Салтты – сабақ, дәстүрді – дәріс етсек
Кез келген дүниеде төл тәжірибеге жүгінеміз. Тарихты парақтаймыз. Өткеннен сабақ ала отырып, кемшілігіміз бен тіршілігімізді реттеуге ұмтыламыз. Қай заманда болмасын қазақ баласы бас біріктіріп, біртұтас дербес ел болуды армандады. Кешегі Керей мен Жәнібек бабамыздан бастап, бертінгі Алаш арыстарына дейін. Тіршілігімізді реттеу үшін – бірлік, кемшілігімізді реттеу үшін – білім керек десті. «Өнер, білім бәрі де оқумен табылғанын» (Ыбырай) айтып, «көңілдің білімге деген мейірімі шешенің балаға бөлген мейіріміндей болсын» (Абай) деп талап қойып, «елді түзетуді әуелі бала оқытуды түзетуден бастау керегін» (А.Байтұрсынұлы) ескертіп, «қазақша» оқу жайына баса көңіл бөлді.
«Қазақша оқу» жайы
«Қазақша» тұңғыш емле тәртібін енгізіп, фонетикасы мен грамматикасын қалыптастырып, әліппе жазып, өзгеден аударып, кітап басып шығарды. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» секілді лингвистикалық еңбектерін, Ж.Аймауытұлы «Психология», М.Жұмабайұлы «Педагогика», Қ.Сәтбаев орта мектепке арналған «Алгебра» оқулығын жазып шықты. Жаратылыстану пәндерін қазақ баласы үшін қазақша сөйлетті. Осының бәрі баланың өз ана тілінде емін-еркін оқып-тоқуына, қазақша еш кедергісіз білім алуына жасалған әрекет болатын. Ғылым-білім мен мәдениетке ұлттық рең, ұлттық нақыш беруі қиын-қыстау кезде қазаққа қызмет етуден бас тартпаған алаш арыстанының өлшеусіз еңбегі еді. Және ол сәтті болды.
Қазақтың абызы атанған Әбіш Кекілбаев мұны өз естелігінде: «Әдебиетіміздің оқулықтарын былай қойғанда, математика, физика, география, табиғаттану оқулықтары қазақша қалай-қалай сайраушы еді?! Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, түбір, жалғау, жұрнақ, үстеу, зат есім, сан есім, сын есім, етістік, көсемше, есімше, шылау, одағай, нүкте, дәйекше, үтір, тырнақша, кеңістік, биіктік, жазықтық, көлбеу, тік бұрыш, сүйір бұрыш, доғал бұрыш, тежеліс, қозғалыс, үйкеліс, үдеу, оттегі, сутегі, көміртегі, қышқыл, сірке су, етқоректі, сүтқоректі, қосмекенді, тікенжапырақты, қылқанжапырақты, т.т. Шіркіндердің сөз саптастары қандай еді?! Санаңды кідіртер, тіліңді мүдіртер кедір-бұдырдан атымен ада еді ғой! Оқығаныңда, ойыңды елпілдетіп, ілгері жетелеп, қаралай қызықтырып, құнықтырып, тас бұлақтың суындай қайнап шығып, мөлдірей тұнып, өз-өзінен лақылдай төгіліп, асып-тасып жатушы еді-ау...». Сөйтсек, «оны қазақшалаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан секілді ұлт арыстары екен» дейді Әбіш ағам.
Мұның бәрі Ахаңдардың «сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп дабыл қағып, қайткен күнде де төл тілдің үздіксіз дамуына үлес қосып, ғылым-білімге икемді, жатық болуы үшін жасалған әрекеттері еді. Айналып келгенде, ұрпақ қазақша білім алсын дегенінен туған еңбек болатын. Бүгінгі кей ұрпағының қазақ тілі ғылымға жарамайды деп, асылдардың бар «еңбегін» ысырып тастап, өзге тілге мархабат дегені өкінтеді. Тек былтырғы жылдың өзінде 136 мың мектеп бітірген түлектің 90 мыңнан астамы қазақша, ал 40 мыңға жуығы орыс тілінде білім алған.
