Мектеп туризмі: Оқушыларды үлкен экспедиция күтіп тұр
2019 жылы өтетін Жастар жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар шараларды қолға алғалы отыр. Оның бірі - ел ішіндегі оқушылар үшін ұйымдастырылатын аймақтық экспедиция, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Қазақстан халқы Ассемблеясы еліміздің өңірлері бойынша бұқаралық мектеп туризмін қолға алады. «Өз жеріңді танып біл» жобасы аясында ҚХА республикалық-туристік «Ел тану» экспедициясын бастайды. Республикалық экспедиция жастар мен мектеп оқушыларының бір-бірінің аймақтарын аралау мазмұнында жүргізіледі», - деді ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко. Сонымен қатар, оның айтуынша, жастар арасындағы әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында Достық үйлерінің жанынан әскери-патриоттық клубтарды ашу ұсынылып отыр. «Елбасының бастамаларын ақпараттық тұрғыда уақтылы әрі жүйелі түрде қолдау үшін Қазақстан халқы Ассемблеясы «Жаңғыру елшілері» жобасын жүзеге асырады. Оның пулына әртүрлі салалардың үздік өкілдері енеді», - дейді Леонид Прокопенко.