Білім министрі мұғалімдерге берілетін қосымша төлемдер туралы айтты
Мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға арттыру бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің мұғалімдердің жалақысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайызға арттыру тапсырмасы бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қыркүйек айынан бастап дәптер тексеру үшін үстемақы екі есе, сынып жетекшілігі үшін алатын үстемақы екі есе артатын болады», – деді министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол магистр дәрежесі бар мұғалімдер 27 мың теңге сомасында жаңа үстемақы алатынын еске салды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдады.