SAMGAU SCHOOL
«Samgau school» ‒ Шиелі ауданында ашылған алғашқы жеке бастауыш мектеп. Осыған дейін оқушыларды барлық пән бойынша дайындайтын оқу орталығы биыл толыққанды білім ордасы болып қайта жұмысын бастады. Жан-жақты ізденіс пен жаңа технологияны негізгі бағыт етіп ұстанған мектеп жайлы толығырақ білу үшін мектеп директоры Мөлдір Мейрамханқызымен тілдестік.
Қазір облыс аумағында қосымша білім беретін оқу орталығының қарасы көп. Мөлдір Дүйсенованың да отбасылық кәсібі алғаш рет ағылшын тілін үйрететін орталық құрудан басталған. Кейіпкеріміз кәсіп бастаумен қатар оқушыларға сапалы білім берудің үлкен тәуекел мен қажырлы еңбекті қажет ететінін айтады.
‒ Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да екі шетел тілі мамандығы бойынша білім алдым, әрі осы университетте магистратуралық оқуды жалғастырып “педагогика ғылымдарының магистрі” атандым. Ағылшын тілін білу кез келген адам үшін жан-жақты ақпарат алып, шетелде тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік сыйлайды. Менде осы мақсатпен 2008 жылы CCUSA Work Experience сертификаты бойынша АҚШ-қа аттанып, сол жақта білімімді жетілдірдім. Осыдан соң Мәскеуге жол түсіп, бұл ортада да арнайы оқу курсынан өттім. Ал 2010 жылы Түркия мемлекетіне аудармашы ретінде бардым, бұл сапар да менің таным көкжиегімнің кеңеюіне көп әсер етті. Елге оралған соң №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызметке орналастым. Арада бірнеше жыл өткен соң «Еnglish world» ағылшын оқу орталығын ашуға бел будым. Орталық қызметі жан-жақты дамыған тұста яғни 2015 жылдан бастап бастауыш сынып және орта буын оқушыларын барлық пән бойынша дайындайтын оқу орталығы болып кеңейді. Осыдан жеті жыл бұрын бір ғана мұғаліммен жұмысын бастаған мектепте қазір тоқсанға жуық оқушы білім алады,‒ дейді Мөлдір Мейрамханқызы.
Осы тұста «Samgau school»-дың өзге оқу орталықтарынан тағы бір ерекшелігін айта кеткен дұрыс. Мұнда апта бойы ағылшын және орыс тілі пәнінен үздіксіз сабақ беріледі әрі оқу бағасы тұрғындар үшін қолжетімді.
Мектептің жыл сайынғы нәтижесі де көңіл қуантады, себебі білім орталығында сабақ алған шәкірттер қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, ал ҰБТ-ға дайындалған оқушылар өздері қалаған университеттің түлегі атануда. Бүгінде «Samgau school» ақылы жеке бастауыш мектебіне мұғалімдер арнайы тест тапсыру арқылы қабылданады, себебі оқушының білімі ұстаздың біліктілігіне тікелей байланысты екені белгілі.
‒ Мектепте көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға қолдан келгенше тегін және жеңілдік арқылы оқытуға жағдай жасалған. Қазір мектепте 90 оқушы білім алуда, соның ішінде он оқушы аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың демеушілігімен оқуда. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған он оқушыны мектепке тегін қабылдадым. Негізі мектепте білім алу құны айына 10 мың теңге, бұл аудан тұрғындары үшін тиімді баға деп ойлаймын, ‒ дейді М.Дүйсенова.
Бүгінде мектептің әр сыныбында 12 оқушыдан білім алады. Жас кәсіпкер алдағы уақытта мектеп аумағын кеңейтіп, 250 оқушыға арналған білім кешеніне айналдыруды жоспарлауда. Осыған дейін халықаралық «Алтын адам» дипломымен, «Жаңашыл кәсіпкер» номинациясымен, «Мәртебелі маман» медалімен марапатталған Мөлдір аудан оқушыларының сапалы білім алуына әлі де жан-жақты жұмыс істейтінін жеткізді.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