Мұрат Ергешбаев пандемия кезінде белсенділік танытқан азаматтарды марапаттады
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пандемия кезінде халық саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген белсенді азаматтарға алғыс айтып, арнайы марапаттарды табыс етті.
«Биылғы жылы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу кезінде орын алған қиыншылықтарға қарамай коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына өз жерлестеріміз де айтарлықтай үлес қосты», – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Атап айтар болсақ, ел Президентінің Жарлығына сәйкес ауданымыздың аумақтық қорғаныс батальонының жеке құрамы көше тәртібі мен нысандарды және блок посттарды күзету жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, халық арасында сақтық шараларын үнемі насихаттап және індет ушығып тұрған қалалардан келе жатқандар туралы дер кезінде жергілікті билікті хабардар еткен азаматтар да болды. Мұндай іс-әрекеттерді еліне, туған жеріне деген патриоттық іс деп бағалауға болады.
Осыған орай бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған төсбелгі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Төтенше жағдай кезінде міндеттерін адал орындағаны үшін» естелік белгісі және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.