Орынсыз тағылған кінә
Біраз уақыт бұрын «қазақ қазаққа жау» деп ұрандаттық. Кейіннен шалақазақ, тазақазақ, далақазақ, қалақазақ... деп бөлдік. Ұлтшыл қазақ, ұлтсыз қазақ деп тағы «ажыраттық». Қазақ жалқау дестік. Қолынан анау келмейді, мынау келмейді дестік. Бірақ осының бәрі орынсыз тағылған кінәдай. Айналып келгенде, бәрі де ҚАЗАҚ деген ұлттың бел баласы. Ал баланың естісі де, есері де болады. Ынжығы да, қайсары да, аңғалы да, аңқауы да бар. ҰЛТүшін осы баланың бәріне орын бар. Біреуін бауырына тартып, біреуін шетқақпайлаған кезі жоқ. Естісін есейтіп, есерін жөнге салып отыратын халықтың, сол ұлттың өзі.
Кезінде Бауыржан ағамыздың (Момышұлы-ред) ағамыздың қадап-қадап айтқан мынадай сөзі бар еді: «Қазаққа – көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі кінә бар. Екеуі де – оттауизм, – дейді. – Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл тарих кешірмейтін қателік.
Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кім айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек.
Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ немесе ұрпағымыздың жігерін жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немелер іліп әкетіп, әлі күнге жалаулатып жүр. Әділетін айтшы, ғасырлар бойы қазақты кім асырады, жаудан, даудан кім қорғады? Білмесең біліп қой, ол өзін өзі асырады, өзін өзі қорғады. Бұл жалқаудың қолынан келе ме? Ең құрығанда бір сәт байсалдылық танытып, ойлансаңдар қайтеді?» («Мен халқымның – Бауыржанымын» кітабынан үзінді).
Р.S. Біздің бабаларымыздың ірі, ақылды, алғыр, тапқыр, табанды, батыл болған. Бүгінгі ұрпағы да сондай.
Құралай РАХЫМБАЙ