МЕН СҮЙГЕН МАМАНДЫҚ
Бала кезімде « Сен өскенде кім боласың?» деген сұраққа әр түрлі жауап беретінмін. Адамның арманында шек бар ма? Балғын балалық шақтың қиялымен көптеген мамандықты айтып мәз болатынмын. Дегенмен адамның өзіне ең жақын үлгі тұтатын адамы болады. Ол – менің әкем. Әкемнің қолына қара папкасын алып мектепке барғаны, үй шаруасында да әрбір ісін тиянақты атқарып, орнымен сөйлеуі мен үшін өнеге болатын.
Мектеп табалдырығын аттап оқу мен жазудың сырын үйрендім. Білімнің әр қырына баулып, еркелігімді көтере білген ұстаздың бойындағы қасиеттері мені тәнті етті. Көзді ашып-жұмғанша мектеп бітіретін кез де таяп қалды. Осы сәттерде әкем: «Балам ауылымыз шағын. Бұл жерде сен армандаған мамандықтың бәрі табыла бермейді. Әрі менің қол қанатым өзіңсің ғой. Сондықтан әкеңнің тілін алып, ақылын тыңдасаң мұғалім бол, балам!» − деп жиі айтатын. Мектеп бітіріп әкемнің аманатын арқалап оқуға кеттім.
Әрбір адам өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана өзін бақытты сезінеді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаз емес пе? Ұстаз − таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің кең даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз − мамандық иелерінің ішіндегі жауһары.
2008-2009 оқу жылынан бастап «Құмбазар» елді мекеніндегі өзім түлеп ұшқан №200 жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздық жолымды жалғастырып келемін. Мамандығыма сай 1-сынып оқушыларына сынып жетекші болып тағайындалдым. Алғаш рет сынып партасында отырған оқушылардан «ағай» деген сөзді естігенде ұстаз екендігімді сезіндім. Сол кезде мен алдымда егеменді еліміздің ертеңгі ұрпағының отырғанын, өзіме артылған жүктің жеңіл еместігін ұқтым. Осы ретте мен «Мен жақсы ұстаз боламын, осы шәкірттерімнің жақсы білім алуы үшін бар күшімді салып, ертеңгі күні осы шәкірттеріммен мақтанамын» деген ойға келдім.
Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке жақындағаннан оқушыларымның «ағай, ағай келе жатыр!» деп қуанып жүгіргендерін көріп өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен шаттанамын. Балалардың әр күні менің көз алдымда. Бірі момын болса, бірі еркелеу, бірі үйдің кенжесі. Әр оқушыны көпшілікке үйретіп тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпады. Қазіргі таңда әкемнің ақылын тыңдап, аманатын орындап мұғалім болғаныма өкінбеймін. Әке аманатын арқалап, ұлының ұстаз болып жүргендігін әкем көргенде ғой деген бір ғана өкініш бар.
Төребек ТӨРЕМҰРАТҰЛЫ,
Арал ауданы,
Құмбазар елді мекені,
№200 орта мектебінің мұғалімі.