» » » Қуақы жездемнің әңгімесі

Қуақы жездемнің әңгімесі

  Ілмешек апайдың әуені
«Мен Алдармын, Алдармын,
Сақалымды талдармын» деген ескі әуенді жақында автобустардың бірінен естідім. Шопыр жігіт музыканың бар дауысын шығарып, жолаушыларды елең еткізді. Ырғалып-жырғалған көліктің ішінде мен танитын Ілмешек апай да жайлы орынға жайғасқан екен. Мені көре сала:
– Мен Алдармын, Алдармын,
Сақал да жоқ, мұрт та жоқ,
Қай жерімді талдармын? – демесі бар ма? Өзі күлекеш әрі әзілкеш апай сылқ-сылқ етіп күледі. Өлең айтқанда, білегін сыбанып жіберіп, ескі өлеңдерден бастап қазіргі, өз тілімен айтқанда «собремен», әуендерді бірінен соң бірін ағызады. Қинасаң екі ауыз өлеңді ойдан шығарып жіберетін қабілеті де бар. Бүгін сонысына салып отыр екен:
– Саламатсыз ба, апай? Жай-күйіңіз қалай?
– Ой, несін айтасың? Настроение деген апаңда ұрып тұр ғой. Мына шопыр бала «Алдаркөсені» біліп қойып отыр. О заманда тек Алдаркөсе ғана елді алдаса, бұ заманда бәріміз Алдаркөсе болып кеттік. Алдаркөсенің ұрпағы емеспіз бе? Басшың да алдайды, қосшың да алдайды. Үкіметің өтірікші, әкімің суайт болған соң кімге сенерсің?
– Апа-ау, қаттырақ сілтеп жіберген жоқсыз ба? «Үй сыртында кісі бар» деген былай тұрсын, жұрттың көзін бақырайтып қойып соғып отырсыз.
– Е-е, бұлар білмейді дейсің бе? Менен артық біледі. Мен тек бер жағындағысын қозғап, лепіріп отырғаным ғой. Саспа, бала, сен де өтірік айтушының біреуісің.
Мен Алдармын, Алдармын,
Шалымды да алдадым.
Баламды да алдадым.
Үлкенді де алдадым.
Кішіні де алдадым.
Алдамаған жан қалмады...
– Апа, өзіңіз таза өтірікші екенсіз ғой.
– Мені өтірікші еткен – Үкімет. «Зейнетақыңа пәленбай процент ақша қосамын» дейді де, тиын-тебен қосып алдайды. «Баға тұрақты болады» дейді де, көтеріп жіберіп, тағы алдайды. Ең аяғы «бала туыңдар, ақшаның астына қалдырамыз, 21 мың теңге береміз» деп тағы алдайды. Ал, базардағы ең қымбат дүние – балалардікі. Өзің білесің, қазір «керемет үй салдым» деп, ипотекаға пәтер береді. Ішіне бір миллион жөндеу жұмысын жүргізуің керек. Бір-бірін алдап жатқан заман. Соның ішінде қазаққа – Алдаркөсенің ұрпағына еш нәрсе шақ келмей тұр. Ет жеуден қасқырдан озсақ, алдаудан түлкіден асып кеттік. Жеріміздің астынан мұнай атқылап, газы пышылдап шығып жатса да, аузымыздан ақ май ағып жатқаны шамалы. Жан-жағым өтірікке тұнып тұрған соң, мен олардан асып қайда барамын? Сондықтан мені «өтірікші» деп тілдеме, айтарыңды қоғамға, қоғамның тұтқасын ұстап отырған дөкейлерге айт.
– Базарға келдік.
Автобус кілт тоқтады. Есікке ұмтылғандардың арасында Ілмешек апай да бар еді. Түсіп жатып:
– Базарың да өтірікке тұнған. Сатушыларың алдап, келіден жейді, затын өтірік мақтап, алмасыңа қоймай, сатып жібереді.
Мен Алдармын, Алдармын,
Бәріңді де алдаймын.
Өтірікті айтқанда,
Ешкімнен кем қалмаймын.
Қой, кеттім. Аузың аңқиып, алданып қалма, бала, тек алдай біл, арбай біл. Сонда ғана бұл заманда өмір сүре аласың. Солай, Алдаркөсенің ұрпағы!
