» » » СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК НЕМЕСЕ ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК НЕМЕСЕ ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Төрт жылда 123 адам
Шомылу науқаны басталғалы біздегі елдің көбі жылдағыдай дария жағалайтыны белгілі. Ми айналар осындай аптап ыстықта жабайы жағажайларда табылатын біздің тұрғындар судағы қауіпсіздік қағидаларын ескере бермейді. Ескерсе, осы жылдың өзінде 19 адамнан айырылмас едік. Төтеннен келген ажал деп өз-өзімізді сабырға шақырғанмен де, сол қауіпсіздік ескерілсе, «сақтансаң сені де сақтайтыны» анық нәрсе ғой. Айтпақшы, біз айтып отырған 19 адамның 6-уы жас бала. Бұның ішінде балық аулаймын деп және үш адам суға батқан. Бұл цифрмен тоқтап қалғаны біз үшін жақсы-ақ, бірақ осындай аптап ыстықта адамдарды байлап ұстап отыра алмайтының да рас. Бар мәселе – қауіпсіздік белгілерін сақтамауда болып тұр және облыс аумағынан өтетін жалғыз өзенде, сол өзеннен тарайтын кей каналдарда арнайы белгіленген  суға түсуге арналған жағажайлар тым аз.
Биылды есептемегеннің өзінде соңғы үш жылда, дәлірек айтсақ, 2015 жылы 43 адам суға кетсе, 2016 жылы 35, ал былтыр 26 облыс тұрғыны осы дарияның құрбандығы болған. Жыл сайын көрсеткіш азайғанмен, өлім деген ат қашанда жақсы болған емес, аталған үш жылдың өзінде 104 адамның өмірі су астында тоқтапты. Оның ішінде балалар саны – 35. Бұған биылғы шығынын қосыңыз. Төрт жылда 123 адам. Өте қайғылы цифр!
Жағдайды білмекке республикамыздың Ішкі істер министрлігінің құрамына кіретін Төтенше жағдайлар комитетінің «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесі деп аталатын құзырлы орынға соқтық. Ондағы құтқару қызметі суға шомылу қауіпсіздігін түсіндіру үшін арнайы рейд шараларын әрдайым өткізіп келеді екен. Мамандар қаламен қатар ауылдық жерлерде суда демалушыларға қауіпсіздікті басты назарда ұстау керектігін ұдайы түсіндіреміз дейді.
Арнайы құтқарушы Талғат Торсановтың айтуынша, қайғылы қазаның басым бөлігі суға ішімдік ішіп түсетіндер арасында орын алатын көрінеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта суға батқан балалардың дені – ұл балалар. Негізі, ата-аналар қыздарға қарағанда ұлдарды жеткілікті деңгейде бақылауға алмайды. Бұл балалардың өзара топтасып, үйден шығып кетіп, емін-еркін жүруіне, қыдыруына мүмкіндік беріп тұр. Олардың бәрі шомылуға арналмаған жерлерде үлкендердің қарауынсыз суға түседі. Айналып келгенде арты осындай қазаға әкеледі.
– Жазғы демалыс кезінде бос уақытын су жағасында өткізетін ересек адамдарды да, балаларды да көптеп кездестіруге болады. Тұрғындар көбіне өзеннің ағыны қатты жерлеріне дейін шомылып, қарапайым қауіпсіздік шараларын  ескермейді. Оның үстіне спирттік сусындар пайдаланады. Суға түсуге болмайды деген арнайы белгісі бар қауіпті аймақта да жүзе береді. Әрине мұндай салғырттықтың соңы кейде қайғылы жағдайлармен аяқталады. Аталған келеңсіздіктің алдын алу үшін біз ішкі істер қызметкерлерімен бірге үнемі рейд ұйымдастырамыз. Басты мақсат – жазда, суға шомылушылардың қауіпсіздік шараларын қадағалау, өзен жағасында тәртіпсіздікті болдырмау, – дейді құтқарушы Талғат Торсанов.
Жасақтың жұмысы һәм жағдайы
Сырдарияға суға кеткен адам саны жыл сайын азайып келеді. Дей тұрғанмен судан құтқару қызметінің мамандары жоғарыда айтып кеткендей, адамдардың суға кетуіне басты себеп жағалауда арнайы суға түсетін орынның жоқтығы мен азаматтардың суға шомылғанда қауіпсіздікті сақтамауынан болатынын айтады. Құтқарушылар «сақтықта қорлық жоқ» екенін ескерту, азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынаен бері тұрақты іс-шаралар өткізген.