Ұлттық педагогиканың тірегі – ұлттық дәстүрде
Әр ұлттың мектеп бағдарламасында өз ерекшелігі бар. Ұлттық педагогиканың бір тармағы ұлттық дәстүрде. Оқуға дәстүрдің не қажеті бар деуі мүмкін? Керек. Себебі тарихын танып, мәдениетіне қанып,бабасын біліп, дәстүрінеқұрметпен қарап өскен ұрпақ жиған білімін де ұлттың өркендеу жолына жұмсамақ.
Мәселен, бүгінде ат көрсе, үркетін бала көбейді. Ал қазақ ат құлағында ойнап өскен даланың еркін ұландары емес пе?! Кез келген қазақтың баласы аттың жалына жармасып өскен. Бүгінде қыз баланы айтпағанда, ер балалардың өзі атқа қалай дұрыс отыруды білмейді. «Сайын дала – жылқының отаны. Далалықтар жаратылысынан ат құлағында ойнаған сарбаздар һәм ат әбзелдерін де ойлап табушылар» дейді француздың ғалымы Рене Груссе. Олай болса, балаға осыны кітаптан оқыта бермей, «тірілей» таныстырған жөн. Мектепке ұлттық дәстүрді танытатын осындай сабақ енгізілсе. Балаларды «ішке» қамап алмай, сыртқа шығарып, ат өнеріне баулысақ. Қолмен ұстап, көзбен көрсете отырып, ат әбзелдері, оның жасалу жолдарын көрсетсек. Қыз балаларды тігіншілік, тоқымашылық өнерге үйір қылып, бойындағы қызығушылықты оята алсақ. Мектеп те осыған ықпал етсе. Себебі бәрі де балаға үйретуден. Бүгінгі бала көп уақытын үйде емес, мектепте өткізеді. Қосымша сабақтары, қала берді үйірмелері, курстар...тағысын тағы.
Мәселен, әлемнің үздік білім жүйесіне енген Финляндияда оқушылар жазда, күзде мектепте отырмайды. Сабақтың бәрі табиғат аясында өтеді. Бір себебі, бала денсаулығын «тар кабинеттерден» ада ету болса, екінші себебі баланы барынша табиғатқа, қоршаған ортаға жақын өсіру. Бізге де осындай тәжірибе енгізілсе артық болмайды. Бұл туралы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан да «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде: «Жерді, ауаны, суды, жанды, жансыз өзімізді қамап алған затты тану тәжірибемен ғана болады. Бұ туралы тәжірибе көзбен көрген, қолмен ұстағаннан басталады. Ақыл зерек тексеріп, тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады... Тәжірибесіз білімде негіз де жоқ, бет те жоқ. Білім анасы тәжірибе! Баланы баулыған оқытушы білім үйретпек болса, жаттаманы талақ қылады да е әліппедей оқып, аты бәйгеден келіп, бүркіті түлкі алғандай қызыққа батады да қуанады. Бала оқуға күйі түскен қаршығадай түлеп ұшады» - дейді. Демек, білімнің анасы – тәжірибе.
Елбасының «Мәңгілік ел» иедясының негізінде Шығыс Қазақстан облысының бірнеше мектебінде «Қазақ халқының сәлт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты жаңа пән енгізілген. Пәннің мақсаты – ата дәстүрден алшақтамай, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға, елін жерін сүюге бағытталған. Осы бастаманы өзгелер де қолдаса. Себебі қанатқақты жоба сәтімен жүзеге асып, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан қолдауға ие болса, Білім және ғылым министрлігі бұл бастаманы республиканың өзге де білім ошақтарына енгізуді жоспарлаған көрінеді.
Кешегі Әлихан, Ахаңдар қалыптастырған мектеп жүйесіне қазақтың қанымен біте қайнасқан салт-дәстүрді дәріптейтін сабақтар енгізілсе, «жеті қазысын» түгендеп, «жеті атасын» білетін, саф алтындай дәстүріне берік, ұлттық құндылықтарын ойға орап құндақтайтын, білімде батыл, елге адал ұрпақтың бой түзері анық. Алты құрлықтағы алты миллиард адамзат тынымсыз алысып жатқан тұста қазақты өзгелерден дара ететін ұлттық бет-бейнесі ғана. Ол ұлттық дәстүрде.