ӨМІРІҢІЗДІ САҚТАНДЫРДЫҢЫЗ БА?
Сақтандыру компаниялары туралы жиі естиміз. Ал олардың нақты қандай қызмет атқаратынын біле бермейміз. Мәселен, елімізде міндетті, ерікті, мүлікті сақтандыру және жеке адамды сақтандырудың 4 түрі жұмыс істейді. Осының ішінде жеке азаматты сақтандыруға болатынын естідіңіз бе? Жеке басыңызды сақтандыру мүлікті сақтандырғаннан да тиімді. Неге десеңіз, жазатайым жағдай орын алғанда қаржылық шығынға ұшыраймын деген уайымнан арылып, барынша денсаулығыңызды күтуге тырысасыз. Өйткені сіз үшін сақтандыру компаниясы шығындарды өтейді. Мұндай жеңілдікке қалай қол жеткізуге болатыны жайында «Halyk protect» сақтандыру компаниясының сату бөлімінің басшысы Әсел Жолдыбайқызымен сұхбаттасқан едік.
– Жеке адамды сақтандыру дегенді қалай түсінуге болады? Артықшылығы неде?
– Адам өмірін сақтандыру – заман талабы. Отбасын асыраушы азаматтың өз өмірін сақтандыруы да өте маңызды. Жазатайым жағдай орын алса, отбасына қаржылай көмекті сақтандыру компаниясы төлейді. Соңғы он жылдықта мемлекет тарапынан "xалықты қаржылық сауаттандыру" тақырыбы аясында көптеген шаралар өткізіп, халық арасында түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Нәтижесінде 100 мыңнан астам ел азаматының өмірін сақтандырдық. Сонымен қатар сақтандырудың жинақтаушы түрі де ел арасында сұранысқа ие. Мұнда әр адам жеке шотты ұзақ мерзімге ашып, жинақтайды, шартта бекітілген мерзім аяқталған соң, жинақталған қаржы үстемақысымен тұтынушыға қайтарылады.
– Сақтандыру бағдарламасы қалай жұмыс істейді? Несімен ерекше?
– Қазіргі таңда біз барлығына қолжетімді «Halyk protect» бағдарламасын жасадық. Аталған бағдарламаны Halyk bank сақтандыру компаниясы мен "Әулетті" ЖШС сақтандыру агенттігі бірге жүзеге асыруда. Жинақтаушы сақтандыру ел аумағында 1999 жылдан бері сақтандыру нарығына еніп, «Halyk protect» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында ҚР азаматына жазатайым жағдайдан дене жарақатын алып, өмірден өтіп кеткен жағдайда қаржылай көмек көрсетіледі. Өмір мен денсаулықты сақтандыру қаржылық сауаттылыққа жатады. Біз көлікті бірнеше миллионға сатып алып, барынша сақтандырамыз. Өкінішке қарай, ең қымбат қазына саналатын өмірімізді сақтандыруға құлықсызбыз. Сақтандыру бағдарламасы әлемнің кез келген жерінде, тәулігінде 24/7 жұмыс істейді. Бағдарламаның ерекшелігі – сақтандыру төлемі әлемнің кез келген жерінде жарамды. Әсіресе спортпен шұғылданатын тұлғаларға өте тиімді. Полистің сақтандыру қорғанысы келісім шартқа отырған күннен бастап бір жылға дейін жарамды. Сақтандыру төлемі бір жылға 10 000 теңгені құрайды. Сақтандыру қызметін онлайн алуға да болады. Яғни сақтандыруға жүгінгісі келетін кез келген тұлға кеңсеге барып әуре болмай, уақытты үнемді пайдалана алады. Ол үшін өзі туралы мәліметті жеке парақшамызға қалдыру керек. Кейін кеңесшілер хабарласып өміріңізді сақтандырып қояды. Мысалы, жұмыс барысында құрылысшы абайсызда құлап, ағзасына зақым келсе немесе мерт болған жағдайда, оның отбасына сақтандыру төлемі төленеді. Егер балаңыз спортпен шұғылданатын болса, кез келген уақытта жарақат алып қалуы мүмкін. Осы тұста ата-ана баласын сақтандыруына болады.
– 10 мың теңгелік көрсеткіш қайдан алынған? Неге 100 немесе 200 мың емес?
– Бағдарламаны нарыққа шығар кезде, қарапайым халықтың жағдайын ескере отырып, 10 мың теңгелік пакетті оңтайлы етіп жасадық. Бұдан бөлек, 100-200 мың теңгелік бағдармалар бар. Бірақ ол халыққа қол жетімсіз. Бұл жерде әр тұлға 10 мың төлеп, өмірін 1 млн 500 мыңға сақтандырады. 100 мың теңге төлесе, бұл көрсеткіш екі есе артатынын естен шығармаған жөн. Сақтандыру төлемі адам ағзасына тиген жарақаттың ауырлығына қарай төленеді. Келісімшарт ҚР Заңы бойынша және сақтандыру қызметінің бар талабына сай рәсімделген.
– Аталған бағдарламаға кімдер қатыса алмайды?
– Бағдарламаға 1 жасқа толмаған және 62 жастан асқан, жүйке-неврологиялық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұратын, экстремалды спортпен айналысатын тұлғалар қатыса алмайды. 1 жастан 62 жасқа дейінгі тұлғалар, отбасын асыраушы азаматтар, белсенді кәсіпкерлер, спортпен айналысатын балалар сақтандыру қызметіне жиі жүгінеді.
– Сақтандыру жарнасына жастардың қызығушылығы қаншалықты?
– Экономикасы дамыған елдерде сәби дүниеге келген күннен бастап сақтандырылады. Біздің бағдарлама тек орта жастағы азаматтарға ғана емес, жастардың сақтандыру туралы сауаттылығын арттыру мақсатында әрекет етуде. Сондықтан бағдарламаға жастардың қызығушылығы жоғары. Бірақ түсіндірме жұмысы барысында көпшілік елімізде мұндай бағдарлама бар екенін білмейтіні қынжылтады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА