біреуі мейірімді, біреуі қатал, біреуі ашуланшақ.
Ақырында, «өмір – тіршіліктің таласы, сондықтан адам таласып, бірін-бірі қыруға жаралған» деген ой негізсіз, өйткені барлық зат, оның ішінде адам жаратылыстағыдан өзгеретіні сөзсіз. Ары бар, ақылы бар, мейірімі бар, махаббаты бар адамның бірін-бірі жеп, талап, қырып өсуі мүмкін емес.
Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ.
Әрине, адам оқып, біліп үйренуі қажет. Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек.
Ақ жүректің керектігі - мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады.
Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді.
Осы үшеуінің басы қосылса, адам жақсы өмір сүріп, бірімен бірі тату тұруында сөз жоқ. Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойында біржола сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер де бар. Міне, осы жаман әдеттердің барлығынан адамдар тату тұрып, жайлы өмір сүре алмайды. Олар - нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рахымсыздық, мейірімсіздіқ, қанішерлік, тағы тағылар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарғы айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай.
15 желтоқсан 2017 ж. 1 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031