» » » МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ МАЙДАНҒА КӨМЕГІ

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ МАЙДАНҒА КӨМЕГІ

Қызылорда - 200
     «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
       Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілгендей, қазіргі уақытта мектеп бағдарламасында «Өлкетану» пәні факультатив сабақ ретінде оқытылады. Сол арқылы туған жер тарихын жан-жақты зерделеуге зор мүмкіндік туды, облыс тарихына қатысты белгілі бір кезеңді зерттеп, пәннің мазмұнды өтуіне аз да болса үлес қоссам деген ой болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен жерлестеріміздің, әсіресе мектеп оқушыларының ерен еңбегін жас ұрпаққа көрсету, оларды патриотизмге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу  мақсатында архив материалдарынан деректер жинадым. Ұлы Жеңіс мерекесінде соғыс ардагерлерімен бірге тыл ардагерлеріне де қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Майданнан шалғай жатса да, соғыстың бар ауыртпалығын көтеріп, жұмыла еңбек еткен сол кісілердің періште көңілі ұлы жеңісті жақындатты.  Қазіргі тыл ардагерлері сол уақытта бұғанасы қатпаған мектеп оқушылары еді. Қызылорда қаласының 200 жылдығы қарсаңында қаламыздың тарихын зерделеуге арналған осы зерттеу жұмысым қажетке жарап жатса қуаныштымын.  
        1941 жылы 22 маусымда КСРО-ға бес жарым миллион адамы бар армия тап берді. Әр елге бір ұрынып, әр жерде соғыс өртін тұтатып, дәндеген фашистік соғыс машинасына қарсы халық қиян-кескі күреске көтерілді. КСРО-ға шабуыл жасаған фашистік Германия дүниежүзіндегі тұңғыш социалистік мемлекетті құрту, халқын құлдыққа салу, миллиондаған адамын қырып-жою мақсатын көздеді. Кеңес Одағы үшін бұл соғыс азаткерлік, әділетті соғыс болды. Қаһармандыққа толы 1418 күнде біздің еліміз адам айтқысыз қиындықты бастан кешірді. Империализммен шайқасып, кеңестік социалистік және қоғамдық құрылыс жеңіп шықты. Сол кездегі кеңес қоғамының әлеуметтік-саяси және идеялық бірлігі, жұмысшы табы мен колхозшы шаруалардың мызғымас одағы, майдан мен тылды толық, берік байланыстырды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс әскери ғана емес, саяси-экономикалық жеңіс болды. Кеңестік патриотизм мен пролетарлық интернационализмнің, моральдық саяси бірліктің салтанаты болды. Жеңіс күнін жақындата түсуге барлық республикалар сияқты Қазақстан да үлкен үлес қосты.
       «Соғыс» деген суық сөзді естісімен талай қызылордалық ер-азамат қолына қару алып, батысқа қарай сапар шекті. Тылдағы отбасы, ошақ қасында қалған кемпір-шал бойын тіктеп, бал-шағаға қосыла майданға күш біріктірді. Тірсегі майысқан жас балғындар ерте есейіп, әке-ағаларының орнын жоқтатпады. Олар жанқиярлықпен еңбек етіп, майданға көмек беріп жатты. Еліміздің өзге тылдағы еңбеккерлері сияқты қызылордалықтар да қорғаныс қорын ұйымдастырды.
       1943 жылдың 23 қаңтарына дейін Қызылорда қаласының тұрғындары майдан үшін 1 миллион 300 мың сом ақша мен 1 миллион 100 мың сомның облигациясын Отан қорғау қорына өткізді. 14 мың жылы киім мен 2 вагон сыйлықты майдандағы жауынгерлерге жөнелтті. Қаладағы Артем атындағы театр 100 мың, темір жол жұмысшылары 100 мың, «Разнопром» артелі 20 мың, қалалық аурухана 22 мың, Стройматериал артелі 20 мың сом қаржы және облигация өткізді. Облыстық милиция қызметкерлерінің майданға жіберген қаржысы 26 мың 420 сом болды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ облысымыздың мектеп оқушылары майдандағы кеңес жауынгерлеріне үлкендермен бірге көмек көрсете бастады. Олар еңбек даласында, жауынгерлерге жылы киім жинауда, астық өткізуде зор белсенділік көрсетті.
       Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында неміс фашистері уақытша басып алған жерлерден көшіп келген мыңдаған адамдарды қызылордалықтар өз бауырындай қарсы алып, достық құшағын жайды. Соғыс басталған алғашқы жылдың өзінде ғана облысқа майдан ортасында қалған 7653 адам, соның ішінде Қызылордаға 3617 адам қоныстанды. Олар келісімен білек сыбана еңбекке етене араласты.
       Соғыс уақытында мектеп оқушылары Отан тағдырымен алға басты. Оқу үлгірімін екі есеге арттырып, металл, жылы киім жинады, жауынгерлерге посылка салып тұрды. Колхозшыларға егіс даласында көмек берді. Ертеден кешке дейін қараңғы түн құшағында олар егін орды, жер жыртты, станокта тұрып оқ жонды, бомба жасады, жауынгерлер үшін жылы киім жинастырды. Аналармен бірге бір сәт те тыным алмаған кішкентайлардың дұшпанға деген кегі мен ашу-ызасы Қызыл Армияға қолғабыс болып, жау шебіне бұршақша жауды. Соғыс жылғы балалар тылда тыным алған жоқ. Олар байтақ елімізбен білек сыбанған қалың елмен бірге жеңіс сағатын жақындата түсті. Майданнан елге оралып келе жатқан Жеңіс жауынгерлерінің мойнына асылып, алапат соғыста гимнастеркаға сіңген оқ-дәрі мен түтін иісін алғаш иіскеген де сол балалар болатын.
       Тылдағы ауыр еңбекпен балғын ұрпақтың бұғанасы тез бекіді. Жеткіншектер жеңіске үлес қосуға бар күшін салды. Отты күндерде тимуршылар командасы жақсы жұмыс істеді. Қызылорда қаласында соғыс жылдарында тимуршылар командасы 18-ге жетті. 250-ден астам пионер оқушылар бірікті. Олар мектептегі тәртіп пен үлгірім үшін белсенді жұмыс жүргізді. Қалалық ВЛКСМ-ның XX жылдығы атындағы мектептің тимуршылары 32 майдангер отбасына көмек берді. Олар Кеңес Одағының батыры Глотовтың және екі мәрте Кеңес Одағының батыры Молодченнің отбасымен үнемі байланыста болды. «Пионер» самолетін жасайық деген тимуршылар бастамасын қалалық барлық мектеп оқушысы қолдады. Тимуршылардың белсенділігімен майдан шебіне ондаған посылка жөнелтілді. Сол жылы Қызылорда қаласында тимуршылардың слеті өтті. Майданға көмек толастамады. Әрбір кеңес оқушысымен бірге қала мектептерінің оқушылары да жеңіс сағатын асыға күтті. Қызылорда қаласы мектеп оқушыларының майданға көмегі жергілікті органдарда, пионер, комсомол ұйымдарында жиі айтылатын. Олардың күнделікті жаңа табысы фашизмді талқандауда жауға оқ болып тиді. Олардың әрбір жетістігі жергілікті радио, баспа беттерінде хабарланып тұрды. 1942 жылы қызылордалық мектеп оқушыларының ерен еңбегімен егін, мал азығы ысырапсыз жинап алынды. Мұндай жұмысқа қала мектептерімен бірге облыс бойынша 9332 комсомол, 13000 пионер және барлық мектеп оқушысы қатысты. Олар майдангер отбасына, соғыс мүгедектеріне, жаралы жауынгерлерге қалтқысыз қамқорлық жасады. Олар дала қосында, бригада басында, завод цехтарында, госпитальдарда жалықпай өнер көрсетіп, шаршаған жұртты сергітті.
