Бас имам ақсақалдардың ақ батасын алды
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бой көтергеніне бес-ақ жыл болғанымен, сыртқы сәулеті мен ішкі жайлылығы үндесе салынған құлшылық ордасының тұрақты жамағаты мықтап бекіген. Мешіт ұстаздарынан дәріс алатын шәкірттердің саны 600-ге жуық.
Бес уақыт намазын «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтеуге асыққан қариялардың қай-қайсысы да мешіттің қоғамдық шараларына, уағыз-насихат пен дәрістеріне үнемі қатысып, белсене атсалысып келеді. Барлығы да осы мешіт ұстаздарынан білім жетілдіріп, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ІІ дәрежелі білім сертификатына ие болған жандар.
Күннің суығына қарамастан «Әзірет Сұлтан ақсақалдары» ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Бас мешіттің басшылығына тағайындалғанына қуаныш білдіріп, ақ батасын берді. Сөз арасында ұрпақтар сабақтастығы, аталар мектебі, жастар тәрбиесі сынды маңызды мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізген ақсақалдар Наурызбай қажы Тағанұлына ақ баталарын беріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.