Алтын достан қымбат па?
Алтын – қыз-келіншектің бәрінен табылатын әшекей бұйым. Тіпті бірнешеуін тағып жүреді. Осы күні алқа, сырға, сақина іздегеннің бәрін табасыз. Көз жауын алатын алтынның не сиқыры бар екенін түсіну қиын. Алтын үшін адам өлтіретін де, алтын үшін дене мүшесін сататындар да бар көрінеді. Бір танысым бар. Алтынның түр-түрін тағады. Алтын көрсе ала береді, ала береді. Ақшасы көп қой дейін десеңіз оған келіңкіремейді. Бір айлық жалақымен күн көреді. Тұрмысы да мәз емес. Бірақ алтынға құмарлығы ерекше енді.
Алтыннан жасалған үй
Естідіңіз бе, жоқ па, білмедім. Бірақ бұл оқиға мені елең еткізді. Бай келіншек зәулім үй салдырады. Үйдің әр бұрышына алтын тастататын көрінеді. Үй біткен соң құрбылары да көрімдікке алтын шашыпты. Үйдің іші қымбат жиһаздармен толтырылған. Уақыт өте келе үйдің ішін жылан қаптап кетіпті. Солайша алтын құмар келіншек үйіне кіре алмапты. Қымбат жиһазы да, әр бұрышына өрілген алтыны да құрдымға кеткен. Үй қараусыз қалады. Оған жан баласы кіре алмайды. Сөйтсе, алтынға адам ғана емес, жылан да үйір екен ғой.
ҚАҒЫЛҒАН ШЕГЕ
Бойжеткендер сұлулық үшін ештеңеден тайынбайтыны белгілі. Ал сұлу әрі ерекше көрінудің бір амалы пирсинг жасату. Алайда мұрнын немесе тілін тескізіп, пирсинг жасату сәннен қалған сыңайлы. Ендігі кезек саусақта. Әлеуметтік желіде бойжеткендер өзгеше суретті жарыса жүктеді. Саусағының терісін тесіп, гауһар тас орнатқан. Әшекейдің бұл түрі бірден көпшіліктің назарына ілігіп, жұрттың қызу талқысына түсті. Көзге түскісі келген бойжеткен біреумен ғана тоқтамай, қолына түгелдей пирсинг жасатқан.
ГРАМЫ 11500
Бұл – қаладағы бір грамм алтынның құны. 5 грамм алтын 57500 теңге болады екен. Сырға – 70 мыңнан жоғары. Сақина – 60, алқа – 160, сағат – 150, гауһар тас – 260 мың. Бұл біз таңдаған алтын. Ал сіз талғамыңызға қарай көресіз. Базардағы Отырар, Қасиет, Торғай сынды сауда үйлеріне бас сұқтық. Бір-бірінен айырмасы жоқ. Сатушылардың жарнамасынан кейін қалай алғаныңызды аңғармайда қаласыз. Құдалық жөн-жоралғысына берілетін бұйымдардың бағасы қалтаға қонымдылау екен.
Көшпелі алтын
Жазушы Талап Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын» әңгімесінде басты кейіпкер Сәмен алтынның көшетініне көзі жеткізеді. Мұндағы оқиға желісі бойынша мал бағып жүрген Сәмен Шыңбұлақ сайынан желе жортып өте бергенде, кенет астындағы торы аты осқырынып, қалт тоқтай қалады. Сонда Сәмен бұрылып артына қараса, сай құлдилай жалт-жұлт етіп, бір от келе жатыр екен. Жазушының суреттеуінше, үлкендігі аттың басындай. Балқыған, қызғылт сары. Жер бетінен бір метрдей биіктікте ешбір сүйеусіз, ешкімнің көтеруінсіз қалықтап жүріп келеді, жол-жөнекей ұшқын ұшып түсуде. Сонда кейіпкер атасынан естіген аңызын ойына алады. Кезінде бір кедей-кепшіктің баласы да алтынның көшіне кезіккен екен. Кетіп бара жатқан көшпелі алтынды тоқтату ойымен қалтасынан кездігін алып, шынашағын тіліп жіберіп, кетіп бара жатқан алтынның үстіне бір тамшы қан тамызған. Сөйтсе, алтын сатыр-сұтыр етіп жарылыпты да, жерге сіңіп кетіпті. Содан жігіт үйінен күрек әкеліп, жалма-жан сол жерді қаза бастайды. Белуардан қазғаннан кейін бір қоңыр тасқа паналаған ат басындай алтын тауып, байлықтың астында қалған деген аңыз бар. Әлгі Сәмен атасынан естіген осы аңызын еске түсіреді, рас екен-ау деп ойлайды. Алайда аңыз болып келген сол «алтынның көшін» өзі де көргеніне таңырқап, көкейінде «атамның аңызы шынымен болған ба сонда? Мен расымен де «көшпелі алтынды» көрдім бе? Ал егер ол алтын болмаса, не болуы мүмкін?» деген сұрақтар туындаған.