       Ауыр кезеңде Қызыл Армия жауынгерлеріне сыйлық ретінде қалалық 1- май мектебінің оқушылары 500 келі күріш, 50 келі балық, 350 бет орамал салып жіберді. Қызылорда қаласындағы ВЛКСМ-ның 20 жылдығы атындағы мектеп, Ленин, Сталин және Ворошилов атындағы мектеп оқушылары мың келіден астам металл сынығын жинап тапсырды. Оқытушылар мен оқушылардың бастамасымен қалалық Ворошилов атындағы мектепте гитлерлік басқыншылардан азат болған аудандардың мектеп оқушыларына көмек ретінде оқу құралдарын жинады. Осының бәрі дер кезінде азат болған аудандағы мектеп оқушыларының адресіне жіберілді. Мектеп оқушыларының Кеңес жауынгерлеріне жылы киім жинау жұмысы толастаған жоқ. Мұғалімдер мен оқушылардың белсенділігімен 1942 жылы 1қаңтарда 6450 жылы киім, соның ішінде 48 қысқа тон, 163 пар пима, 272 телогрейка, 406 шапка тапсырылды. Кеңес жауынгерлеріне жылы киім жинауда мектеп оқушылары «Жылы киімдерді жинау комиссиясын» құрып, белсенді есеп жүргізіп отырды. Әсіресе, қалалық М.Горький атындағы мектеп оқушылары белсенділік көрсетті. 22 қаңтар күні оқушылар жиналысында әрбір оқушы шығып сөйлеп, өз жұмысын одан әрі жалғастыра отырып, неміс басқыншыларына қарсы күресте аянбай еңбек ететінін айтты. Жиналыста екінші сынып оқушысы Миссури сөйледі. Ол: «Біз мектепте үлкендерден қалыспаймыз, біз де кеңес жауынгерлеріне жылы киім жібереміз. Біз Кеңес жауынгерлерінің жылы киініп, фашистерді аяусыз күйретуіне аянбай еңбек етеміз. Мен өзім тоқыған қолғапты қосамын»,- деді. Сол күні М.Горький атындағы мектеп оқушылары 30 пар пима жинап, майданға жіберді.
        Мектеп оқушылары көктемде күнде егіс даласында еңбек етті. Жауынгерлерге шын балалық балғын жүрегімен тебірене отырып, хат жолдады. Жауынгерлерден де ерлікке толы хат алып отырды. Солардың бірі қалалық Ленин атындағы мектеп оқушылары еді. Олар былай деп хат жазды: «Қымбатты гвардиялық жолдастар! Үлкен қуанышпен біз сіздердің хаттарыңызды алып оқыдық. Неміс басқыншыларынан Отанымызды азат ету үшін күрескен ерлік істеріңіз бізді қатты тебірентті. Біздің мектебіміз соғыстың алғашқы күнінен бастап майданға көмек жұмысына 5150 сом ақша жинады. Бұл қор «Қазақстан пионері» танк колоннасын салуға жиналды. Біздің мектеп оқушыларының көпшілігі оқу озатының қатарында келеді. Құрметті гвардия жауынгерлері, біз хаттарыңызды асыға күтеміз».
        Оқушылар майданнан үшбұрыш хат алды. Майданнан келген хат әркімге ыстық еді. Әрбір оқушының майданда әкесі, ағасы, апасы болды. Оқушылар Кеңес жауынгерлеріне көмектесе отырып, Отанды сүюді үйренді. Жауынгер Васильевтің қызы оқитын осы мектептің 3 «е» сынып оқушылары да майданға хат жолдады. «Біз сіздің қызыңыз Ида оқитын сыныптың оқушыларымыз, жақсы оқи отырып майданнан көмегімізді аямаймыз. Біз жауынгерлерге жылы киім жинадық және эскадрилия тұрғызуға ақша жинадық. Біз Иданы өте жақсы көреміз. Ол жақсы оқушы және жақсы жолдас, белсенді пионер». Сыныптың озат алты оқушысы қол қойған хат майданға жалынды сәлеммен жолданды.
