» » » ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРҒА ЖАҢҒЫРУ КЕРЕК ПЕ?

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРҒА ЖАҢҒЫРУ КЕРЕК ПЕ?


Қазақтың ұлттық ойындары десе есімізге бірден «Тоғызқұмалақ», «Сақина салу», «Бастаңғы», «Алтыбақан», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Асық ойыны» т. б. ұлттық бояуы қанық ойындар еске түседі. Ұлттық ойынымыздың қай түрі болсын жас ұрпақты төзімділік пен шеберлікке, ұлтжандылыққа баулумен қатар, ерік жігерін шыңдауға қосар үлесі көп екенін аңғару қиын емес. Алайда, бүгінгі таңда осындай құнды ұлттық ойындарымыздың орнын батыстың технологиялық атыс-шабыс мультфильмдері мен ойындары басып бара жатқаны жанымызға батады. Бір кездері таңның атысы, кештің батысы асық атып, қызыл сақасын иіріп лақтырғанда алшысынан түсіретін қырағы көзді жастарымыз төзімділік пен шыдамдылыққа шыңдайтын дойбы мен тоғызқұмалаққа құмартып өсті емес пе? Ләңгі теуіп, бес тас ойнап, санасына алғырлықты ұялатып, келешектің кемесіне мініп, өмір ағысына ілесіп кете беретін. Қолына домбыра алып, кешкі салқынмен алтыбақан тепкен жасөспірімдер жұмбақ жасырып, мақал-мәтелден жарысып, білімділік пен тапқырлықтың озық үлгісін көрсете білді. Жиын-тойдың сәнін келтірер “селт еткізер”, ақсүйек ойындары жас буынның сезімін күшейтіп, маxаббатқа деген адалдықты айқындайтын өнегелі жайт болды. Жылқының ең жүйрігін ерттеп мініп, арудың алма бетінен сүю арманға айналған шақтағы қыз қуу ойынында жеңілген жігіттің қамшы жеп, ұяттан қызара бөртетін қызығы мол. Серкені тақымға қысып алып, жігіт пен сәйгүліктің мықтылығы сыналар көк­пар, шаң қаптырар жүйріктердің жарысы бәйге де бұл тізімді толықтырады. Екі топқа бөлініп білек күші салынатын арқан тартыс пен қол- күрес, жамбас­қа алып ұрар қазақ күресі, аударыспақ сынды ұлттық ойындар дала мәдение­тінің бірден-бір көрінісі еді. Ал қазіргі қоғам болса жас демей, кәрі демей барлығын қалта телефонға телміртіп, шетелдің мәдениетіне үндейтін ойындарға аңсарын аударып қойған. “Заманың түлкі болса, тазы болып шал” демекші, ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа жеткізу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып барлығымыз бірдей күресуіміз керек. Бұл жерде тізгін ұстаған азаматтар мен теxнологияның құлағында ойнайтын мамандар бірігіп, ұлттық ойынды дәріптейтін бағдарламаларды ойлап тапса және оны кеңінен насиxаттау үшін қалта телефонның жүйесіне енгізсе әрбір қазақ балдырғаны оған құмартып, санасы жаңаша жанданбауына кім кепіл? Мысалы, шаxмат ойыны сияқты дойбы, тоғызқұмалақты ұялы телефонға жүк­теп алып ойнауға мүмкіндік болса қандай жақсы. Ерте ме, кеш пе, бәрібір түбінде осындай жаңалыққа бет бұрарымыз ақиқат, өйткені бұл заман сұранысы, уақыт талабы.
Ерасыл ШӘРІБЕК

21 желтоқсан 2017 ж. 1 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031