– Осы жылдың басынан бастап жасақ құтқарушыларымен «Судағы қауіпсіздік ережелері» мен «Судағы зардап шеккен адамдарды құтқару және оларға дәрігерге дейінге алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында 4 интерактивті сабақ, 249 дәріс, 38 жиналыс және нұсқаулық өткізілді. Тұрғындарға 14127 үнпарақ таратылды. Жаңағы айтып кеткен тақырыптар балық жиі ауланатын Арал және Қазалы аудандарында да қозғалды. Мысалы, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК, «Қызылорда балық» СПК, «Арал СДО» ЖШС, «Бақыт» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Игіліков Т» ЖК, «Ақбасты» ӨК, «Камбала балық» ЖСШ балықшыларымен кездесу ұйымдастырылып, арнайы дәрістер оқылды, – дейді ҚР ІІМ ТЖҚ «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесі басшының орынбасары Мейрамбек Доспамбетов.
Мейрамбек Мұханбетқалиұлы жеке құрамның дайындығы, олардың қайта даярлау курстарына үзбей қатысып отыруы жіті қадағаланатынын жеткізді. Жалпы жыл басынан бері өңір құтқарушылары 29 мәрте әртүрлі республикалық және жергілікті оқу-жаттығуында, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық ішкі істер департаменті және төтенше жағдай қызметкерлерімен бірлесіп,  лаңкестікке қатысты адамдарды құтқару бойынша 4 жаттығуға қатысқан. Штат бойынша 73 құтқарушысы бар бұл мекеме басшылығы қазіргі таңда 21 әртүрлі үлгідегі техникалық машинамен қамтылған. Бұдан өзге қарда жүретін арнайы техникасы мен 50-ден аса арнайы судан құтқаруға жабдықталған қайық түрі бар.
Сақтансаң – сақтайды
Аталған мекеме тек судан ғана құтқарады десеңіз қателесесіз. Әгәраки, Құдай бетін аулақ қылсын, өзіңіз не жақыныңыз қандай да бір жаманатқа душар болсаңыз, осы мекемеге қоңыраулатуыңыз бек мүмкін. Мысалы, есігіңіз өздігінен құлыпталып қалса, үйде газ немесе үтікті өшірмей, алыс сапарға аттанып кетсеңіз, төтеннен көлігіңіз апатқа ұшырап, ішінде қысылып қалсаңыз, жақыныңыз жоғалып немесе сиырың мен ұсақ малыңыз батпаққа батса, тіпті мысығыңыз шатыр үстінен түсе алмаса да осы жасақ көмек көрсетуге даяр. Жыл басынан бері осындай түрлі деңгейде 581 қоңырау түсіп, жеткілікті көмек көрсетілген.
Сонымен бірге, жасақ қызметкерлері тұрғындардың немқұрайлылыққа бой алдыруы жиілеп кеткенін айтады. Айталық, үлкен қалаларда көп қабатты тұрғын үйлердің 8-9 қабаттарынан балалардың құлап қетуі сияқты оқиғалар біздің қаламызда да екі-үш мәрте кездескен. Балаларды жиі қараусыз қалдыру, көпқабатты үйлердегі терезе жақтауларын ашық тастау, тұрмыстық техникалық құралдарды (үтік, газ плиталары, ток көздерінің ашық қалуы т.с.с.) дұрыс пайдаланбау салдарынан адам шығыны болатынын біле тұра, біз әлі қамсызбыз.
Халқымыз «қырық жыл қырғын болса да, ажалы жетпей ешкім өлмес» дейді. Бірақ «сақтансаң – сақтайды» дейтінді де ұмытпаған жөн. Жаз қалай шыжғырса да, өз өміріңізді өзіңіз сақтап, қауіпсіздік шаралары сақталған жағажайда шомылыңыз, үйде қажетті болумен қатар қаупі де бар заттарға абай болып, балалардың бейтарап жерге бармауына баса назар аударыңыз. Бұл өзіңізден бөлек жақындарыңыз үшін де керек дүние.
Ержан ҚОЖАС
09 тамыз 2018 ж. 1 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031