        Майданға жолдаған хат жолдарында пионерлер майданға қолдан келгенше көмек жүргізіп жатқанын, әсіресе, металлолом сынықтарын тапсырып, танк колоннасын салуға ақша жинағанын жазды. Мектеп оқушылары майданға жолдаған хаттарында тылдағы ерен еңбекті баяндаса, майдандағы жауынгерлер ұрыстағы ерлік істі жазды. Жауынгерлердің ерлік пен жігер, батырлыққа толы хаттары оқушыларға үлкен қайрат берді. Олар тылда майдандағы жауынгерлердің ерлігіне сай еңбек етуге жігерленді. Майданнан хат алып, хат жолдаған мектеп оқушылары көп болды. Қалалық Ленин атындағы мектеп оқушылары сол жылдары №48898 әскери бөлімінен хат алды. Хаттың соңында комсомол хатшысы Григоренко, бюро мүшесі Кирилин, Кузнецов қол қойған екен. Майдан мен тылдың бірлігін насихаттаған мақала 1943 жылы 17 ақпанда «Казахстанская правда» газетінде жарияланды.
       Соғыс жылдарында Орталық Комитет және Совнаркомның егіс даласында еңбек күнін ұзарту туралы қаулысы шықты. Қаулыны қолдаған Қызылорда қаласының 15 жастағы мектеп оқушылары 80 еңбек күнін орындауға, 16 жастағылар 100 еңбек күнін орындауға міндеттеме қабылдады. Бұл бастаманы облыстың барлық мектеп оқушылары қолдады. Бұл олардың Отан алдындағы үлкен борышы еді. Оқу жылы аяқтала салысымен мыңдаған мектеп оқушылары бір кісідей егіс даласына аттанды. Мәселен, қаладағы Ворошилов атындағы мектеп оқушылары мен пионерлері «Огородник» колхозында еңбек етті.
       Егіс даласында еңбек етіп қана қоймай, оқушылар көркемөнерпаздар  үйірмесіне де белсене қатысты. Ия, жақсы өлең мен жыр еңбек табысының көрінісі еді. Балалар өнерімен үлкендерді жігерлендіре түсті. 1942-1943 жылдың қорытындысы бойынша егіс даласындағы патриоттық қозғалыс кезінде үлкен жауапкершілікпен 11мың мектеп оқушысы және 1475 мұғалім облыс колхоздарында еңбек етті. Жыл бойғы еңбек қорытындысында 40 мың еңбек күнінде 14232 гектар жерден өнім жиналды, 682 гектар жерден шөп орылып, Отанымыздың қорғаныс қорын нығайтты. Мектеп оқушыларының еңбек вахталарындағы жұмысы бағаланып, қалалық Горький және Ворошилов атындағы мектеп оқушылары грамотамен марапатталды.
       1944 жылы майданға көмек одан әрі жүргізілді. Батыстан жеңіс желі сезіліп жатты. Мектеп оқушылары Қызыл Армияның 26 жылдық мерекесін атап өтуге қызу кірісті. Осыған байланысты Қызылорда қалалық Ворошилов атындағы мектеп оқушылары кеш ұйымдастырды. Олар жатқа өлең оқып, ән орындады.
Ұлы отан соғыс аяқталған соң да сол жеткіншектер бейбіт еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында аянбай еңбек етіп, кеңестік патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті. Қандай соғыс болмасын адам баласына қайғы-қасіреттен басқа ешқандай жақсылық әкелген емес. Діні, ділі, тілі бөлек он бес одақтас мемлекет бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұдырықтай жұмылып, фашисттік басқыншыларға қасқайып қарсы тұрды. Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келмеді. Кеңес Одағы 30 миллионға жуық халқынан айырылды.
Тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біз, шынымен де, бақыттымыз. Тәуелсіздік – Отанымызға Тәңірдің сыйы, сол тәуелсіздікті нығайту жолында бүгінгі жас ұрпақты туған елінің, жерінің тарихын оқытып, отаншылдыққа тәрбиелеу  – біздің басты борышымыз. Сол арқылы Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының салтанат құруына, ұлттық тарихқа құрметпен қарауға, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың берік жалғасуына  үлес қосамыз деп есептеймін.
  ЛӘЗЗАТ ЖҰМАБЕКОВА,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Жаңақорған ауданы
       
 
02 тамыз 2018 ж. 934 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031