» » » ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ БАУЫР БАСТЫМ

ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ БАУЫР БАСТЫМ

Túrkıadan sálem!
Бақдәулет ТОБАШ,Эрджиес университетінің студенті:
     
    Қазір ақпараттық кеңістікте шекара жоқ. Шын білгің келсе, қияндағы қазақтан хабар алуға болатын заман. Жаңа дәуірдің осы мүмкіндігін пайдаланып, шетелде білім алып, қызмет етіп жүрген қызылордалық жастармен тілдесіп, әр апта сайын оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Осы аптадағы Sálem айдарының алғашқы қонағы ‒ Түркияның Қайсері қаласында білім алып жүрген Бақдәулет Тобаш.

Нұр-Мүбарактан Эрджиеске дейін

  ‒ Алғашында қаладағы М.Шоқай атындағы №187 қазақ орта мектебінде білім алдым, кейіннен оқуымды Ә.Мүсілімұлы атындағы №101мектеп- лицейде жалғастырдым. Негізі Ұлттық бірыңғай тестілеуде физика- математика пәнін таңдап, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің геология мамандығына оқуға түстім. Кейіннен өзімнің жүрек қалауым бойынша Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің теология мамандығына құжат тапсырдым. Университет қабырғасындағы бір аптадан соң Түркиядағы ЖОО-ға оқуға түскенім жайлы хабар келді. Қазір Қайсері қаласындағы Эрджиес университетінің дінтану факультетінде арабша дайындық бөлімінің студентімін.

 Түркия ‒ өзіндік тарихы, ешқандай мемлекетке ұқсамайтын ерекшелігі бар ел. Ол жерде адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, сыйластығы, ашықтығы менің жергілікті тұрғындарды жатсынуыма мүмкіндік бермеді. Бұл мемлекетте білім алу бала күнгі арманым болатын. Әрі діни білім осы мемлекетте терең зерттелген. Осы орайда ақылы бөлімде оқығысы келетіндер үшін Түркия университеттерін таңдауға кеңес берер едім, өйткені оқу ақысы (медицинадан басқа)  біздің елге қарағанда 2-3 есе арзан әрі білім сапасы жоғары.

«Түркия бурсалары» турасында

‒ Түркия мемлекеті он жыл көлемінде «Түркия бурсалары» деген бағдарламаны қолға алды. Бағдарлама сізді университетті тәмамдағанша жатақханамен, екі мезгіл тамақпен, 55-60 мың теңге көлемінде шәкіртақымен және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Ол үшін «Түркия бурсалары» деген сайтқа тіркеліп, қарапайым бірнеше сұраққа (аты-жөніңіз, мектеп аттестаты, диплом көшірмесі) жауап бересіз. Соңында сізге «Түркияны, университетті, мамандықты не үшін  таңдадыңыз?» деген үш сұрақ қойылады. Егер түрік тілін білмейтін болсаңыз, бір жыл бойы университетте тіл курсы оқытылады. Түрік тілінен бұрын өзіңіздің мемлекеттік тіліңізді білу өте маңызды. Өйткені қазақ тілін білмейтін отандастар осы себеппен университетке қабылданбай жатады.
 
Қандастардың көптігі қуантады

  ‒ Бұрын шекара асып көрмеген маған Түркияға оқуға түсуім ерекше қуаныш сыйлады әрі өз елімнен тыс өмірге алаңдаушылықтың болғаны рас. Бірақ түрік тілін білетін мен үшін елге үйренісе алмау немесе басқа қиындық болған емес. Қазір Түркия еліне ерекше бауыр басып қалдым. Себебі олар қазақтарға «атажұртымыз» деп құрмет көрсетіп, бауырындай сыйлайды. Білім сапасына келер болсақ, мұнда білікті ұстаздар мен қалаған кітабыңызды табуға болатын бай кітапханалар бар.
   Мені Түркияда білім алып жүрген қандастардың көптігі қуантады. Мұнда әрдайым көмектесіп, үйіне қонаққа шақырып тұратын ағаларым да табылды. Әрине түрік пен қазақ ‒ ежелден қандас бауыр. Екі ұлтқа ортақ адами қасиеттер, салт-дәстүрлер, ырым тыйымдар өте көп. Біз бір жолда тоғысатын өзеннің екі арнасы іспеттіміз.

Алдымен өз мүмкіндігіңді бағалау керек

‒ Негізі шетел немесе өз елің деп бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Кез келген мемлекетте оқуға түсуге немесе жұмысқа орналасу үшін жоғары білім, креативті идея маңызды. Сондай-ақ анық әрі нақты сөйлей білу, яғни ортамен жұмыс жасай алатыныңды дәлелдей алуың керек. Қазіргі заманның негізгі талабының бірі ‒ көп тілді меңгеру екені айтпаса да түсінікті. Менің ойымша, жастар ең алдымен өзін тануды үйрену керек. Сенің кез келген әрекетің  тек өзің үшін ғана жасалады. Сондықтан ештеңеге қарамастан берілген  мүмкіндікті қапы қалдырмай, ойыңды ашық жүзеге асыру үшін алға ұмтылу керек. Шыны керек, қазір тұлға болып қалыптасам деген жас үшін  шетелде білім алу міндетті емес. Себебі кез келген жағдайды мүмкіндік ретінде  қарастыруға болады.

Гүлдана ЖҰМАДИН
24 қаңтар 2020 ж. 1 142 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031