Әліппеден басталған даналықтың данасы
Ахаң жасаған әдемі Әліппеден бас тартқалы Білім және ғылым министрлігіне «жауласқандар» көп болды. 105 жылдық тарихы бар Әліппенің орнын Сауат ашу басқанмен, өзгенің көңіліндегі ренішті баса алмады. «Әліппенің аты өзгергенмен, заты өзгермейді» деп министрлік өкілдері қанша айтқанмен, ақтала алмады. Сөйтіп, Әліппе атауы ортамызға қайта оралатын болды. Былай қарасаңыз, Әліппе деген атаудың өзі әдемі. Ғасырға жуық тарихы бар ұлттық брендіміз.
2019-2020 жылдары білім беру процесіне Әліппе қайта енгізіледі. Бірақ ол қай графикада даярланады? Нақты қай нұсқада әзірленеді? Қай мекемеде сараптамадан өтеді? Кімдер талқылайды? Қай баспа әзірлейді? Осы тектес сауалдар төңірегінде министрлік нақты жұмыс істеуде. Соңғы әрі нақты нұсқасы әзірленген соң, оқу бағдарламасына қайта енгізіледі.
Соңғы жылдары мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сыныптар ана тіліндегі «Әліппеден» өзге орыс, ағылшын тілін қоса үйренуде. Қолына қалам ұстап, қазақша әріпті енді тани бастағанда, өзге тілдің ортадан «килігуі» қиындау екен расында. «Басқа түссе баспақшыл» деген. Мұны «басқа түскенде» ұғынады екенсің. Әрине, әр баланың интеллектуалдық деңгейі әртүрлі. Қабылдауы да ұқсамайды. Кейбірі тез қабылдағанмен, кейбірінің сағаттап жаттауына тура келеді. «Қазақшада А, неге ағылшында эй (А) деп айтылады?» - дейді 1-сыныпқа барған балам. «Неге қазақшада сы (С), орысшада эс (С), ағылшында си (С)деп түрлі айтамыз? Неге ны (Н) әрпін ағылшында эйч (Н) деп жаттаймын?» дейді ыза болып. Мұндайда ойналып қаламын. Ана тіліндегі 42 әріпті танып-біліп, үйрене алмай жатқанда қосымша ағылшын, орыс тілін жетекке ерту ертелеу секілді. Бастауыштан кейін енгізссек те, қатардан қалмаймыз-ау. Өзге елдің тәжірибесінде солай. Алғашқы басымдық– ана тілінде.
Кезінде Алашорда үкіметінің жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедұлы «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды» деген. Қазақтың тілін ғылымға икемдеу керек деп жүрген академик Асқар Жұмаділдаев та «Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепте білім беруге жарамайтын болса, ол тілдің не керегі бар?! Министрлік өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтуда. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе ғой! Бүкіл ғылымның бәрі ана тілінде оқытылуы керек» деп айтқаны бар. «Бар кітапқа бас болған» «ғылымның анасы мен даналықтың данасы» болған Әліппе 1-сыныпта өзге тілмен қосарланбай, жалғыз дара оқытылса дейсің ғой баяғы. Ұлтының келешекте ұран боларұландары үшін.
Арай РАХЫМ