Кімді кім алдап жүр?
Соңғы уақытта мұғалім мен дәрігердің жалақысы көбейді деген уәж жалған болып шықты. Іс жүзінде 2017 жылы білім қызметкерінің нақты орташа жалақысы 4,4 пайызға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерінің еңбекақысы 4,3 пайызға азайып қалған. Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова осылайша бар шындықты жайып салды.
Кезінде талай жыл Еңбек министрі болған Гүлжан Қарағұсованың цифрға жүйріктігін бәрі жақсы біледі. Еліміздегі мықты экономистің бірі екеніне де талас жоқ. Содан болар мәселенің мән-жайын орын-орнына қойып, ашып айтты. Сөйтсек, бар гәп базалық лауазымдық жалақыда екен. Біздегі базалық лауазымдық жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтін болып шықты. Депутаттың сөзінше, еліміздегі базалық лауазымдық жалақы көлемі 17 697 теңге екен. Бұл сонау 2011 жылы бекітілген. Содан бері 7 жыл бойы еш өзгермеген. Ең төменгі күн көріс деңгейінен 40 пайызға аз. Сонда мұны белгілейтін мамандар қайда қараған? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ше? Кім кімді алдап есеп беріп жүр?
«Бізде 25 мың теңге алатын адамдар бар. Коммуналдық төлем – 15-20 мың теңге. Оған қоса, қаладағы көп қазақ пәтер жалдап тұрады. Азық-түлігі, жолақысы бар. Балаңды балабақшаға берсең, ол да ақша. Сонда мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болады? Осыны ойладыңыздар ма? Елімізде мұндай мардымсыз жалақыға өмір сүретін адамдар өте көп» деді депутат. Гүлжан Қарағұсова елордадағы 18 жастан асқан мүгедектермен жұмыс істейтін «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысын мысалға келтірді. «Бұл ұйымда санитар қолына 30 924 теңге, тәрбиешінің көмекшісі 28 247 теңге, ас үй жұмысшысы 27 390 теңге алады екен. Бұл өмір сүру деңгейі қымбат Астанадағы жалақы... Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес» деді шындықтың тағы бір шетін шығарып. Депутаттың айтуынша, олар мұндай аз жалақымен мемлекеттік бағдарламамен пәтер ала алмайды. Себебі несие қайтаруға төлем қабілеттері жетпейді.
Ал статистика комитеті біраз күн бұрын еліміздегі орташа жалақы 163 725 теңге деп мәлімдеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға жоғары көрсеткіш екен.
Құралай СЛӘМҚЫЗЫ