Расымен де, алтынның аласапыран көшін көрген жан сол мезетте денесінен қан шығарып жіберсе, алтынның көші тоқтай қалатынын екені бірнеше аңыз бен шығармада жазылған.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Алтынды еркектерге зиян, әйелдерге пайдалы дегенді Исламда жиі естиміз. Шариғат бойынша ерлер үшін таза алтын мен жоғары сапалы алтыннан соғылған құнды бұйымдар тағуға тыйым салынған. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар сол қолына жібекті іліп, оң қолына алтынды алып: «Мұның екеуі де менің үмбеттерім үшін харам дүние» депті (хадис Ахметте, Әбу Дәуітте, Әл Нисанда, Ибн Хаббанда, Ибн Мәжиде және әйелдеріне ғана рұқсат деген сөз қосылған). Пайғамбарымыз бір ер адамның қолындағы алтын сақинаны көріп, саусағынан алады да жерге тастайды да: «Егер осы тұрғандарыңның біреуі мынадай жанған шоқты пайдаланатын болсаңдар, оны алақандарыңа салып көріңдер», - депті. Ал алтынның адамға зияны жайында исламтанушылар сөз етпейді. Алайда, Құранда жазылған әрбір сөз шындық деп қабылдайтындарға еш дәлелдің қажеті де бола қоймас.
55 МЫҢ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ
Алтын бұйымы той-томалақта сыйлыққа беруге таптырмас дүние. Алтынның салмағына қарай дәрежен де анықталады. Егер барлығына дерлік алтын тақса, онда барған жері жақсы екен деген ұғым қалыптасады. Той дегеннен шығады. Поездағы бір оқиға есіме түсті. Бір жерден мініп, екінші жерден түсетін сатушының бірі алтын сатып жүр екен. Қасымда бір апа бар-тын. Тойға барады екен. Қызына сыйлық алуды ұмытыпты. Содан поездан көрген алтынға жармаспасы бар ма? Сатушы грамы пәленше, түрі түгенше деп жарнаманы жіберді. Не керек, 55 мыңға қызына сақина алды. Сатушы поездан түсіп қалды. Сөйтсе, таза алтын емес, жасанды алтын болып шықты. Сан соғып қалды Сөйтіп 55 мың желге ұшты.
Базарға бара қалсаңыз, жасанды алтынның түр-түрі бар. Таза алтыннан түк айырмашылығы жоқ. Тек уақыт өте келе сарғайып кетеді. Бірақ алған кезде оны аңғармайсыз. Алтын таңдауда нені ескеру керек? Қандай алтын сәнге айналды. Алтынға неге құмармыз? Осы сұрақтардың жауабын іздедік...
Индира, ӘЛАЙДАР, сатушы:
– Алтын әшекей сатып аларда алдымен бұйымның таңбасына қарау керек. Таңбада бұйымды жасаған зауыттың белгісі және оның қандай сынамаға сәйкес келетіні көрсетіледі. Қазақстанда 375, 500, 585, 750, 958, 999 сынамалары тағайындалған. Сынама – бұйымдағы қорытпаның 1000 бірлігіндегі таза алтынның мөлшерін көрсетеді. Сонымен бірге бұйымдардың сапасына, сыртқы келбетіне мән беру керек. Бетінде жарықша, деформация, құрал-сайманның ізі болмауын назарда ұстаңыз.
Арайлым ӘЛІБЕК, сатушы:
– 585 сынама – сапалы, бағасы 750 сынамаға қарағанда арзанырақ әрі бағасы да қолжетімді. Оның түсі де әртүрлі болады: ақ, сары, қызыл. Ал 750 сынама алтынның пайызы көп болғандықтан, бағасы да қымбаттау. Оның түсі ақ және сары келеді, қызыл түсі сирек кездеседі. Алтынды таңдағанда сапасы мен сынамасына көңіл бөлген абзал.
Айжан МҰХТАРҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Алтын таққанды құптамаймын. Өзім ешқашан таққан емеспін. Шариғат бойынша күміс таққанды құп көреміз. Менің де, күйеуімнің де неке жүзігі күміс.
Анар ТӘҢІРБЕРГЕНҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Алтын бұйымына қызығатын жандардың қатарынанмын. Алтынды қос-қостап таққан өзіме ұнайды. Қазір алтынның бағасы шарықтап кетті. Десе де алуға тырысамын. Қызым да өсіп келе жатыр. Соның болашағын да ойлаймын. Тапқаныма алтын жинап жатырмын.
Айткүл Орыншаева, зейнеткер:
– Алтынға қызықпайтын жан жоқ шығар. Үш қызым бар. Барлығы алтын көрсе қызығады. Алқа болсын, сағат болсын тағып жүреді. Қыздарды ұзатып, келін түсірдік. Кәдеге алтын тақтық. Енді қолда қалған бір қызға жинап жатырмыз.
Жер бетінде әлі өндірілмеген 80 пайыз алтын бар көрінеді. Еліміз де стан алтын өндіруден алғашқы қатардан бой түзеуде. Ата-бабаларымыз алтынның «брендін» жасап, алтын өндеу мен зергерліктің сара жолын салып-ақ кеткен. Бұндай құнды әшекейлер үшін алғыс айту аздық етеді. Алайда, шикізат бола тұра зергерлік өнерімізбен әлем нарығына шыға алмай отырған жайымыз тағы бар.
Мөлдір САБЫРЖАН