Қуақы жездемнің әңгімесі
Сәуір айының бірі жақындады дегенше Айдар жездемде тыным болмайды. Қуақыланып, құтырынып шыға келеді. Оның екі себебі бар. Біріншісі, сәуірдің бірі – туған күні, екінші себебін өзі айтудан жалыққан емес.
– Алдар көсе – менің түп бабам. Атым да ұқсайды, затым да ұқсайды, – деп, көпіретінін қайтерсің. Жеті атасын әріден тарқатып, басын Алдар көсеге апарып тірейді. Сөйтеді-дағы болмағанды болдырып, болған оқиғаны асырып, өтірікті шындай, әйелді қыздай етіп баяндап, жұртты күлкіге қарық қылып жүргені.
Биыл да бірдеңені бықсытып, соғып отырғанының үстінен түстім. Өтірік айтқан сайын жаны кіріп, бетіне қаны теуіп, бұжыр беті бозғылт түске айналып, шырайланып шыға келді. Құдды әкімдердің ел алдында өтірік есеп беріп тұрғанындай кейіп танытады.
Әкім демекші, өткенде біздің әкімнің есебін ұйықтап қалмай тыңдаған жан болса біледі, әй, беті бүлк етпеді-ау жарықтықтың. Оларға күнде 1 сәуір сияқты, халыққа басын шұлғытып қойы-е-еп, соғып тұр. Бір жағынан ол да дұрыс сияқты, әкімнің сөзінен кейін өмірге деген құштарлығың артады. Еш проблема жоқ, жан-жағың жайқалып, жайнап тұр, базардың бағасы төмен, тіпті кейбір заттарын тегін беріп жіберетіндей. Дағдарыстың өзі дағдарып, безіп кеткендей сезінесің. Осыдан кейін әкімнің қолын қайта-қайта қысып, құшақтағың келіп тұрады екен. Оның да Алдар көсемен гендік жағынан шатысы бар-ау шамасы.
Жарайды, оны қойшы, Айдар жездемнің әңгімесіне келейік:
– Мен жылдың басында Үкіметке хат жаздым, – деді ол беті бүлк етпестен. – Ауылдың жағдайын жіпке тіздім. Кәсіпкерлерге жасап отырған қамқорлығына рақметімді айттым. Көп балалы аналарға аса қамқорлық керек екенін, сондықтан менің бабам Алдар көсенің құрметіне орай жәрдемақыларын 1 сәуірден бастап 21 мың теңгеге көбейтуін сұрадым.
Көзіміз бақырайып, сөзіне сенгеннен басқа амалымыз қалмады. Расында, олардың жәрдемақысы сәуірдің бірінен бастап көбейтіледі. Сонда да күдіктеніп:
– 1 сәуір – алдау күні. Өтірік болып жүрмей ме? – дей қойып едім, жездем кәдімгідей ашулансын:
– Мені кім деп жүрсіңдер?! Мен заманында елдің қамын ойлаған Алдар көсенің ұрпағымын. Менің сөзім ешқашан жерде қалған емес! Керек десеңдер, Президент сайлауын 1 сәуірде өткізіп жіберем, ал, – деп бөсті.
Жым болдық. «Сонда жәрдемақының көбеюіне жездемнің қатысы болғаны ғой» деп қуандық, жездемізді мақтан тұттық. «Ондай жезде жер жүзінде екеу болса, соның бірі – менің жездем, ал біреу болса, ол жездемнің нақ өзі», – дедім лепіріп. Жездем мәз, терлеп-тепшіп, мұрны пысылдап, орнынан тұрды да, кетіп қалды.
Ой, жарықтық десейші, бұл заманда кімге сенеріңді білмейсің. Әкім де алдайды, жездем де алдайды. Ең құрығанда сәуірдің бірінде шын сөз айтса екен... Бәрібір сенбейміз ғой. Хи-хи-хи!

Көбегеннің Нұрланы
29 наурыз 2019 ж. 999 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031