Әлем әдебиеті өкілдері қазақ жерінде бас қосты

I Халықаралық Жазушылар форумына Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Моңғолия, Чехия, Марокко, Израиль, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да 16 елден аса көрнекті сөз зергерлері қатысты. Форумды осы шараның ұйымдастырушысы Бигелді Ғабдуллиннің өзі ашып, жиналған қауым ішінен жасы үлкен ақсақал, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпеисовке сөз берді.
94 жасқа келсе де, өзін ортада сергек ұстаған жазушы нағыз әдеби мәнерде ерекше көркемдікпен сөйлеген сөзін "Сөз — бұл Тәңір" деген оймен аяқтап, өзінен кейінгі буынға кезек берді. Екінші кезекте форум мінберіне 2019 жылғы Нобель сыйлығының номинанты Атанас Ванчев де Трасси француз әдебиетінің өкілі ретінде қазақ әдебиетіндегі Әбдіжәміл Нұрпеисов сынды жақұттарды құрметтейтінін жеткізді.