Мінсіздік феномені
Қоғамның қазіргі даму жағдайы мен әлеуметтік масштабтағы трансформациялар аясында бүгіннің тұлғасы сапалық та, сандық та өзгерістерді өткеріп отыр. Олардың бірегейі – үздіксіз дамуға деген талпыныс пен өзін-өзі идеализациялауға ұмтылысы. Сәйкесінше, қоғамдық өмірдің барлық саласында жетістікке жету қалауы өзіндік жеке қажеттіліктерді замауи қоғам талаптарына сәйкестендіруге жол салады. Ғылыми тілде бұл, яғни үздіксіз даму мен өзін мінсіздендіруге деген ұмтылыс перфекционизм деп аталады.
Соңғы онжылдық ішінде перфекционизм феномені әлемдік клиникалық психологияның нысаны мен эмпирикалық зерттеулердің пәніне айналып отыр. Әйтсе де, бұл реттегі теоретикалық ізденістер өткен ғасырдың ортасынан басталған. Алғашқысы Американың әлеуметтік психоаналитигі әрі психологы Карен Хорниге тиесілі. Кей ғалымдар перфекционизмді тұлғалық қасиет деп санаса, енді бірі мінез-құлық стратегиясы деген ойға негізделеді. Қалай болғанда да, перфекционистер өзіне де, өзгеге де аса талапшыл келуімен ерекшеленеді.
Кез келген күрделі психологиялық құбылыс сынды бұл көпқырлы феномен өз артықшылығы мен кемшілігіне ие. Оң тұстарын тізбектер болсақ, перфекционистер өзіне сын көзбен қарай алатын, талапшыл, үнемі тұлғалық даму үстінде жүретін, өзіндік қабілеттерін ұдайы шыңдаумен айналысатын, атақ пен даңққа, құрмет пен абыройға лайық, көп жетістікке ие еңбекқор тұлғалар болып келеді. Барлығы емес, әрине. Бірақ перфекционизмнің орынды жүзеге асқан формасы осындай.
Алайда, мінсіздікке деген ұмтылыс психикалық аурулар мен ауытқулардың қаупін тудырып, адам әрекетінің өнімділігін төмендетеді. Әсіресе, депрессия, үздіксіз үрей, мазасыздық, тамақтану үрдісінің бұзылуы сынды аффективті бағыттағы ауытқуларға шалдығудың ықтималдылығы артады.
Перфекционизм адам өмірінің бір немесе бірнеше саласында белең алып жатады. Кейде тіпті өмір салтына айналуы мүмкін. Қалай болғанда да, перфекционист мүмкін еместі, әйтпесе мінсіз нәтижені талап етуге дағдыланған адам. Перфекционизмнің ең қауіпті патологиялық формасы тіпті психологиялық мүгедектікке алып келуі мүмкін. Оған шалдыққан адам алдындағы міндетті өз ойындағыдай мінсіз етіп орындай алмасын біліп, оған тіпті кіріспейді де. Жоба кейінге ысырылғандықтан, ол үшін өзін жегідей жеп, негативті ойларының құрбанына айналады. Сәйкесінше, жұмыс нәтижесін өзінен одан әрі алшақтатады. Мұның салдары адамның кез келген мақсат-міндетті орындамастан, бірден беріле салуды әдетке айналдыруына алып келеді. Жоспар көп, ал нәтиже жоқ болуы сондықтан.
Үнемі идеал болуға ұмтылудың өмір сүруге бөгет екендігін түсіндіретін екі теория бар. Біріншісі классикалық психоанализ біліміне негізделеді. Жоғарыда есімі аталған Карен Хорни мен Хайнц Кохут, сондай-ақ өзге де зерттеушілердің ойынша, перфекционизм ата-аналардың бала туралы дұрыс емес түсінігінен туады. Олар перзентін оның қате жасамастан үнемі дұрыс әрекет етуіне байланысты жақсы көреді. Ал бала, қай жасында болмасын қателесетінін ескерсек, ол сәтсіздік пен ата-ана тарапынан оның қай қылығын болмасын жаратпай тастауына ұшырайды. Ата-ана махаббаты маңызды болғандықтан, бала мінсіз болуға ұмтыла береді. Ал мінсіздік асылында мүмкін емес. Перфекционизм деп аталатын мінез-құлық стратегиясы, міне, осылай туындайды.
Екінші теория нейропсихология біліміне негізделеді. Ерік процестерінің зерттеушісі Келли Макгонигал перфекционизм бастың ми қабығының кей ерекшеліктеріне тікелей тәуелді деп санайды. Адам өзін әлденені мінсіз етіп орындауға мәжбүрлегенде, ол әрекетінен еш ләззат алмайды. Себебі өзін үнемі қатал бақылауда ұстайды. Ерік пен ойлауға жауап беретін мидың жаңа бөлімдері ләззат пен эмоцияға жауапты ежелгі миды жоюға, басып тастауға айналады. Салдарынан адам өзін тығырыққа тіреп, процестен ләззат ала алмай қалады.
Егер перфекционизм қолайсыздық тудырып, сапалы өмір сүруге бөгет жасаса, арнайы маманның көмегі қажет. Оны жанама немесе тікелей алудың мүмкіндігі бар. Жанама түрін ұят, ерік-жігер, шығармашылық тығырық сындылармен жұмыс істеуге арналған кітаптар мен оқу құралдары береді. Тікелей көмекті психотерапевт немесе психолог-консультант көрсете алады. Өз кезегінде, шамадан тыс ұяттылықпен де, тым қатал өзін-өзі бақылаумен де, өмірге деген жабырқау талғаммен де маман жұмыс істейді. Психотерапиялық мектептер саны өте көп: гештальт-амал, когнитивтік-қылықтық терапия, классикалық психоанализ, арт-амалдар және басқалар.
«Өз тарапымнан не істей аламын?» деген сауалға салынсаңыз, келесі кеңестерді қолданған жөн.
1. Өзіңізді әу бастан таңбаламаңыз. Болмысыңызды перфекционист деп үзілді-кесілді атамас бұрын, «кейде перфекционизмге бейіммін» деген дұрыс. Бұл арқылы сіз өзіңізге өзгеше әрекет жасауға рұқсат бересіз.
2. Перфекционизмнің сізге бөгет жасайтынын мойындаңыз. Өмірдің бір саласына өзіңді түбегейлі арнау өзге салалардың құлдырауына алып келеді. Сол үшін де перфекционистер керекті дүниелерді мінсіздік соңынан қуып, жасамастан жүріп алады, әйтпесе, тым кеш орындайды.
3. Өзіңізді шектеңіз. Перфекционист «мінсіз» нәтиже көрсетпейінше, міндетті орындау уақытын ұзарта береді. Сол үшін әр ойластырған ісіңізге дедлайн, яки орындап аяқтау мерзімін қойып үйренген жөн. Дәл осы кеңес көп перфекциониске көмектескен. Олар қайсыбір нәрсенің мінсіздігі мен еріншектік пен немқұрайлылық екеуі мүлдем екі басқа нәрсе екенін түсінді.
4. Саналылықты жаттықтырыңыз. Ол үшін медитация, йога сынды практикаларға жүгінсеңіз болады. Саналылық мінсіздік соңынан қуа беруді тоқтатып, бір сәт кідіріп, өмірге деген қызығушылықты қайтарудың бірден-бір жолы саналады.
Жұмағали Гүлзат,
Қызылорда облыстық оқу орталығының әдіскері