» » » ҚАЛАМЫНАН НҰР ТҰНЫП...

ҚАЛАМЫНАН НҰР ТҰНЫП...

  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының coworking орталығында «Сөз құны» әдеби клубының ұйымдастыруымен «Қаламынан нұр тұнып...» атты жас ақындардың әдеби-мәдени кеші өтті.
Кеш шымылдырығын «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының жанынан ашылған «Сөз құны» шығармашылық клубының жетекшісі Нұрлан Көбегенұлына ашты. «Мұсылман үшін қашанда қасиетті саналған Рамазан айында өткен бұл кештің өтуінде өзіндік мән бар. Сонау бабадан балаға мұра болып келе жатқан хақ дінімізді жыр шумақтарына қоспаған ақын кемде-кем. Міне, осынау ізді жалғастырып, Рамазан айын ұлықтап, он екі ақын қаламынан туған төл туындыларын өз оқуында ұсынамыз», – деді Нұрлан Көбегенұлы.
Онда әдебиетке бет бұрып, нық қадам жасаған Бекарыс Назар, Сәния Жақып, Сұлтанбейбарыс Алматұлы, Айдар Сайлауов, Перизат Мұхат т.б. өңіріміздің жас ақындар бой көрсетті. Ал Бексұлтан Орынбасаров пен Руслан Қарабисенов қазақтың қара домбырасын қолына алып, ән мен жырдан шашу шашты.
Шара соңында кеш қонақтары Қазыбек Әшірбекұлы және Қайырбек Отызбаев өлеңнен өрім өрген кіл жүйрікке алғыс хат пен кітап табыстап, таланттарға шалқар шабыт тіледі. Ал қалалық ішкі саясат бөлімінің бсшысы Руслан Қаюпов биыл Жастар жылы аясында жас ақындар мүшәйрасын өткізіп, өлеңдерін бір жинаққа басып шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Көреремендер кеш барысында рухани мол азық алғанын айтып, алғыс білдірді.
«Бұрын біз өз қатарымыздың өлеңдерін оқып, поэзия деген осы екен деуші едік. Қазір қарасам, қара өлең оқымағалы да, тыңдамағалы да 20 жылдан асыпты. Мен бүгінгі кешке қатысу арқылы кешегі Абай мен Мұқағалидің, Мағжан мен Жарасханның жалғасы бар екеніне көзім жетіп отыр. «Ақынға қара сөзден, өлең оңай» дейді ғой. Шынымен, мына жас ақындардың ой иірімдері, өлеңді беру тәсілі бұрынғылардан өзгеше. Дами түсіпті. Осындай жалынды жастар барда қазақ әдебиетінің де, алаш жұртының да болашағы алаңдамауға болатын сияқты. Талаптарыңа нұр жаусын», – деді журналист Айткүл Шалғынбаева.
Айта кетейік, бұл әдеби клубтың тұсаукесер шарасы. Клуб жетекшісі алдағы уақытта да ауқымды шаралар өткізіп, жас ақындардың шығармашылығын дамыту үшін жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Ақтілек БІТІМБАЙ
02 маусым 2019 ж. 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031